русский язык

Денис Тен: «Мен үшін спорт пен оқу үйлесімді ұғым»

Денис Тен: «Мен үшін спорт пен оқу үйлесімді ұғым»

2014 жылы Ресейдің Сочи қаласында өткен қысқы ақ Олипиадада еліміз үкілеп жіберген мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен қоржынымызға жалғыз медальді салды. Жас спортшымыз уақыт тауып берген  сұхбатында өзінің болашақ жоспарлары жайында тарқата айтып берді.

 - Денис тағы жоғары білім алмақ ниетің бар екенін естіп жатырмыз. Таңдауың қай жоғары оқу орнына әрі қандай мамандыққа түсіп отыр?

 - Мәскеуде жаттығып жүргенімде Экономикалық қауіпсіздіктің әлеуметтік-құқықтық колледжінде білім алған едім. Ал осы жылы Қазақ спорт және туризм акдемиясын қызыл дипломмен аяқтадым. Мен оқуымды осы академияның магистрі ретінде жалғастырып, Қазақстан-Британ техникалық университетінде білім алуды жоспарлап отырмын. Мен ҚБТУ-да Hollywood Film Academy-мен бірлесіп, «ақпараттық жүйе» мамандығы бойынша білім алмақпын. Әр кезде де білім алуға тыңғылықты дайындықпен барамын және бұл жоғары оқу орнына түсу менің ұзақ жылғы мақсатым болатын. Оның жүзеге асқанына өте қуаныштымын және мен үшін қызметтің мүлдем жаңа саласында білім алуға ынтам артып отыр.

 - Мамандық таңдау болашақ жоспарларыңмен байланысты ма? Ал спорт ше, алдағы уақытта ол сен үшін негізгі бағдар бола ма?

 - Әрине, спорт мен үшін басты бағдар болып қала беретіндігі сөзсіз. Өйткені, мен алдымен спортшымын. Алдағы төрт жыл бойы спорт менің басты басымдығым болады. Меніңше, спорт пен оқу  - үйлесімді ұғым. Адамдар бұлай емес деп ойласа, адасқаны. Мәселен, Стэнфордта, Гарвардта, Мичиган университетінде немесе  UCLA-да білім алатын американдық мәнерлеп сырғанаушылар оқу мен жаттығуды үйлестіріп қана қоймай жоғары нәтижелерге де қол жеткізіп отыр. Мұның жарқын дәлелі биден қазіргі олимпиада чемпиондары бола алады.

 Білесіз бе, біздің әлемде барлығы да өзара байланысты. Яғни, сөз ақыл, рухани және спорттық даму тұрғысында қозғалып отыр. Таяуда, әрбір мәнерлеп сырғанушының жылдар өткен сайын өзінің сырғанау мәнері қалыптасатындығына назар аудардым және осы мәнер арқылы спортшының дүниетанымын, ой-пікірін анық байқауға болады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, мен мұз айдынындағы «білімді» спортшы болуға бар жан-тәніммен ұмтылып келемін. Яғни, мәнерлеп сырғанау барысында өзімнің «жоғары мәдениетімді» паш еткім келеді. Бұл бағытта көп еңбектену үстіндемін де. Таяу 2 жылдың ішінде алған білімім спортта зор жетістіктерге жетелейтіндігіне сенімдімін. Дегенмен, іс жүзінде мен келешекке көз салатын, 10 жыл алға қарайтын адаммын.

 - Мәнерлеп сырғанаумен байланысты алдағы уақытқа жоспарың қандай?

   - Иә, мен белгілі бір стратегия әзірлеп қойдым және алдағы 4 жыл бойы сол бағдарымнан таймаймын. Мәнерлеп сырғанауға дайындалудың шегі жоқ, біз үнемі жаңа турнирлерге дайындаламыз. Бір байрақты бәсеке бітсе, ойың келесі жарыс дайындығына ауып кетеді. Ал Олимпиада мүлдем бөлек әңгіме.  4 жылдың қас-қағым сәтте зымырап өте шығатынына сенімдімін.

 - Уақытыңның көп бөлігін қай қалада өткізесің?

 - Алматыда. Мен тұрғылықты алматылықпын. Қазақстанның оңтүстік астанасында дүниеге келіп, сонда өстім. Соңғы уақытта әлемдегі ең сұлу қалалардың бірі Астанаға жиі сапарлайтын болдым.  Айтпақшы, «Астана» президенттік клубының өкілі ретінде әлемдік аренада өнер көрсететініме және спорттық жетістіктерім арқылы жанкүйерлерімді Отаныммен ғана емес, республикамыздың елордасымен де жақын таныстыра түсетіндігіме қуаныштымын.

 - Қазіргі уақытта қандай жобамен айналысудасың?

 - Таяу аралықта жаңа маусымға дайындықты бастамақ ойым бар. Бұл жыл мен үшін үш оқиғамен, атап айтқанда, Олимпиада ойындарындағы тарихи табысыммен, таяуда өткен мұздағы шоумен және Қазақстандағы мәнерлеп сырғанауды дамыту мақсатында ұйымдастырылған семинармен есте қалады.  Соңғы екі жобамен жылдың дәл осы маусымында ғана айналысуға мүмкіндігім бар. Өйткені бұл маусымаралық кезеңде ешқандай жарыстар болмайды. Бұл менің еңбек демалысымның орнына жасалған шара десек те болады. Бірақ мен демалысымызды осындай пайдалы дүниемен өткізгеніме бақыттымын. Мұз айдынындағы шоуға мәнерлеп сырғанаудан әлемнің супержұлдыздарымен қатар шетелден 300-ден астам көрермен келді. Дәл осы факті үшін қуанышымда шек жоқ әрі асыра сілтеусіз-ақ оны біздің еліміз үшін зор оқиға деп білемін. Шоу аяқталғаннан кейін жас мәнерлеп сырғанаушыларға, және олардың жаттықтырушыларына 5 күндік семинар ұйымдастырылды. Жобаға менің бала кезден бой түзеп үлгі тұтқан тұлға - Алексей Ягудин мен Брайан Жубер қатысты. Олар шеберлік сыныптары барысында балаларды мәнерлеп сырғанаудың базалық техникаларына үйретті. Ілгерілеу семинардың екінші күнінде-ақ анық байқалды. Қыста тағы бір шара ұйымдастыруды жоспарлап отырмын. Сол кезде балалардың мәнерлеп сырғанау машықтарының жақсара түскеніне куә боламын деген үмітім бар.

 - Сұхбатыңа рахмет! Спортта табыстар тілейміз!

Авторы: Марлен Жиембай

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;