русский язык
Футбол

«Қайрат»: Еуропаға оралу

«Қайрат»: Еуропаға оралу

Осы аптада үш қазақстандық клуб Еуропа лигасындағы «жорығын» бастайды. Бірінші раундта мамандар үш команданың да мүмкіндігін жоғары бағалап отыр. «Астана», «Шахтер» мен «Қайрат» армениялық және албаниялық қарсыластарына қарағанда мықтырақ көрінеді. Алайда, бүгін біз Еуропада сегіз жыл ойнамаған алматылық команда туралы ой толғамақшымыз. «Қайраттың» трансфер уақытындағы белсенділігіне қарағанда, биыл олар жетістіктен дәмелі көрінеді.

Вайсспенен алғаш кездесуді еске ала отырып

Чемпиондар лигасы мен УЕФА Кубогында «Қайрат» көп ойнаған жоқ, бірақ үш рет еуротурнирдің топтық кезеңіне өтуге талпынды. Ең есте қалары – алматылықтардың словакиялық «Артмедияға» қарсы кездесуі. Сол кездегі братиславалық ұжымның тізгінін қазақстандық клубтың қазіргі бапкері Владимир Вайсс ұстағаны жанкүйерлердің есінде шығар. Өкінішке қарай, екі матчтан тұратын кездесуде келесі кезеңге өтуге жақын тұрған «Қайраттың» қосымша уақыт аяқталар тұста төрешілердің қателігінен гол жіберіп алғанын да ұмыту мүмкін емес. Араға жыл салып «халық командасы» еуропалық саяхатын жалғастырған, алайда жолымызды венгриялық «Фехервар» кесіп кетті. Қос кездесудің қорытындысы бойынша тең нәтиже тіркелгенімен, алматылықтар өз алаңына гол жіберіп алғанғандықтан турнирді ерте аяқтады.

Сол кезден бері «Қайрат» түбегейлі өзгерді. Облыстық немесе қалалық бюджетке тәуелсіз еліміздің алғашқы клубы атанды. Команданы «КазРосГаз» компаниясы қаржыландырады. Ал бұл тарихи өзгеріс көп ұзамай өз жемісін берді. Былтыр ғана «Қайраттың» тізгінін ұстаған Владимир Вайсс алғашқы маусымында-ақ командаға чемпионаттың қола жүлдесін алып берді. Ал клубтың спорттық директоры голландиялық маман Патрик ван Лиувен басқаратын команданың селекциялық бөлімі біздің өлшем бойынша қымбат легионерлер мен болашағы зор қазақстандық жас футболшыларды «Қайрат» туының астына жинай бастады.

«Қайраттың» жұлдызды сәті 

Жастық пен тәжірибенің әдемі үйлесімін бүгінгі «Қайраттан» байқауға болады. Үш маусым бойы команданы әр түрлі мемлекеттің легионерлері толтырды: Словакия, Хорватия, Армения, Гамбия, Бразилия, Испания және тағысын тағылар. Ел чемпионатында қазақ футболының жас буын өкілдері: Бауыржан Исламхан, Аслан Дарабаев, Ермек Қуантаев сынды жас ойыншылар жарқын өнер көрсетіп жүр.

Еуропа лигасының топтық кезеңіне өту үшін «Қайратқа» білікті футболшылар шақырылды. Олардың ішінде, каталониялық «Барселонаның» түлегі, ресейлік Премьер-лигада өнер көрсететін «Краснодардың», бразилиялық «А» сериясының, Кот-Д`Ивуар олимпиадалық құрамасының бұрынғы ойыншылары және Қазақстан жастар құрамасының өкілдері бар.   

УЕФА Еуропа лигасының бірінші кезеңіндегі «Қайраттың» қарсыласы албаниялық «Кукесиге» келетін болсақ, олар соңғы жылдардағы алматылық клубқа қатты ұқсайды. 2010 жылы албаниялық команданың аты өзгеріп, мықты демеушілер тапты. Осыдан кейін бұл ұжым мықты ойыншылармен күшейді. Ұлттық чемпионаттың екінші лигасында ұзақ ойнаған «Кукеси» 2011 жылы-ақ албаниялық футболдың жоғары дивизионына жолдама алды. Соңғы үш жылда бұл команданың тасы өрге домалады. Өткен маусымда «Кукеси» топтық кезеңге бір қадам қалғанда түркиялық «Трабзанспорға» турнирдің плей-офф кезеңінде жол берді.

Енді, міне, осы команда еуродода саяхатын жалғастыру үшін біздің «Қайратпен» бақталасып көрмек. Алғашқы матч 3 маусымда Астана уақытымен 20:00-де Алматыда өтеді. Кәрі құрлықтың ірі турнирлерін жанкүйерлер өз көзімен көріп, Орталық стадионды толтырады деп сенеміз. 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;