русский язык

ӘЧ – 2014. Мексика – 1/8 финалда!

ӘЧ – 2014. Мексика – 1/8 финалда!

Фуболдан Бразилияда өтіп жатқан әлем біріншілігі аясында «А» тобының соңғы тур ойындары өтті.

Бразилияның Ресифи қаласындағы «Пернамбуку» стадионында Хорватия мен Мексика құрамасы мықтыны анықтады. Кездесу тартысты басталды. Камерунмен өткен кездесудің қаһарманы Иван Перишич Оличтің пасынан соққы бағғытады, бірақ доп қақпадан биік кетті. Ойынның сегізінші минутында Иван Ракитич мексикалық ойыншыға қарсы ереже бұзды, өзбекстандық бас төреші Равшан Ирматов бірден «Барселонаның» жаңа ойыншысына сары қағаз көрсетті. Артынша, Мексиканың ойыншысы Эктор Эррера алыстан жойқын соққы жасады, алайда доп қақпа маңдайшасына тиді. Үш минуттан кейін, мексикандық шабуылшы Орибе Перальто Плетикосамен бірге-бір шығып қақпашыдан айласын асыра алмады. Кейін, Хорватияның қорғаушысы Праньич алыстан екпіндеп тепкен, бірақ доп қақпадан қиіс кетті. Перишич! Манджукичтен доп алып сәтсіз соққы орындады. Мексиканың капитаны Рафаэль Маркес Иван Перишичке қарсы ереже бұзып, Гильермо Очоа қақпасына айып соққы белгіленді. Допқа жақындаған Дарио Срна айып соққыны сәтсіз орындады. Бірінші тайм аяқталды – 0:0.

Екінші тайм басталысымен хорватиялықтар ацтектерді қыспаққа алды. Мадридтік «Реалдың» жұлдызы Лука Модрич сол қапталдан сытылып өтіп дәл соққы жасай алмады. Қарымта шабуылда Орибе Перальто бұрыштама добына бірінші жетіп, баспен соққы бағыттады. Бірақ, доп Стипе Плетикоса қорғаған қақпадан қиіс кетті. Кейін, Мексика құрамасының жетекші ойыншысы Андрес Гуадрадо жойқын соққы бағыттады, доп Дарио Срнаның қолына тиді. Бас төреші Равшан Ирматов бұл сәтті байқамай қалды. Содан соң, Ведран Чорлука бұрыштамадан кейін бос тұрған қақпадан допты баспен шығарып жіберді. Ацтектер шабуылға ұмтылды. ГОЛЛ!!! Мексикандықтардың шабуылы нәтиже берді. Команда капитаны Рафаэль Маркес Гуадрадоның асырылған бұрыштама добына бірінші жетіп, баспен Плетикосаның қақпасын дәл көздеді – 1:0. Бірден Нико Ковачтың жігіттері есепті теңестіруге ұмтылды. Қарымта шабуылда мексикандықтар есепті еселеді! Андрес Гуардадо Перальтоның нәтижелі пасынан допты қақпаға енгізді – 2:0. Тыңнан алаңға қосылған Ребич мексиканың қорғаушыларын алдап өтіп, қақпаның дәл бұрышын көздеді. Алайда, соңғы сәтте допты мексикандық қорғаушы қақпа сызығынан шығарып жіберді. Матчтың 82-ші минутында Джованни дос Сантосты алмастырған МЮ-дің шабуылшысы Чичарито есепті іріге жеткізді – 3:0. Бес минуттан кейін хорватиялықтар бір гол қайтарды, Иван Перишич Очоаның қақпасынан саңлау тапты – 3:1. Ойынның аяқталуына екі минут қалғанда алаңға тыңнан қосылған Анте Ребич қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Ойын соңына дейін есеп өзгермеді - 3:1.

Осылайша, Мексика құрамасы мен Бразилия плей-офф кезеңіне жолдама алды.   

 

Футболдан әлем чемпионаты. «А» тобы. 3-ші тур.

Хорватия-Мексика – 1:3

Голдар:  Перишич, 87 - Маркес, 72, Гуадрадо, 75, Эрнандес, 82

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;