русский язык

ӘЧ – 2014. Аргентина мен Нигерия келесі кезеңде

ӘЧ – 2014. Аргентина мен Нигерия келесі кезеңде

Әлем чемпионатының «Ғ» тобында өнер көрсететін Нигерия мен Аргентина құрамасы өзара кездесіп, кім мықтыны анықтап көрді.

Алғашқы 5 минут тосынсыйға толы болды. Қос құрама алма кезек голмен алмасты.

Таблодағы есепті Лионель Месси ашты.

Қарымта шабуылға шыққан нигериялықтар нәтижелі қайтты. Ортада доппен жүгірген Эмменике сол қапталда бос жүгіріп бара жатқан Мұсаға пас шығарды. Ахмед бір қимылмен алдында тұрған қорғаушыны қапы қалдырып, қақпаның алыс бұрышын дәл көздеді. Осылайша Стивен Кеши шәкірттері таразы басын теңестіріп кетті.

Енді аргентиналықтар алға ұмтылды. Ди Мария айып алаңының сыртынан жойқын соққы жасады, Эньема сыр бермеді.

Шабуылға белсендірек араласқан Игуан Мессидің пасын пайдалана алмады. Команда капитаны Игуаинді қақпашымен жеке шығарғанымен, Нигерия қақпашысы қақпасын голдан аман сақтап қалды.

Мессидің орындаған айыпдобына бірінші болып жеткен Гаго Эньеманың тағы да қыралығын тексеріп көрді.

Алғашқы таймның екінші он бес минуттығында қос команда сәл бәсеңсіп қалды. Нигерия құрамасының ойыншысы Одемвинги алыстан қақпаға соққы бағыттады, алайда оған дәлдік жетіспеді.

Аргентиналықтардың осы ойындағы ең белсенді футболшысы Ди Мария қақпаның төменгі алыс бұрышын дәл көздегенімен, Эньема өз орнында.

Сабелья шәкірттері қысқа пас алмасып шабуылға шықты. Бірақ басым бөлігінде доп тек қорғаушылардың аяғынан табылы отырды.

Месси 30 метрден тепкен айып добын Эньема қиындықпен шығарып алды. Әлемнің үздік футболшысы мұндай стандартты жағдайдан мүлт кетпейтін еді, алайда бұл жолы сәл сәттілік жетіспеді.

Месси келесі мүмкіндігін қалт қалдырмады, тағы да айып добын орындауға келген Лео допты иіре қақпаның тоғыздығына бүлк еткізді. Сөйтіп Месси екінші голын соғып, аргентиналықтар демалысқа бір доп басымдықпен шықты.

 

 

 

Екінші таймға аргентиналықтар басымдықты еселеу үшін шықса, нигериялықтар таразы басын теңестіру үшін барын салды. Аргентина құрамасының қорғаушылары қателесіп, Мұсаны өздері қақпашымен жеке дара шығарып берді. Ал Ахмед өз мүмкіндігін мүлт кетірмеді.

Алайда Нигерия жанкүйерлерінің қуанышы ұзаққа бармады. Қарымта шабуылға шыққан Аргентина құрамасы бұрыштама добын сәтті пайдаланды. Месси әуелетіп көтерген допты Рохо тізесімен қақпаға бағыттады, Эньема тек көзімен шығарып салды допты.

Месси кезекті мәрте Игуинді қақпашымен жеке шығарғанмен, соңғысы тағыда Нигерия қақпашысынан айласын асыра алмады.

Сол қапталдан Ди Мария қақпа маңында тұрған Лавессиге әуелетіп пас шығарды. Лавесси өз кезегінде соққы жасағанымен, Эньема шеберлік танытты.

Матчтың соңғы минуттарда Нигерия құрамасы ойын басымдығын өзіне алды, ал аргентиналықтар қарымта шабуылдармен жауап қайтарып отырды.

Осындай қауіпті шабуылдың бірінде Ди Мария қақпашымен жеке дара шыққан мүмкіндігін пайдалана алмады.

Нигериялық Эмброуз оң қапталда екі қорғаушыны өтіп, барып соққы жасады. Оның добы қақпа торын бүлке еткізді, бірақ сыртынан.

 

Нигерия  – Аргентина 2:3 (1:2)

Голдар: Месси (0:1), Мұса (1:1), Месси (1:2), Мұса (2:2), Рохо (2:3)

Бас төреші: Никола Риццоли

Қосалқы төрешілер: Ренато Фаверани, Андреа Стефани

25.06.2014 22:00 Бейра-Рио стадионы

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;