русский язык
Футбол

Тәжікстан «Президент кубогын» жеңіспен бастады

Тәжікстан «Президент кубогын» жеңіспен бастады

«Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы» додасындағы алғашқы ойынын Тәжікстан құрамасы жеңіспен бастады.

Бұл күндері елордамыздың «Астана-Арена» стадионында өтіп жатқан турнирдің тұсаукесер кездесуінде Мирожиддин Холов шәкірттері әзірбайжандық жастарды 2:1 есебімен жеңді. Айта кету керек, қарсыластарына қарағанда қарқындары күшті болған тәжіктер ойын тізгінін толығымен өз бақылауларында ұстады.

Кездесудің басын өте белсенді бастап, қарсылас қақпасына бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырған тәжіктерде гол соғатын мүмкіндіктер болған. Бірақ одан кейін ойын тізгіні әзірбайжандықтардың қолына өтіп, Каспий теңізінің арғы жағалауындағы елдің футболшылары Хайриев қақпасын торуылдай бастады. Әсіресе Азизов белсенді еді. Алдымен өзі тәжік қақпасына бірнеше соққа жұмсады. Артынша, әріптестеріне әдемі пас шығарумен болды. Алайда, командаластары Азизовтың шабуылдарын соңына дейін жеткізе алмады.

Бірінші таймның тартысты болғанына қарамастан есеп тек үзілістен кейін ғана ашылды. Әзірбайжандықтар өз айып алаңында ойын ережесін бұзып, бас төреші ойланбастан қолын созып нүктеге жүгірді. Пенальтиді Мухаммаджан Шәріпов тамаша орындады. Есеп – 1:0. Бірақ тәжіктердің қуаныштары ұзаққа созылған жоқ. Өрнекті комбинацияның нәтижесінде Тәжікстан жеткіншектері бір минуттан кейін-ақ есепті теңестіріп кетті. Гол соққан Еміл Әлиев болатын. Ал одан кейін тәжіктер тағы бір гол соғып, Худоидод Узаков командасына үш ұпай сыйлады. Осылайша алғашқы үш ұпайын иемденген Тәжікстан Мирбагир Исаев шәкірттерінен басым түсті.

Бүгін сағат 19:00-де Қазақстан жеткіншектерінің биылғы турнирдегі дебюті өтпек. Константин Фроловтың бүгінгі қарсыластары Қырғызстан құрамасы. Бұл ойынды тікелей эфирден «ҚФФ-ТВ» арнасында НD форматында көре аласыздар.

kff.kz

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;