русский язык

Сенсация. Коста-Рика құрамасы плэй-оффқа шықты

Сенсация. Коста-Рика құрамасы плэй-оффқа шықты

Турнир басталмас бұрын «өлім» тобында Коста-Рика плэй-оффқа шығу үшін таласып, екінші турға көшбастап келеді дегенге сену қиын болатын. Бүгінде осы солтүстік америкалықтар әлем чемпиондарына аз шаруа алып келген жоқ. Бүгін Коста-Рика дүниежүзін төрт рет мойындатқан Италия құрамасымен күш сынасты.

D тобындағы талас соңғы тур, соңғы ойынға дейін жалғасуы мүмкін. Кеше екінші рет жеңілген ағылшындардың өзі топтан шығып кетуі ықтимал. Ол үшін бүгінгі ойында «үш арыстандар» Италияның тілеуін тілеуі қажет.

Қос құрама да бұрын-соңды әлем чемпионатында кездеспеген. Сондықтан алғашқы минуттар бір-бірін барлаумен өтті. Ал қақпаға бағытталған бірінші қауіпті соққыны коста-рикалықтар жасады. Бұрыштан әуелеген допты Сельсо Боргес баспен ұрды. Доп нысанадан қиыс кетті. Италиялықтардың шабуылда ісі жүрген жоқ, бұл, ең алдымен, қорғаушылардың арқасында. 16-минутта номиналды қонақтар тағы бір бұрыштама добын ұйымдастырды. Бұл жолы әуелеген допты Джанлиуджи Буффон кері қайтарды, екінші деммен жасалған шабуыл да нәтиже алып келген жоқ. Италиялық қақпашы жарақатынан енді айығып, бүгін әлемдік додадағы алғашқы матчына шықты. Ал ойынның жылдамдығы орташа деңгейде өтіп, біраз саябырсып қалды. Италиялықтар алғашқы соққысын 26-минутта ғана жасады. Оның өзі қақпадан қиыс кетті. Араға бес минут салып Андреа Пирлоның алтын аяғы Марио Балотеллиді қақпашы Кейлор Наваспен бірге-бір шығарып берді. Италиялық шабуылшы допты қақпашының бойынан асырып жіберді, алайда «бразука» діттеген жерге жеткен жоқ. Марио бірер секундтан соң тағы бір мүмкіндікке ие болды. Айып алаңына енер тұста әуелеп келе жатқан допты бірден тепкен еді. Қақпашы керемет сейвпен өз қақпасынан голдан аман сақтады. Шамасы, «Скаудра Адзура» оталған секілді. «Лос Тикостың» да жауабы көп күттірген жоқ. Кристиан Боланьос алыстан Буффонның қақпасын нысанаға алды, алайда ардагер Джанлуиджи керіліп барып, алыс бұрышқа бағытталған допты алып шықты. Брайан Руистің пасынан кейін Оскар Дуарте қақпаға артымен тұрып, баспен ұрды. Доп Буффонның иелігінен биік кетті. 44-минутта Брайан Руис қалай баспен ойнау керектігін көрсетті. Сол қанаттан асырылған теңбіл доп Брайанның соққысынан кейін маңдайша арқылы сызыққа тиіп, кері серпілді. Кейін «Гол лайн» технологиясы көрсеткендей, доп сызықтың ішіне кірген екен. Сонымен, командалар үзіліске сенсациялық есеппен кетті.

Екінші таймды италиялықтар жылдам шабуылдармен бастады. Марио Балотелли мен алаңға тыңнан шыққан Антонио Кассано жұбы алдағы қырық бес минутта қарсыласының қақпасынан саңлау табуға тырысады деген үміт болды еуропалықтарда. 50-минутта Маттео Дармиан сол қапталдан жойқын соққы жасады, «бразука» Навастың қолы жанасып қана кетті. Араға санаулы минуттан соң, Кейлор командасын тағы бір голдан аман сақтады. Бұл жолы айып добын Пирло шебер орындаған болатын. Осыдан кейін Хорхе Луис Пинто шәкірттері басымдықты қолға ала бастады. Қарсыласынан дәл мұндай қауқарды күтпеген төрт дүркін чемпиондар өз білігінен жаңылғандай көрінді. Коста-Риканың қорғанысы сауатты, шабуылы азулы болды. Чезара Пранделли шәкірттері таймның орта белінен бастап Навасты іске араластыра алмады. Супер Марио бастаған италиялық шабуылшылар алдыңғы қапталда көзге түспей қалды. Керісінше «Лас Тикас» шабуылда сенімді ойнады, әрине, ұмтылысының бәрі қауіпті шықпаса да, қорғаушылардың мазасын аз алмады. «Қорғаныстың жақсысы – шабуыл» деген коста-рикалықтар екінші кездесуінде де жеңіске жетті.

Осылайша, Коста-Рика әлем чемпиондары жиналған «өлім» тобында бірінші боп плэй-оффқа жолдама алды. Демек, ағылшындар биылғы әлем чемпионатымен қоштасты. Ал доданы жалғастыратын команда соңғы турдағы италиялықтар мен уругвайлықтар арасындағы матчта анықталады.

     

        

Италия – Коста-Рика 0:1 (0:1)

Голдар: 0:1Руис 44

Италия: Буффон, Кьеллени, Дармиан, Мотта (Кассано 46), Кандрева (Инсинье 57), Абате, Маркизио (Черчи 70), Балотелли, Барцельи, Де Росси, Пирло.

Коста-Рика: Навас, Гонсалес, Уманья, Боргес, Дуарте, Боланьос, Кэмпбелл (Уренья 74), Руис (Бренес 81), Диас, Гамбоа, Техеда (Куберо 68).

Ескертулер: Балотелли 69 – Куберо 71 

 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;