русский язык

ӘЧ-2014. Төрт дүркін чемпиондар турнирді сенімді бастады

ӘЧ-2014. Төрт дүркін чемпиондар турнирді сенімді бастады

Биылғы әлем чемпионаты нәтижелігімен және тосын сыйымен есте қалуда. Ең алғашқы Бразилия мен Хорватия арасындағы матчтан бері қарай әр кездесу өзіндік бір ерекшелігімен есте қалып жатыр. Ал еуропалық қос гранд Англия мен Италия арасындағы ойын несімен назарын аударта алады?

Эпиграф

Адамзатқа футбол деген ойынды әкелген осы – ағылшындар. Десек те, Англия бүгінде әлемдік доданың басты фавориті емес. Бұған дейін өткізілген он тоғыз біріншіліктің біреуінде ғана топ жарған. Осы ағылшындардың алғашқы қарсыласы Италия болмақ. Бұл құрама сегіз жыл бұрын Германия төрінде ғаламды бағындырған болатын. Десек те, 2010 жылы Оңтүстік Африкадан масқара күйінде кеткен еді. Енді сол сәтсіздіктің орнын толтыратын кез келді.

Маркизио – Старридж. Көп күттірмеген жауапты гол

Бірінші қауіпті шабуылды ағылшындар ұйымдастырды. «Ливерпульдің» жас ойыншысы Рахим Стерлинг допты қырық метрден тоғыздыққа бағыттады, алайда 19 жасар хавбекке сәл ғана дәлдік жетіспеді. Сосын ливерпульдік тағы бір ойыншы Джордан Хендерсон Сальваторе Сиригу қақпасынан саңлау іздеп көрді. Соңғысы өз орнынан табылды. Алғашқы бес минут бойы италиялықтарға қорғануға тура келді. Сосын барып ойын теңесе бастады. Чезаре Пранделли шәкірттері допқа иелік етуге тырысып, өз кезегінде қауіпті ұмтылыстар жасады. Ал Англия ойыншылары алыстан жиі соққы бағыттады. «Скуадра Адзура» да айып алаңына енбей соққы жасауға құмар болды. Бірінші таймның ортасына таман Рой Ходжсон футболшылары бұрыштама доптар арқылы бірнеше стандартты шабуылдар ұйымдастырды. Алайда Еуропаның вице-чемпиондары сәтті қорғанды. Көп ұзамай алыстан бағытталған соққылар өз жемісін алып келді. 35-минутта кері серпілген допқа бірінші жеткен жартылай қорғаушы Клаудио Маркизио  есеп ашты. Десек те, италиялықтардың қуанышы ұзаққа созылған жоқ. Бар болғаны екі минуттан кейін оң қапталдан Уэйн Руни асырған допқа Даниэл Старридж бірінші жетіп, таразы басын теңестіріп тастады. Бірінші таймның соңына таман «Скуадра Адзура» басымдықты қолына алды. Алдымен Балотелли «бразуканы» ағылшындық қақпашы Джо Харттың бойынан асырып жіберді. Соңғы мезетте бос қалған қақпаға қорғаушы Джагиелка келіп үлгерді. Кейін Кандрева екінші рет номиналды қонақтарды алға шығаруға жақын болды. Бұл жолы «үш арыстанның» қақпасына бағана көмекке келді. Осылайша, командалар үзіліске тең есеппен кетті.

Супер Марио Италияға жеңіс әкелді

Ағылшындықтар екінші таймды да белсенді бастады. Старриджтің 30 метрден тепкен добын Сиригу алаңнан шығарып жіберді. Жауапты шабуылда италиялықтар қалай гол соғу керектігін көрсетті. Оң қанаттан Кандрева әуелеткен допты Марио Балотелли баспен қақпаға дәл нысаналады. Екінші қабатта тамаша ойнайтын «үш арыстандардың» күтпеген жерден қорғанысы сыр берді. Ағылшындар бірінші таймдағыдай бірден есепті теңестіре алмады. 62-минутта Руни ұрымтал тұсқа шығып, допты қақпа аңғарынан қиыс тепті. Кейін ойынға тыңнан қосылған Росс Баркли сол қанаттан рейд жасап, әдемі соққы бағыттаған да болатын. Бірақ, теңбіл доп тағы  да Сиригудың қолынан кері қайтты. Жіберілген голдан кейін ағылшындар тайлы тұяғымен алға ұмтылды. Алайда италиялықтардың қорғанысы қателік жіберген жоқ. 76-минутта Англия құрамасы Сиригу қақпасына жақын жерден айып добына ие болды. Бэйнстің бағыттаған соққысын Сиригу өз иелігіне кіргізген жоқ. Иә, «ПСЖ-ның» қақпашысы бұл ойында жарақат алып қалған Джанлуиджи Буффонның орнын жоқтатпады. Әлемнің төрт дүркін чемпиондары екінші голынан кейін шабуылда  ауыз толтырып айтарлықтай дәнеңе істей қойған жоқ. Ойынның бітуіне санаулы минут қалғанда британиялықтар жақын маңнан тағы бір қауіпті айып добына ие болды. Нүктеге келген Стивен Джерардтың соққысы қақпадан сәл биік кетті. Төреші қосқан қосымша минутта италиялық «маэстро» Пирло допты Харт қақпасының бағанасына тигізді. Қос клубтың да бұдан арыға шамасы жетпеді. Қорытынды есеп – 1:2.  

Англия – Италия 1:2 (1:1)

Голдар: 0:1 – Маркизио 35, 1:1 – Старридж 37, 1:2 – Балотелли 50

Англия: Харт, Джонсон, Кэйхилл, Джагиелка, Бэйнс, Джерард, Хендерсон (Уилшер 73), Руни, Стерлинг, Уэлбек (Баркли 61 ), Старридж (Лаллана 79).
Италия: Сиригу, Палетта, Кьеллини, Барцальи, Дармиан, Де Росси, Кандрева (Пароло 79), Пирло, Верратти (Мотта 57), Маркизио, Балотелли (Иммобиле 73).

Ескерту: Стерлинг 90

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;