русский язык
Волейбол

Сана Жарылғасова: «Халық «Жетісу» клубын төбесіне көтереді»

Сана Жарылғасова: «Халық «Жетісу» клубын төбесіне көтереді»

Ол қазақ волейболындағы талантты ару. Ұлттық құрамада ойнайтын жалғыз қазақ қызы да өзі. Жат жерде туғанымен, ес білген соң елге оралып, әлемдік сында Қазақстан намысын қорғап жүр. Мұның бәрі Сана Жарылғасова туралы екенін сезген боларсыз. Өткен жылы тұрмыс құрып, оңтүстікке келін атанған ол әуедоптан әлі де алшақтап кеткен жоқ.

 

– Сана, буынып-түйініп, алыс сапарға дайындалып отыр екенсің. Жол болсын!

– Рахмет! Ел чемпионаты аяқталған соң, бізге бір ай демалыс берді. Білесіз бе, спорттық ғұмырым басталғалы бері толық бір ай демалып көрмеппін. Үнемі жиын, жарыс, жолсапар... Содан болар, отыз күннің қалай заулап кеткенін сезбей қалдым. Қыркүйек айында Италияда өтетін әлем чемпионатына дайындық басталады енді. Ертең Түркияда өтетін жиынға кетіп барамыз. Ол жақта негізінен ағзаны қалыпқа келтіруге көп көңіл бөлінеді.

 

– Шыны керек, волейболдан ұлттық құрама ойнаса ғана, көңіл бөлеміз. Ал әдеттегі ел біріншілігі мен кубоктік бәсекелер қалай өтіп жатқаны тек санаулы жанкүйерлерге анық. Кәсіби ойыншысыз. Ел чемпионатының деңгейі ойыңыздан шыға ма?

 

– Жалпы, соңғы кезде өсу байқалады. Волейболдан ел чемпионаты 6 турдан тұрады. Әр кезең әр қалада өтеді. Меніңше, қай қалада волейбол клубы бар, сол жақта спорттың бұл түріне қызығушылық басым. Ақтөбе халқы футболды қалай жақсы көрсе, Талдықорғанда «Жетісу» волейбол клубын төбесіне көтереді. Өйткені, «Жетісу» волейболшылары осымен жетінші рет ел чемпионы атанды. Аталған командамен ойнау мен үшін расында қиын. Қазақстан чемпионатының деңгейі туралы не айтсам екен?! Рас, бокс, күрес секілді бұқаралық сипат алған жоқ волейбол. Көп жағдайда командалық спорт түріне қырымыз жоқ деп, ақталғанды жақсы көреміз ғой. Бірақ бар мәселе қаржыға келіп тірелетінін ұмытпайық.

 

– Байқауымша, аға буын мен жастардың арасында байланыс жоқ секілді. Мысалы, құрамадағы біраз ойыншының жасы отызды алқымдаған. Ал олардың орнын басатын жастар әлі шикілеу...

– Рас, ойыншылардың біразы спорттық ғұмырын аяқтауға жақын. Олардың ізбасарлары жоқ емес, бар. Тек оларды дайындау, жаттықтыру жүйесі бір ізге салынбағандай. Айта кету керек, биылдан бастап біздің екінші құрамаға жақсы көңіл бөліне бастады. Онда Зарина Сейітқазинова, Ардақ Маратова секілді қаракөздеріміз бар. Аталған жас буынға көңіл бөлсе, нәтиже жақсы болатынына сенімім мол. Айтпақшы, күзде өтетін Азия ойындарында сол жастарымыз қорғайды ел намысын.

 

– Сонда ұлттық құрама Азия ойындарына қатыспайды демексіз бе?

– Иә. Бұл кезде біз Италиядағы әлем чемпионатында бақ сынаймыз. Шынымды айтсам, Азия ойындарының рухы маған жақынырақ. 2010 жылы Гуанжоуда өткен сында өзімді құдды Олимпиадада жүргендей сезіндім. Барлық ойын бір қалада өтті, өз еліміздің спортшыларымен жақын араластым. Биыл бұл дода әлем чемпионатымен қатар келіп тұр. Сол себепті, жазғы ойындардан сырт қалайын деп тұрмын.

 

 

– Осыдан 4 жыл бұрын сіздер Азия ойындарының қола жүлдесін жеңіп алдыңыздар. Енді, бұл жеңісті жастар жалғастыра ала ма?

– Мүмкіндік бар. Өйткені, Азияның азулы командасы саналатын Қытай, Жапония, Тайланд сынды құрамалар да негізін ойыншыларын Италиядағы додаға қатыстырмақ. Тек Оңтүстік Кореямен тайталасу қиынға соғары сөзсіз.

 

– Сіз ұлттық құрама келгелі үш рет бас бапкер ауысты. Нелли Щербакова, Бақытжан Байтөреев, ал үшіншісі Александр Гутор. Осы бапкерлер ұлттық құрамаға қандай еңбек сіңірді?

– Команданың ұтылғанын қай бапкер қалайды дейсіз?! Үшеуі де бар білігі мен тәжірибесін пайдаланды. Нелли ханым біздегі талантты жастарды тап басып танитын қырағылығымен ерекше. Байтөреев құрамада көп тұрақтаған жоқ. Небәрі бір жыл бас-көз болды бізге. Ал қазіргі бапкеріміз – Александр Гутор да жаман емес. Өзі Америкада тұрғасын ба, психологиялық тұрғыдан бізге пайдалы кеңесті көп айтады. Осы жақтан алып қарасам, аздап артықшылығы бар.

 

– Сана, өзіңді қатарынан көргісі келген шетелдік клубтар болды ма?

– Алғашында ұсыныстар түсті. Әсіресе, Ресейде жүргенімде сол жақтың клубтары тарапынан қызығушылық болған. Алайда, мен Қазақстанды таңдадым. Өз елімнің құрамасында ойнағым келді. Сол бақыттың бұйырғаны үшін қуаныштымын. Менің Италия чемпионатында ойнасам дейтін арманым бар еді. Алайда ол енді орындала қоймайтын шығар (күлді).

 

– Қай елдің ішкі біріншілігін қадағалап жүресіз?

– Уақыт болғанда Ресей чемпионатының матчтарын көріп қалам. Негізі, ең мықты біріншілік қазір осы Ресейде дер едім. Америкалықтардың ойыны да көңілімнен шығады. Ал соңғы жылдары Әзірбайжандағы клубтық чемпионат қатты қарқын алды. Соған қызыға қарайтыным рас.

 

– Жақында тұрмыс құрдыңыз. Спорт пен отбасылық өмірді алып жүру қиындық туғызбай ма?

– Бұл жағынан менің жолым болды. Мойындаймын, алғашында қатты қорқыныш болған. Өзім Ресейде туған қазақпын. Ал сүйген жарым нағыз қазақы орта – Шымкенттің тумасы. Салт-дәстүрді сақтай алам ба, үлкендердің көңілінен шығам ба, ойыным қалай болады деген сұрақтар мазалады. Қуанышқа қарай, бәрінің шешімі табылды. Жарым Медет те волейболшы. Сондықтан, қайын жұртым менің мамандығыма түсіністікпен қарайды.

 

– Ал асүйде қиындықтар кездеспеді ме?

– Жоқ (күлді). Өйткені, мен үй шаруасына да ұқыпты­мын. Өйткені, анам мен жасы 90-ға жақындаған әжемнен бәрін үйреніп алғанмын. Алаңда қалай жақсы ойыншы болсам, өмірді сондай жақсы келін атанғым келеді (күлді).

 

– Әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан

Ақырыс СЕЙІТҚАЗЫ

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;