русский язык

ӘЧ-2014. Бельгиялық жас жұлдыздар тағы да жеңді

ӘЧ-2014. Бельгиялық жас жұлдыздар тағы да жеңді

Жас таланттардан жасақталған Бельгия құрамасы биылғы чемпионаттың көркін қыздырар команда деген пікірді жиі естиміз мамандардан. Оны алғашқы турда бельгиялықтар дәлелдегендей болды. Ал екінші кездесуде олар Ресей құрамасымен күш сынасты. Кезінде Еуропа біріншілігінде сенсация жасаған ресейліктерден кез-келген ойынды күтуге болады.

Биылғы біріншіліктің финалы «Маракана» стадионында өтетіні баршаға мәлім шығар. Міне, дәл осы стадионда қос команда теке тіресті.

Қос құрама да ойынның басында бір-біріне үлкен қысым жасады. Сондықтан кездесудің алғашқы бөлігінде шабуылшылар аса көп көріне қойған жоқ. Қақпаға алғашқы соққы 11-минутта бағытталды. Виктор Файзуллин қақпадан жиырма метрдей қашықтықта тұрып, Тибо Куртуаның иелігін нысанаға алды. Бельгиялық қақпашы орнынан табылды. «Қызыл сойқандар» ұзақ уақыт бойы Игорь Акинфеев қақпасына қауіп төндіре алмады. Бұл ретте ресейлік қорғаушылардың сауатты ойыны үлкен рөл атқарды. Сондықтан бельгиялықтар алыстан соққы бағыттаудың амалдарын іздеді. 21-минутта осы қадам өз пайдасын алып келе жаздады. Дрис Мертенс тепкен доп қақпадан сәл ғана қиыс кетті. Бұдан кейін жанкүйерлерге келесі шабуылды ұзақ уақыт күтуге тура келді. Себебі, ойын бір сыдырғы деңгейде өтті. Қос команданың да ұмтылысы қорғаныстан әрі аспады. Тіпті, қорғаныстан өте алғанымен қақпаға қауіп төндіре алмады. 30-минутта Файзуллин алыстан соққы бағыттаумен тағы бір рет бағын сынап көрді. Допты кері қайтару Куртуаға қиынға соқпады. Бұған Мертенс те өз жауабын қатты. Сол қанаттан айып алаңына еркін еніп, бірнеше қорғаушылардың тасасынан Игорь Акинфеев қақпасын көздеді. Игорь да өз сәтінде командасын құтқарып қалды. Ресейліктер үзіліске кетпес бұрын тоблодағы есепті теңестіретін мүмкіндікке ие болды. Сол қанаттан әуелеген допқа бірінші жеткен Александр Кокорин басымен соққы жасады, алайда «бразука» сәл қиыс кетті.   

Екінші таймда Фабио Капелло мен Марк Вильмотстің шеберліктері сарапқа салынды. Қайсысы үзілісте өз ойыншыларына керекті сөзді дәл айтып, ойынға қажетті өзгерісті енгізе алады – сол жеңіске жетеді. Ал екінші таймның алғашқы минуттарында қос құраманың бірі ерекшеленді деуге келмейді. «Үш түсті аюлар» екі қанаттан алма кезек пас асырғанымен, оның бірі де Куртуа қақпасына қауіп төндіре алмады. Бельгиялықтардың да жасаған ұмтылыстары аса азулы бола қойған жоқ. «Қызыл сойқандар» білігінен жаңылып, шамалы шаршап қалғандай көрінді. Ал Капелло шәкірттері қарсыласының босаңсығанын ұғып, шабуылда белсендірек ойнады. 70-минутта солтүстік көршілеріміз қауіпті қарымта шабуылын ұйымдастырды. Екі-үш паспен ғана қарсыласының айып алаңына жетіп барған ресейліктер Олег Шатовқа пас беруде қателесті. Бұл тұста жартылай қорғаушыға берілген доп сәл қатты болды. Кейін ресейліктер екі рет стандартты шабуылда бағын сынады. Қос мүмкіндікте де номиналды қонақтар допқа бірінші жеткенімен, «бразука» екеуінде де Тибо Куртуа иелігінен биік кетті. Игорь Акинфеевтің көрінбегеніне ұзақ болды. 80-минутта ойынға тыңнан қосылған қорғаушы Андрей Ещенко сол қанаттан айып алаңына кірер тұста әдемі пас алып, бірден соққы бағыттады. Алыс бұрышқа ұшқан доп діттеген жерге бармады. Бес минуттан кейін бельгиялықтар ойындағы ең қауіпті соққысын жасады. Айып добынан соң нүктеге келген Эден Азар сол бұрышты көздеді. «Бразукаға» Акинфеевтің қолы жеткен жоқ, көмекке қақпа бағанасы келді. Санаулы секундтардан соң Азар тағы бір мүмкіндікке ие болды. Айып алаңында Зидан стилінде қарсыласынан өтіп, тағы екі-үш қорғаушының арасынан қақпаға соққы бағыттады. Ресейліктердің қуанышына орай, доп қақпадан қиыс кетті. Соңғы минуттарда «Қызыл сойқандар» өте белсенді ойнады. Бұл белсенділік оларға септігін тигізді де. Шаршамайтын Азар Дивок Оригиге әдемі пас қалдырды, ұрымтал тұста тұрған шабуылшы мүлт кетпеді – 1:0. Голдан шабыттанған Марк Вильмост шәкірттері есепті еселей жаздады. Кевин Миральяс тамаша пастан кейін допты тоқтатпай бірден соққы жасаған болатын. Бұл жолы Акинфеев командасын екінші голдан аман сақтады. Ал қалған уақыт ресейліктер үшін жеткіліксіз еді. Қорытынды есеп – 1:0.

Бельгия құрамасы плэй-оффқа жолдама алды. Ал енді ресейліктер үшін жағдай қиын, десек те, биылғы әлем чемпионатында ғажайыптар орын алып жатқаны мәлім. Сондықтан, алдын ала тон пішпей-ақ қоялық.        

Бельгия – Ресей 1:0 (0:0)

Голдар: 1:0 – Ориги 88

Бельгия: Куртуа, Алдервейрелд, ван Бюйтен, Компани, Вермален (Вертонген 31), Витсель, Феллаини, де Брюйне, Мертенс (Миральяс 75), Азар, Лукаку (Ориги 57).

Ресей: Акинфеев, Козлов (Ещинко 62), Березуцкий, Игнашевич, Комбаров, Глушаков, Шатов (Дзагоев 83), Самедов (Кержаков 90), Файзуллин, Канунников, Кокорин.

Ескертулер: Витсель 54, Альдервейрелд 73 – Глушаков 38         

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;