русский язык

ӘЧ-2014. Кот-д’Ивуар жапондардан жеңісті жұлып алды

ӘЧ-2014. Кот-д’Ивуар жапондардан жеңісті жұлып алды

Әлем чемпионатындағы «С» тобының басты фавориті – Колумбия. Ал екінші орынға қалған үш құрама таласатын болады. Алғашқы тур аясында осы орынға басты үміткерлер Жапония мен Кот-д’Ивуар құрамалары жасыл алаңда өзара кім мықтыны анықтады.

Эпиграф

Бұл «пілдердің» азулы шабуылшысы Дидье Дрогбаның соңғы әлем біріншілігі. Қашан да топтық кезеңнен әрі аса алмайтын африкалықтарға биыл тамаша мүмкіндік туып тұр. Алайда жапониялықтар да оңай шағылар жаңғақ емес. Соңғы жылдары плей-оффқа жиі шығып жүрген азиялықтар осы жолы да қолдан келгенше ұзаққа қалмақшы.

«Сендер допқа иелік етіңдер, біз нәтижеге ие боламыз»

Бүгін ойындардан үйреніп қалғанымыздай алғашқы минуттар шабуылдармен өткен жоқ. Тоқтаусыз жауып жатқан жаңбыр да футболшыларды білгенінен жаңылдырса керек. Сондықтан командалар алдымен орталық алаңда тартысты. Қай құраманың жартылай қорғаушылары үздік болса, солардың ойында жеңіске жету мүмкіндігі жоғары. Бірнеше уақыт бойы африкалықтар допқа иелік етіп, шабуылдың шетін шығаруға тысырқан болатын. Алайда күн шығыс елінің өкілдері ұқыпты ойнады. Тиісінше, «көк самурайлар» бірінші болып есеп ашты. Кейсуке Хонда айып алаңының ішінде допты тоқтатып, сиқырлы сол аяғымен допты тоғыздыққа «күмп» еткізді. Араға төрт минут салып жапондық Ацуто Учида есепті еселей жаздады. Алайда Бубакар Барри екінші рет өз иелігіне допты жіберген жоқ. Бұдан кейін де азиялықтар бірнеше қауіпті ұмтылыстар жасады. Ивуарлықтардың бақытына орай, бәрі де нәтижесіз аяқталды. Қара құрлық өкілдері де қарап қалмай шабуылдап бақты. Алайда оның біреуі де Эйдзи Кавасима қақпасының аңғарына қауіп төндірмеді. 30-минутта Синдзи Окадзаки қақпадан жиырма метр жерде Жервиньоға қарсы ойын тәртібін бұзды. Нүктеге келген Артур Бока тоғыздықты нысанаға алған болатын, теңбіл доп сәл қиыс кетті. Бірінші тайм аяқталар тұста Вильфред Бони әуедегі допты жерге түсірмей, бірден тепкен болатын. Нысанадан тағы да қиыс кетті. Бұл ойында Сабри Лямуши шәкірттеріне дәлдік үлкен мәселе болды. Алда белсенді ойнаған Жервиньо қос қанаттан алма кезек пастар асырды, алайда шабуылшылар допты қақпаға бағыттай алмады. Ивуарлықтар бірінші тайм бойы допқа иелік етуде үлкен басымдықта болды. Десек те, тоблодағы басымдық олардың пайдасында емес.

 Дрогба – ивуарлардың көшбасшысы

Үзілістен кейін қос құрамада сақ ойнады. «Пілдер» таразы басын теңестіру үшін алға ұмтылып, барын салды. Ал жапондар қарсыласын қарымта шабуылдан ұстап алуға тырысты. Бірақ та екі команданың да ұмтылыстары қақпаға соққы бағыттаумен аяқталған жоқ. Ивуарлықтар да, жапониялықтар да допты айып алаңына алып келгенімен, шабуылды соңына дейін жалғастыра алмады. 60-минутта Саломон Колу қырық метрдей жерден Кавасиманың қырағылын тексеріп көрді. Сәтсіз. Альберто Дзаккерони шәкірттері де жауапты шабуылын жасады, бұл жолы да қорғаныс үстемдік тантты. 62-минутта алаңға тыңнан ивуарлық ардагер шабуылшы Дидье Дрогба кірді. Дидье ойынға араласа салысымен, өз командасының қауіпті шабуылын жасады. Дрогбаның пасын ешкім голға айналдыра алмады. 64-минутта Бони Серж Орьенің оң қанаттан әуелеткен добын баспен жапониялықтардың қақпасында тулатты. Бұл голдан шабыттанып кеткен африкалықтар араға тағы да екі минут салып есепті өзгертті. Тағы да Орьенің пасынан кейін Жервиньо көзге түсті, тағы да баспен. Айналдырған екі минутта өз қақпасына қос доп жіберіп алған «көк самурайлар» психологиялық соққыда қалғаны анық көрінді. Десе де, Хонда бастаған жігіттер қарқынын үдетіп, соңына дейін күресті. Алайда қорғаныста сапалы ойнаған номиналды алаң иелері қолда бар жеңістен айырылған жоқ – 2:1.

 

Кот-д’Ивуар – Жапония 2:1 (0:1)

Голдар: 0:1 – Хонда 16, 1:1 – Бони 64, 2:1 – Жервиньо 66

Кот-д’Ивуар: Барри, Бамба, Орье, Бока (Джакпа 75), Яя Туре, Зокора, Ди (Дрогба 62), Тиоте, Жервиньо, Бони (Я Конан 78), Колу.

Жапония: Кавасима, Йосида, Морисиге, Нагатомо, Утида, Кагава (Какитани 86), Ямагути, Хасебе (Эндо 54), Хонда, Осако (Окубо 68), Окадзаки.

Ескертулер: Бамба 54, Зокора 58 – Йосида 23, Морисиге 64

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;