русский язык

Допинг қазақ күресін де дендеп барады

Допинг қазақ күресін де дендеп барады

Қазақ күресінен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін өтетін дәстүрлі «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің ұйымдастырушылары биылғы финалдық сыннан бес балуанның шеттетілгендігін ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды «Алаш айнасы» газеті.

Мемлекеттік «Допингке қарсы ұлттық орталық» мекемесінің 2014 жылғы 20 мамырдағы допингтік сынама қорытындысына сәйкес қанының құрамында допингтік зат анықталған Батыс Қазақстан облысының балуаны Дамир Қалақов, Қостанай облысының балуаны Михаил Твердохлебов, Астана қаласының балуаны Нұрғали Байтарақов және Маңғыстау облысының балуаны Манас Иманқұлов финалдық бәсекеден шеттетілген.

Ал Қостанай облысының балуаны Ғабит Балғынбаев «Қазақстан Барысы» турнирін өткізу Регламентінің «ІV. Өткізілу тәртібі» тармағында көрсетілген талапқа сәйкес ауылдық, аудандық іріктеу сындарынан өтпеген. Сол үшін ол да финалдық бәсекеге қатысу құқығынан айырылды. 

Ұйымдастыру комитеті тарапынан жүргізілген тексеру шаралары нәтижесінде Ғабит Балғынбаев облыстық ІІІ іріктеу белдесуіне жергілікті спорт басқармасы басшыларының шешімі бойынша жіберілгендігі анықталды.

Сонымен қатар, Регламенттің аталған тармағындағы талапқа сай балуандар өздері ресми түрде тіркелген облыстың іріктеу сындарына ғана қатысуға құқылы. Тұрғылықты мекен-жайы бойынша Арқалық қаласында тіркелген Ғабит Балғынбаев Астана қаласында ұйымдастырылған іріктеу сынына қатысып, Регламенттің тағы бір шартын бұзған.

«Аталған дәйектерге сүйене отырып, Қор Ғ.Балғынбаевты Ұлт Көшбасшысы - Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің финалдық сынынан шеттету туралы шешім қабылдады» деп хабарлайды ақтық сынды ұйымдастырушылар.

Сонымен қатар, Осыған орай, 2014 жылғы «Қазақстан Барысы» жобасының ақтық додасында 28 балуан бақ сынайтын болады.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы «Қазақстан Барысы» турнирінің финалдық белдесулері 29 маусым күні елордадағы «Сарыарқа» велотрегінде өтеді. Басталуы – 13:00-де.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;