русский язык

ӘЧ – 2014. Селесао Ацтектермен тең түсті

ӘЧ – 2014. Селесао Ацтектермен тең түсті

Бразилияның Форталеза қаласындағы «Кастелан» стадионында Бразилия мен Мексика құрамалары мундиальдегі екінші тур ойындарының алғашқысын өткізді.

Осыдан екі жыл бұрын cелесао Олимпиада ойындарының ақтық кездесуінде ацтектерден ұтылған болатын. Енді міне, алаң иелері сол кеткен есесін қайтару үшін барын салуға дайын болатын. Қос командада бірінші турда жеңіске жетті. Ойын басталысымен алаңдағы екі құраманың ойыншылары жиі қателісті. Бразилиялықтар шабуылдауда, бірақ бұдан нәтиже шықпай жатыр. Матчтың 23-ші минутында Мексика ойыншысы алыстан екпіндеп тепті, алайда Жулио Сезар қауіп бетін қайтарды. Неймар!! Оскардың пасынан баспен қақпаға жойқын соққы бағыттаған, бірақ Гильермо Очоа әдемі сэйв жасап командасын құтқарды. Тағы бір соққы! Оскар алыстан ұрды, Очоа өз орнынан табыла білді. Артынша, Марсело сол қапталдан соққы жасады, бірақ доп қақпадан қиыс кетті. Қарымта шабуылда, Мексика футболшысы Пол Агилар гол соғатын мүмкіндікті жіберіп алды. Оның соққысына дәлдік жетіспеді. Бірінші таймның аяқталуына санаулы минуттар қалғанда Паулиньо Очоадан айласын асыра алмады. Әттең, гол соғатын жақсы мүмкіндік еді.

Екінші таймда Рамирестің орнына Бернард алаңға шықты. Мексикандық қорғаушы Франческо Родригес Неймардың әріптесіне жасалған қауіпті пасын дер кезінде шығарып жіберді. Ары қарай, Хосе Варгас соққы бағыттады, бірақ доп қақпа маңдайшасынан асып кетті. Эктор Эрерра Луис Густавоны алдап Жулио Сезардің қақпасына соққы жасаған, бірақ доп сәл қиыс кетті. Хорватия қақпасына екі гол соққан Неймар 63-ші минутта айып соққыдан есеп ашатын ұтымды мүмкіндікті жіберіп алды. Очоа! Кездесудегі үшінші сэйвін жасады, бұл жолы Гильермо Неймардың құйтұрқы соққысын қайтарды. Бернардтың әдемі пасынан бірге-бір шыққан Жо Очоадан айласын асыра алмады. Матчтың 79-шы минутында Селесао капитаны Тьяго Сильва мексикандық ойыншыға қарсы ереже бұзып, Бразилия қақпасына айып соққы белгіленді. Десек те, Джовани дос Сантос айып соққыны сәтсіз орындады. Очоа! Екі метрден баспен бағытталған Тьяго Сильваның соққысын керемет қайтарды. Сөзсіз кездесудің үздік ойыншысы. Араға екі минут салып, Жулио Сезар өз командасын голдан құтқарды. Дегенмен, ойын соңына дейін есеп ашылмады – 0:0.    

 

Футболдан әлем біріншілігі. «А» тобы. 2-ші тур

Бразилия-Мексика-0:0  

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;