русский язык

ӘЧ – 2014. Диего Годин Уругвай құрамасын плей-офф кезеңіне шығарды

ӘЧ – 2014. Диего Годин Уругвай құрамасын плей-офф кезеңіне шығарды

Футболдан әлем біріншілігі аясында «D» тобының шешуші кездесуінде Уругвай мен Италия құрамасы күш сынасты.

Бразилияның Натал қаласының «Дас Дунас» стадионында Коста-Рика құрамасынан опық жеген Уругвай мен Италия құрамасы плей-офф кезеңіне жолдаманы сарапқа салды. Кездесу өте тартысты басталды. Матчтың 10-шы минутында Андре Пирло айып соққыны орындады. Доп қақпа торына кірмеді. Артынша, Марио Балотелли қатарынан екі рет уругвайлық ойыншыларға қарсы ереже бұзып, мексикандық бас төреші Марко Родригестен сары қағаз алды. Осылайша, «Миланның» сұрмергені келесі ойынға қатыса алмайды. 26-шы минутта Марио алыстан екпіндеп тепті, алайда доп қақпадан қиіс кетті. Араға екі минут салып, жуырда ғана «Боруссияға» ауысқан Чиро Иммобиле Маркизионың әдемі пасынан соққы бағыттаған, доп қақпадан сәл биік кетті. Қарымта шабуылда Суарес Каванимен пас алмасып Буффоннан айласын асырмақ болған, бірақ «Ювентустің» қақпашысы қауіп бетін қайтарды. Бірінші таймның аяқталуына бір минут қалғанда Луис Суарес айып соққыны орындаған, бірақ итальяндық қорғаушылар допты өз айып алаңынан шығарып жіберді. Алғашқы тайм голсыз аяқталды.

Екінші тайм басталысымен уругвайлық ойыншы Аревало Риос Марко Вераттиге қарсы ереже бұзып, төрешіден сары қағаз алды. Уругвайлықтар қарсыластарын бірден қыспаққа алды. «Скуадра Адзури» ойыншылары қорғаныста сәтті ойнауда. Десек те, «Атлетиконың» ойыншысы Кристиан Родригес сол қапталдан сытылып өтіп соққы бағыттаған, алайда доп қақпадан қиіс кетті. Қызыл қағаз! Матчтың бас төрешісі мексикандық Марко Родригес Италияның жартылай қорғаушысы Клаудио Маркизионы алаңнан қуды. «Ювентустің» ойыншысы Аревало Риосқа қарсы қауіпті ойнаған болатын. Джиджи Буффон! Луис Суарестің жойқын соққысын сәтті қайтарды. Уругвайлықтар басымдыққа ие болып, алға ұмтылды. Дегенмен, шабуылдарына дәлдік жетіспейді. Италия құрамасының жетекші ойыншыларының бірі Марко Вератти жарақат алды, орнына Тьяго Мотта алаңға шықты. Уругвай допқа иелік етті. Артынша, уругвайлықтар есеп ашты! Осыдан бір ай бұрын «Реал» мен «Барселонаның» қақпасына баспен гол соққан Диего Годин, бұл жолы да Касерестің асырылған бұрыштама добына бірінші жетіп көзге түсті – 1:0. Бірден Итальяндықтар есепті теңестіруге ұмтылды. Бірақ бұдан нәтиже шықпады. Қорытынды есеп – 1:0. Уругвай құрамасы 1/8 финалға жолдама алды.

D тобының екінші кездесуінде Англия құрамасы Коста-Рикамен тең түсті - 0:0. Осылайша, солтүстік американдықтар 7 ұпаймен өз тобында бірінші орын алса, Уругвайлықтар алты ұпаймен екінші орынды қанағат тұтты.    

Футболдан Әлем чемпионаты. D тобы. 3-ші тур.

Италия-Уругвай – 0:1      

Гол: Годин, 81

Алаңнан қуылды: Маркизио, 59   

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;