русский язык

ӘЧ-2014. Родригес Колумбия құрамасын ширекфиналға алып шықты

ӘЧ-2014. Родригес Колумбия құрамасын ширекфиналға алып шықты

Әлем чемпионатының 1/8 финалында әзірше қарсылас шақ келтірмей келе жатқан Колумбия құрамасы мен топтан қиындықпен шыққан Уругвай командасы күш сынасты.

Драмаға толы Бразилия –Чили матчынан кейін бұл кездесуден жанкүйерлердің күткені мол еді. Сондықтан, қос команда да ойынды белсенді бастады. Колумбиялықтар алдыңғы шепте басымдықты қолға алып, бірден іске кірісті. Ал Луис Суарессіз қалған уругвайлықтарға алғашқы минуттарды қорғаныспен өткізуге тура келді. Қақпаға жасалған алғашқы қауіпті шабуылды номиналды қонақтар ұйымдастырды. Айып добынан кейін нүктеге келген Хамес Родригес жойқын соққы жасады. Қақпашы орнынан табылды. 12-минутқа таман Хуан Суньига алыстан Фернандо Муслераның қырағылығын тағы бір сынап өтті. Фернандо допты бірден ұстамай, сенімсіз ойнағанымен, қауіптің бетін қайтара алды. Хосе Нестор Пекерман шәкірттері допқа иелік етіп, қарсыласының қорғанысын бұзып жаруға тырысты. Алайда «Чарруа» сауатты ойнап, қарсыласының еркін көсілуіне мүмкіндік бермеді.

28-минутта колумбиялықтар Муслера қақпасынан саңлау тапты. Хамес Родригес әріптесі асырған пасты кеудесімен тоқтатып алып, допты жерге түсірмей, бірден соққы бағыттады. «Бразуканы» кері қайтаруға қақпашының ешқандай мүмкіндігі болған жоқ. Бұл голдан кейін уругвайлықтардың ойынына жан біте бастады. Себебі Оскар Табарес шәкірттері кері қайтар жоқ жоқ екенін түсінеді. Эдинсон Кавани шабуыл шебінде қанша белсенді болғанымен, қолдау көрсетер ұрымтал шабуылшы болғанжоқ. Ардагер Диего Форлан Давид Оспина иелігіне анау айтарлықтай қауіп төндіре алмады. Уругвайлықтар таразы басын теңестіретін мүмкіндікке 39-минутта ие болды. Айып алаңына енер тұста Альваро Гансолес жойқын соққы бағыттады. Алайда Оспина керіле секіріп, допты кері қайтарды. Бұдан бөлек қос команда да бірінші таймда ауыз толтырып айтарлықтай шабуыл ұйымдастырмады.

Екінші тайм номиналды алаң иелерінің басымдығымен басталды. 50-минутта айып алаңына асырылған допты Куардадо басымен Родригеске қалдырды, колумбиялық сұрмерген мүлт кеткен жоқ. Бұл голдан кейін Табарес алаңға тыңнан екі ойыншысын жіберіп, кездесудің тағдырын өзгертуге тырысты. Ал «Кофешілер» қос голдан кейін де тоқтап қалғысы келмеді. Куадрадо мен Родригес дуэті қарсыласының қорғанысын жиі мазалады. Уругвайлық Кристиан Родригес те қарсыласының қақпасынан саңлау табуға тырысты. Алыстан оң қапталдағы бұрышты көздеген Уругвайлық 7-ші нөмірдің көзге түсуіне Оспина кедергі болды.

Ойынның орта белінде номиналды қонақтар басымдықты өз қолдарына алып, есеп айырмасын қысқартуға ұмтылды. Ал колумбиялықтар қорғаныста қысымды күшейтіп, мығым ойнады. 79-минутта Максимилиано Перейра ұрымтал тұсқа шығып, қақпашымен бірге-бір қалған болатын. Алайда қорғаушы Перейраға шабуылшының қабілеті жетіспеді. Қақпашы Оспина допты оның аяғынан алып шықты. 84-минутта Кавани айып алаңынан тыс жерде қақпаға соққы бағыттады. Оспина тағы да сыр берген жоқ.

Сонымен екінші таймның соңғы минуттарында уругвайлықтар қанша белсенді ойнағанымен, қарсыласының қақпасынан саңлау таба алмай-ақ қойды. Осылайша Колумбия құрамасы ширекфиналға шықты. Ал төрт жыл бұрынғы әлем біріншілігінде жартылай финалға шыққан Уругвай биыл доданы ерте аяқтауға мәжбүр болды.

Колумбия – Уругвай 2:0 (1:0)

Голдар: 1:0 – Родригес 28, 2:0 - Родригес 50

Колумбия: Оспина, Суньига, Сапата, Йепес, Армеро, Куадрадо (Гуарин 81), Агилар, Санчес, Родригес (Рамос 85), Гутьеррес (Мехия 68), Мартинес.

Уругвай: Муслера, Касарес, Хименес, Годин, А. Перейра (Рамирес 53), М. Перейра, Гонсалес (Эрнандес 67), Риос, Родригес, Кавани, Форлан (Стуани 53).

Ескертулер: Армеро 79Хименес 55, Лугано 78

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;