русский язык

ӘЧ-2014. Бразилия «үйретілмеген арыстандарды» тас-талқан етті

ӘЧ-2014. Бразилия «үйретілмеген арыстандарды» тас-талқан етті

Биылғы әлем біріншілігі сенсацияларымен еске қалуда. Алайда А тобында таңқаларлық нәтиже орын алып жатқан жоқ. Бразилиа қаласындағы «Ұлттық» стадионда плэй-оффқа шығып қойған турнир қожайыны бұл додамен қоштасып үлгерген Камерун құрамасымен ойнады.   

Бразилиялықтар салған жерден камерундықтарды састырды. Шабуылды шабуылға ұластырған турнир қожайындары қақпашының айып алаңында бірнеше мәрте қарбаласқан сәттер орын алды. Ал африкалық команда бұл ұмтылыстарға қарсы жауап қата алмай әлек болды. Кездесудің оныншы минутына таман ғана « үйретілмеген арыстандардың» да ойынына жан біте бастады. Қолдан келгенше, Жулио Сезар қақпасынан саңлау тауып, әлем чемпионатында, тым болмаса, бір гол салуды ойласа керек. Алайда 17-минутта «Селесао» есеп ашты. Сол қанаттан Густаво айып алаңына жерлете пас шығарды, допқа өзгеден бұрын жеткен Неймар кездесудегі алғашқы, жалпы тунирдегі үшінші голын салды. Санаулы минуттардан соң Неймар дубльдің авторы атана жаздады. Әуедегі допты жерге түсірмей шабуылшы маңдайшаның астын көздеген болатын. Бұл жолы қақпашы тіке жасалған жойқын соққыны кері қайтара алды. Қарсыласын айып алаңында қысымға алған оңтүстік америкалық жұлдыздар тағы да бірнеше қауіпті ұмтылыстар ұйымдастырды. Десе де, Камерун ойыншылары жинақталып, Жулио Сезар қақпасын дәл нысанаға алды. 26-минутта сол қанаттағы Аллан Ньомнан әдемі пас алған Жоэль Матип мүлт кетпеді. Бұл – африкалық ұжымның осы әлем чемпионатындағы алғашқы голы.

 Енді «пентакомпеондарға» бәрін басынан бастауға тура келді. Ал Фолькер Финке шәкірттері ойынды құтқарып қалатын мүмкіндікке ие болды. Сондықтан қара құрлық өкілдері қос қанат арқылы есепте алға шығудың амалдарын қарастырды. Әйтсе де, бразилиялық қорғаушылар жинақы ойнап, Сезар қақпасына аса қауіп төндіре қойған жоқ. Тиісінше, Луис Сколаридің шебер де жылдам шабуылшылары қарымта шабуылда ұтымды ойнауға тырысты. 35-минутта Неймар өз командасын тағы да алға шығарды. Екі ойыншыдан өтіп барып жас шабуылшы қақпаны нысанаға алды. Бұл жолы да қақпашының командасын құтқаратын мүмкіндік болған жоқ. Неймар төрт голмен турнирдің сұрмергендері арасында көш бастады. Камерундықтар енді стандартты шабуылдардан бағын іздесе, Сколари шәкірттері жылдам шабуылдарға иек артты. Десе де, үзіліске дейін қос құрама да есепті өзгерте алмады.

Екінші таймды тағы да бразилиялықтар белсенді бастады. Ал Камерун, әдеттегіше, қорғануға мәжбүр болды. Үзіліске дейін аса көп байқалмаған Фред 47-минутта жойқын соққы бағыттады. Алайда допты Шарль Итанж өз қақпасына дарытпады. Десек те, Фред дегеніне жетті. Бірнеше минуттан соң шабуылшы айып алаңына асырылған допты баспен камерундық қақпаның ішінде тоғытты. Есеп – 1:3. Нәтижелі пастың авторы боп қорғаушы Давид Луис атанды. Бұл гол ойынның тағдырын шешіп тастағандай көрінді. Себебі Камерун үшінші жіберген голынан шабуылда аса белсене қойған жоқ. Сондықтан ойынның қарқыны саябырсып, шабуылшылар ұзақ уақыт бойы анау айтарлықтай мүмкіндікке ие болмады. 84-минутта ғана футболшылардың ойынына жаңа леп енді. Ойынға тыңнан қосылған Фернандиньо бразилиялықтардың төртінші голын соқты. Айып алаңына енген бойда жартылай қорғаушы алыс бұрышты дәл көздеді.  Төреші қосқан қосымша уақытта Виллиан есепту еселейтін мүмкіндікке ие болды. Алайда оның бағаттыған соққысына Итанж тосқауыл болды.

Сонымен әлемнің бес дүркін чемпиондары топтық кезеңді ойдағыдай аяқтады. Мексикамен бірге жеті ұпай жинаған бразилиялықтар плэй-оффқа гол айырмашылығының арқасында бірінші орынмен шықты. Енді олар сенсацияның шебері Чили құрамасымен күш сынасады. Ал бұл додаға айқай-шумен келген Камерун турнирді өте сәтсіз аяқтады.   

Камерун – Бразилия 1:4 (1:2)

Голдар: 0:1 – Неймар 17, 1:0 – Матип 26, 1:2 – Неймар 35, 1:3 – Фред 49, 1:4 – Фернандиньо 84

Камерун: Итанж, Ньом, Н’Кулу, Матип, Бедима, Мбиа, Н’Гемо, Эно, Шупо-Мотинг (Макун 81), Абубакар (Вебо 72), Муканджо (Салли 58).

Бразилия: Сезар, Алвес, Силва, Луис, Марсело, Паулиньо (Фернандиньо 46), Густаво, Оскар, Халк (Рамирес 63), Фред, Неймар (Виллиан 72).

Ескертулер: Эно 12, Салли 76, Мбиа 80 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;