русский язык

ӘЧ – 2014. «Қызыл сойқандар» жігерлік танытты

ӘЧ – 2014. «Қызыл сойқандар» жігерлік танытты

Әлем чемпионатының бесінші күнінің шымылдығын Бельгия – Алжир кездесуі ашты. Соңғы «H» тобының алғашқы матч қызықты болмақ. Қос құрлықтан келген футболшылар алаңда бар өнерін көрсетіп бақты.

Ойын бірқалыпты жылдамдықпен басталды. Әдеттегідей қарсыластар бір-бірінің әлсіз жерін іздеп бақты. Алғашқы соққыны Алжир құрамасының ойыншысы Махрез жасады. Алдервейрельдті қапы қалдырған Рияд қақпаға соққы жасап көрді, алайда доп Куртуа торуылдаған қақпадан әлдеқайда жоғары кетті. Ал «қызыл айдаһарлар» сапынан бірінші соққыны Витсель орындады. Айып алаңының сыртынан бағытталған соққыға Мболи кедергі бола білді.

Алжир футболшыларының сол қапталдан бастаған шабуылда доп қақпа маңына көтерілген болатын, алайда Ян Вертонген ереже бұзып, командасына 11 метрлік айып добын алып берді. Нүктеге келген Фегули есепті ашып, командасын алға шығарды. Не дейміз? Матч осылай басталады деп кім ойлаған?

Демалысқа есепті теңестіріп шығуға Бельгия ойнышыларының мүмкіндігі болды. Ортадан бастау алған шабуыл соңы Витцельдің қақпаға соққы жасалуымен аяқталды.  Алайда Мболи бұл допты «шемішкеше шаққандай» ұстады.

«Сафиан Фигулидің алтын аяғы»

Екінші таймда алғашқы қауіпті сәт Бельгия құрамасында болды. Бұрыштама добы көтерілгенде Витцель қақпашының қателігін пайдалана алмай, допты бос қақпадан қиыс ұрды.

«Жасылдардың» 56-шы минутта есепті еселеуге тағы бір мүмкіндігі болды. Гулям көтерген бұрыштама добына бірінші болып жеткен Судани қақпаға баспен соққы жасап көрді. Алайда доп қақпа бағанасынан сантиметрге қиыс кетті.

Марк Вильмонтс шабуылды түрлендірер деген үмітпен ойынға тыңнан үш ойыншыны қосты. Сол ойыншының бірі 19 жасар Дивок Ориги алаңға шыға салып қауіпті соққы жасай білді. Қорғаушылардың қателігін пайдаланып шірене тұрып иіре соққы жасаған Оригидің жолы болмады. Тәжірбиелі Мболи шеберлігімен бүгінше тәнті етуде.

70-ші минутта Бельгиялықтар діттегендеріне жетті. Сол қапталдан де Брюйне ортаға пас асырды, ал қақпа маңында сәтті орналасқан Феллайнидің қорғаушылардың бәрінен биік секіріп ұрған добы қақпа маңдайшасының астынан кіріп,  Раисқа мүмкіндік қалдырмады.

«Азар да безер» болған Азар ортада «ортекедей ойнақтап» жүріп Мертенске пас асырып, қақпашымен жеке қалдырды. Дрис шіреніп тұрып соққы жасап, жақын бұрыштықты дәл көздеді.

Ауыз жиып үлгергенше Феллайни есепті еселеп кете жаздады. Баспен иіре ұрған соққысын Мболи қиындықпен алып шықты.

«Кездесу қаһарманы Феллайни» 

«Қызыл сойқандар» Алжир құрамасы қорғаушыларының әбден дегбірін қашырды. Осылайша жігерлік танытқан Бельгия құрамасы есепте ұтылып жатып, жеңіп кетті. 

 

 

Бельгия – Алжир 2:1 (0:1)

Гол: 24′ Фегули (0:1), 70’ Феллайни (1:1), 80’ Мертенс (2:1),

Бас төреші: Родригес Марко

Қосалқы төрешілер: Торрентера Марвин, Кинтеро Маркос

Бельгия: Куртуа, ван Бейтен, Компани, Алдервейрелд, Вертонген, Дембеле, Витцель, Шадли, де Брюйне, Э. Азар, Лукаку.

Алжир: Мболи, Аллиш, Гулям, Бугерра, Меджани, Мостефа, Бенталеб, Махрез, Таидер, Фегули, Судани

17.06.2014 22:00 Mineirao стадионы, Белу-Оризонти

 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;