русский язык

ӘЧ – 2014. Хорватия алғашқы үш ұпайына қол жеткізді

ӘЧ – 2014. Хорватия алғашқы үш ұпайына қол жеткізді

Футболдан Бразилияда өтіп жатқан әлем біріншілігінің екінші тур ойындары жалғасуда. Манаус қаласындағы «Амазония» стадионында «А» тобының командалары Хорватия мен Камерун жасыл алаңға шықты.

Кездесу африкандықтардың шабуылдарымен басталды. Бірінші турда жеңіліс тапқан қос команда үшін бүгінгі ойында жеңіс ауадай қажет болатын. Осыны ұққан еуропалықтар матчтың 11-ші минутында есеп ашты! Оң қапталдан Иван Перишичтің әдемі пасынан Ивица Олич бос тұрған қақпаны дәл көздеді – 1:0. Ары қарай, Бразилиямен өткен ойынға қатыспаған «Баварияның» шабуылшысы Марио Манджукич алыстан соққы жасады, бірақ доп қақпадан қиіс кетті. Содан соң, жақында ғана «Барселонаға» ауысқан Иван Ракитич отыз метрдей жерден екпіндеп тепті, камерундық қақпашы өз орнынан табыла білді. Нәтижелі пастың авторы Иван Перишич баспен соққы бағыттаған, доп қақпа маңдайшасынан асып кетті. Матчтың 40-шы минутында Александр Сонг Хорватия ойыншысын шынтағымен «ұрып» жіберді, бас төреші португалдық Пэдру Проэнса бірден қызыл қағаз көрсетіп, ойыншыны алаңнан қуды.

Екінші таймның басында хорватиялықтар есепті еселеді. Бірінші таймда нәтижелі паспен көзге түскен Иван Перишич сол қапталдан сытылып өтіп Шарль Итанждан айласын асырды – 2:0. Араға екі минут салып, Марио Манджукич қақпашымен бірге-бірге шығып мүлт кетті. Артынша, камерундық қорғаушы Данин Нункеу құлыштап тепті, доп қақпадан қиіс кетті. Африкандықтар есепті қысқартуға ұмтылғанымен келесі голды Хорватия құрамасы соқты. Бұрыштамадан кейін Марио Манджукич баспен Итанж қақпасынан саңлау тапты – 3:0.. 73-ші минутта Манджукич Итандж қайтарған Эдуардоның соққысына бірінші жетіп, кездесудегі екінші голын соқты. Ракитич бесінші голды соғатын мүмкіндікті жіберіп алды, қақпашыдан асырған добы қақпадан сәл қиіс кетті. Қарымта шабуылда, Стипе Плетикоса камерундық ойыншының қауіпті соққысын қайтарды. Ойын аяқталды, қорытынды есеп - 4:0. 

Осылайша, қатарынан екі рет жеңілген Камерун құрамасы топтан шығу мүмкіндігінен айырылды. Ал, Хорватия құрамасы үшінші турдағы шешуші матчта Мексикамен күш сынаспақ.

Футболдан әлем біріншілігі. «А» тобы. 2-ші тур.

Хорватия-Камерун-4:0

Голдар: Олич, 11, Перишич, 48, Манджукич, 61, 73  

Алаңнан қуылды: Сонг, 20

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;