русский язык

ӘЧ-2014. «Үш жолақтылар» Гондурас құрамасын тізе бүктірді

ӘЧ-2014. «Үш жолақтылар» Гондурас құрамасын тізе бүктірді

КОНКАКАФ өкілдері биылғы әлем біріншілігінде сәтті өнер көрсетуде. Мексика мен Коста-Рика қарсыластарын қапы қалдырған болатын. Ендігі кезек Гондураста еді. Алайда олардың қарсыластары – 1998 жылғы әлем чемпиондары Франция.  

Франция құрамасы топтық кезеңде ойнаған соңғы тоғыз кездесудінде бір рет қана жеңіске жеткен. Сонау 2006 жылы Того командасын тізе бүктірген болатын. Байқағандарыңыздай, соңғы жылдары  «үш жолақтылар» топтық кезеңде сәтсіз ойнап жүр. Бұл, ең алдымен, солтүстік америкалықтар үшін пайдалы еді.

Алғашқы минуттарды еуропалықтар белсенді өткізді. Бұл ойында жарақат алып қалған Еуропаның үздік ойыншысы Фрэнк Риберидің орнына Антуан Гризманн шықты. Антуан әзірше бавариялық ойыншының орнын жоқтатпады. 15-минутта Гриз Матюиди керемет мүмкіндікке ие болды. Алайда, франциялық ойыншының соққысы қақпа бағанасына тиді. Бұдан басқа «үш жолақтылардың» барлық ұмтылысы солтүстік америкалық қорғаушылардың допты кері қайтарып тастауымен аяқталды. Гондурасын командасын 22-минутта тағы да бағана құтқарып қалды – Гризманн сол қанаттан әуелеген допты басымен бағыттаған болатын. Санаулы минуттардан кейін Кәрім Бензема да басымен қарсыласының қақпасынан саңлау табуға тырысты. «Реал Мадридтің» шабуылшысына дәлдік жетіспеді. «Катрачос» ұзақ уақыт бойы француз қақпашысы Уго Льористі ойынға араластыра алмады. Керісінше, гондурастық қақпа күзетшісі Ноэль Вальядареске бірнеше мәрте өз командасын құтқаруға тура келді. 43-минутта Уилсон Паласиос айып алаңында Поль Погбаны арқасынан итеріп жіберді. Бұны бас қазы он бір метрлік айып добы деп бағалады. Сонымен қатар, ереже бұзған гондурастыққа екінші сары қағазын көрсетіп, алаңнан қуып жіберді. Ал нүктеге келген Кәрім Бензема мүлт кетпеді.

Үзілістен кейін-ақ бірінші таймның басты қаһарманы Кәрім Бензема айып алаңында пас алып, алыс бұрышты көздеген болатын. «Бразука» қақпаның бағанасына тиіп, Вальядарестің қолына келді. Алайда Ноэль допты қолында ұстай алмай, қақпасының сызығынан өткізіп алды. Дәл осы тұста биылғы біріншілікке алғаш рет енген «Goal Control» жүйесі пайдаға асты. Қайталау анық көрсетті – доп қақпаның ішіне кіріп шықты. Гол. 72-минутта стандартты шабуылдан кейін Бензема екінші голын салды. Франциялық шабуылшы осымен тоқтап қалмай, қанжығасын үшінші рет майлауға тырысты. Он ойыншымен қалған Луис Суарес командасы кездесуді құтқарып қалатын мүмкіндікке ие болмады. «Қорғаныстың ең жақсы амалы – шабуыл» деген теорияны ойға алды ма, француздар үш голдан кейін де тыныштық таппады. Реті келсе, төртінші рет қарсыласының қақпасынан саңлау табуға тырысты. Алайда «катрачос» қорғаныста бұдан әрі қателік жібермеді.            

Франция – Гондурас 3:0 (1:0)

Голдар: 1:0 – Бензема (пен) 43, 2:0 – Вальядарес (автогол) 48, 3:0 – Бензема 72

Франция: Льорис, Дебюши, Варан, Сако,Эвра, Кабай (Мавуба 65), Погба (Сисокко 57), Вальбуэна (Жиру 78), Матюиди, Гризманн, Бензема.

Гондурас: Вальядарес, Фигероа, Бекелес, Нахар (Кларос 58), Бернардес (Чавес 46), Исагирре, Гарридо, Паласиос, Эспиноса, Костли, Бенгтсон (Гарсия 46).

Ескертулер: Эвра 8, Погба 28, Кабай 45 – Паласиос 28, 43, Гарсия 53, Гарридо 83

Алаңнан қуылды: Паласиос 43 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;