русский язык

Чао, Испания. Чили әлем чемпионын үйіне қайтарды

Чао, Испания. Чили әлем чемпионын үйіне қайтарды

Әлем чемпионы биылғы доданы сәтсіз бастады. Сәтсіз деген былай тұрсын, жермен-жексен болды. Чили құрамасы екінші турда Испанияны тізе бүктіріп, плэй-оффқа жолдама алып қойды.

Бірінші турдағы матчтан кейін испаниялықтар алаңға не бел, не белбеу кетеді деп шығатыны анық. Чили  құрамасы да алғашқы ойыннан кейін шабыттана түсуге тиіс. Голландияға қарсы кездесуден соң Висенте Дель Боске негізгі құрамға өзгеріс енгізді. Демек «Қызыл фурия» өткенде жіберген қателіктерін қайталамай, қоржынына үш ұпай алуға тырысады деген сөз. Бірақ Чили оңай беріле сала ма екен?  Алексис Санчес, Артуро Видаль секілді ойыншылар бастаған олар да қара жаяу емес екенін бірінші турда-ақ дәлелдеді.

Қырқыншы секундта-ақ оңтүстік америкалықтар азуын көрсетті. Айып алаңындағы қарбаласқан сәтте испаниялықтар допты алаңнан шығарып жіберді. Бұрыштан басталған шабуыл Гонсало Хараның баспен соққы бағыттауымен аяқталды. Бұл ұмтылыс Икер Касильяс қақпасына қауіп төндірген жоқ. Бұдан кейін қос құрама да қорғаныста сақ ойнап, бір-бірінің шабуыл жасауына мүмкіндік бермеді. 15-минутта Диего Коста айып алаңына бір өзі кіріп, бірнеше қорғаушының арасынан соққы бағыттап үлгерді, алайда доп қақпадан қиыс кетті. Кері серпілген «бразукаға» испаниялықтар бірінші жетіп, есеп ашатын тағы бір мүмкіндікке ие болды. Бұл жолы Хаби Алонсо қақпашы Клаудио Браводан айласын асыра алмады. 20-минутта Испания чемпионатында ойнайтын чилилік футболшылар керемет комбинация жасады. Шабуылды ұйымдастырған Алексис Санчес допты Чарлес Арангиске асырды, ал соңғысы Эдуардо Варгасты әдемі байқап қалды. Айып алаңында пас алған «Валенсияның» шабуылшысы Икер Касильясті жалған қимылмен жығып тастап, бос қақпаны дәл көздеді – 0:1. Артынша, Диего Коста сол қанаттан асырылған допты қақпаға бағыттаған болатын. Тағы да мүлт кетті. Командалар бұдан кейін бірнеше нәтижесіз ұмтылыстар жасады. Тек 43-минутта ғана оңтүстік америкалықтар үзіліске кетпес бұрын тағы бір қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Хаби Алонсо өз қақпасына жақын жерде ойын тәртібін бұзды. Нүктеге келген Алексис Санчестің соққысын Касильяс кері қайтарды, доп айып алаңында тұрған Чарлес Арангистің аяғына келді, ал жартылай қорғаушы көп ойланбай екінші рет испаниялықтардың қақпасын нысанаға алды. Бұл жолы Икер өз командасына көмектесе алған жоқ – 0:2.

Екінші таймды «Қызыл фурия», күткеніміздей, белсенді бастады. Иә, кейінерге жол жоқ. Бірден Диего Коста есеп айырмасын қысқартатын мүмкіндікке ие болды. Ұрымтал тұсқа шыққан шабуылшы соққы бағыттаймын дегенше қорғаушылар допты алаңнан шығарып жіберді. 53-минутта Коста қайшылай теуіп, әріптесіне пас асырған болатын, алайда Серхио Бускетс бос тұрған қақпаны дәл көздей алмады. Бұл шабуылдан кейін Пиреней түбегінің өкілдері ұзақ уақыт бойы ауыз толтырып айтарлықтай ештеңе істей алмады. Ал Хорхе Сампаоли шәкірттері қорғаныста мұқият ойнап, қарсыласын қарымта шабуылда ұстап алуға тырысты. 69-минутта Маурисио Исла Бускетстің қателігін қайталады. Бұл жолы оның бағыттаған соққысы бос тұрған қақпаның үстінен кетті. Бұл шабуылдан кейін Чили ойыншылары бірнеше минут бойы қарсыласына допты бермей қойды. Испаниялықтар жеңіп жатқан команда секілді қорғаныстан шыға алмады. 80-минутта ойынға тыңнан қосылған Санти Касорла айып алаңына енер тұста соққы бағыттады. Қақпаның аңғарына дәл ұшқан допты қақпашы Браво алып шықты. Араға санаулы минуттар салып Андрес Иньеста алыстан Бравоның қырағылығын тексеріп көрді. Қақпашы тоғыздыққа ұшып бара жатқан допты алаңнан шығарып жіберді. Бұрыштама доп та номиналды қонақтардың иелігіне қауіп төндірген жоқ. Кейін Касорла айып добын орындауда алыс бұрышты көздеген болатын. Чили қақпашысы тағы да сыр берген жоқ, тағы да орнынан табылды. Төреші қосқан алты минут бойы испаниялықтар шабуылдап бақса да, Чили қамалы алынбады.

Сонымен, қорытынды есеп – 0:2. Төрт жыл бұрын жолында тұрғанды тапап өткен Испания құрамасы биылғы әлем біріншілігін топтық кезеңде ғана аяқтады. 2008 жылдан бері қарай алты жыл бойы әлемде үстемдік құрған испаниялықтардың уақыты тоқтаған секілді. Уақытша ғана деп сенейік. Ал әзірше айтарымыз: «Чао, Испания».            

Испания – Чили 0:2 (0:2)

Голдар: 0:1 – Варгас 20, 0:2 – Арангис 43

Испания: Касильяс, Мартинес, Иньеста, Педро (Касорла 76), Алонсо (Коке 46), Рамос, Бускетс, Альба, Коста (Торрес 64), Силва, Аспиликуэта.

Чили: Браво, Мена, Исла, Сильва, Санчес, Видаль (Кармона 88), Варгас (Вальдивиа 85), Медель, Хара, Арангис (Гутьеррес 64), Диас.

Ескертулер: Алонсо 41Видаль 26, Мена 61

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;