русский язык
Футбол

Сәтті бастама. Дарабаев «Қайратқа» жеңіс сыйлады

Сәтті бастама. Дарабаев «Қайратқа» жеңіс сыйлады

Сегіз жылдық үзілістен кейін еурокубок Алматыға қайта оралды. Еурододаны сағынған жанкүйерлер «Қайратыңды көрсет. Көкесін таныт!» деген ұранмен өз футболшыларын алға жетеледі.    

Владимир Вайсс шәкірттері алғашқы бес минут ішінде «Кукеси» қақпашысын екі рет мазалады. Алдымен Исаэл он жеті метрден қақпа маңдайшасын тексеріп көрсе, артынша тағы бір жаңа ойыншы Жерар Гоу ұрымтал сәтте соққы жасады. Алайда доп қақпа бағанасынан санаулы сантиметрлерден өтті. Мұндайды күтпеген албаниялықтар абдырып қалғандай. Алаңда емін-еркін сезінген «Қайрат» қарсыласқа өз ойын мәнерін таңды. 15-минутта Бауыржан Исламхан сол қанатпен сытылып өтіп, Жерарға әуелетіп пас асырған. Орта жолда допты «Кукеси» қорғаушысы қолмен тоқтатқандай көрінді бізге. Бірақ төрешінің ысқырығы үнсіз. Асығыстық танытып, қателік жіберіп алмауға тырысқан алматылықтар жаймен өз ойынын жүргізді. Жарты сағат ішінде үш-ақ рет шабуылдаған қонақтар 31-минутта ғана алғашқы қауіпті соққысын жасады. Бауыржан Исламханның пасынан Исаэл қақпаны нысанаға алды, алайда доп сәл қиыс кетті. «Қайрат» ойыншылары қанша шабуылдаса да, оңтайлы сәттерден нәтиже шығарып, соңына дейін жеткізе алмай әлек. 44-минутта орталық шеппен жеке дара екі ойыншыны алдап өткен Исламханға қарсы ойын ережесі бұзылды. Команда капитаны Самат Смақов айып добын сәтсіз орындады. Қырық бес минут сыйлыққа өтіп, командалар үзіліске тең тарқасты.     

 

 

Үзілістен кейін де бірінші таймның «сценарийі» жалғасын тапты. Алаң иелері допқа иелік етіп, бірінші нөмірмен ойнаса, қонақтар қарымта шабуылдарға иек артты. Алматылықтардың қорғаныстағы қателігі үшін «Кукеси» ойыншылары жазалай жаздады. Алыстан тоғыздықты көздеген Соколь Цикалешидің добы қақпа маңдайшасынан қайтты. Он бір ойыншымен қорғаныста жатып алған қонақтар не өзі ойнамады, не «Қайратты» ойнатпады. Таймның орта беліне жеткеннен-ақ «Кукеси» ойыншылары жарақаттарын сылтауратып уақыт соза бастады. Матч аяқталар тұста «Қайрат» ойыншылары қарсыластарын жарты алаңдарында тықсырып тастады. Өкінішке қарай, айып алаңына асырылған пастардың бір де бірін түйіндетін футболшы болмады. Ойынның 89-минутында Кнежевич оң қапталдан бұрыштама добын көтерді, қақпа алдындағы қарбаласта ойынға тыңнан қосылған Аслан Дарабаев допты әупірімдеп жүріп, итеріп кіргізді.  Бұл жеңіс голы еді. Тура бір аптадан кейін «Қайрат» жауапты ойынын өткізеді.

«Қайрат» – «Кукеси» 1:0 (0:0)

Голдар: Дарабаев 89

Қайрат: Хомич, Кислицын, Гурман, Михалик (Байтана 81), Плиев, Сымақов, Бакаев, Исламхан, да Силва (Кнежевич 66), Едигарян (Дарабаев 66), Гоу.

Кукеси: Халилай, Смайляй, Душкай, Халлачи, Бицай, Аллмуча (Джефферсон 19), Мусолли, Шамети, Ходжа, Луштаку (Периклес 85), Цикалеши. 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;