русский язык

ӘЧ – 2014. Колумбия Грекияны аямады

ӘЧ – 2014. Колумбия Грекияны аямады

Бразилияның Белу-Оризонти қаласындағы «Минейрао» стадионында «С» тобының алғашқы командалары Колумбия мен Грекия құрамасы кездесті.

Бразилиядағы әлем біріншілігінің «С» тобындағы бірінші матчы колумбиялықтардың шабуылымен басталды. Оңтүстік американдықтар бірден ЕУРО -2004-тың жеңімпаздарын қыспаққа алды. Нәтижесінде, ойынның бесінші минутында колумбиялық футболшы Пабло Армеро командасын есепте алға шығарды – 1:0. Бірден гректер есепті теңестіретін мүмкіндігін жіберіп алды, Панайотис Коненің соққысына дәлдік жетіспеді. Грекиялықтар есепті теңестіруге ұмтылғанымен, шабуылдары сәтсіз болды. Бірінші таймның аяқталуына бір минут қалғанда колумбия қақпашысы Давид Оспина гректердің үздік ойыншысы Панайотис Коненің жойқын соққысын қайтарды.   

Екінші таймның басында «Монако» мен «Колумбияның» жас жұлдызы Хамес Родригес қатты соққы бағыттады, бірақ Грекия қақпашысы өз орнынан табылды. Жалпы еуропалықтар жиі ереже бұзып, он минут ішінде екі сары қағаз алып үлгерді. Голлл!!! Бірінші таймда қабағын жарып алған колумбиялықтардың шабуылшысы Теофило Гутьеррес есепті еселеді. Араға бес минут салып грекиялық шабуылшы Теофанис Гекас қақпа маңдайшасына тиді. Әттең, есепті қысқартатын жақсы мүмкіндік болатын. Грекиялықтар шабуылдауда, бірақ сәтсіз. Былтырғы маусымда қарағандылық «Шахтерді» Чемпиондар лигасынан тайдырған Георгиос Самарастың соққысы қақпа бағанасынан қиыс кетті. Ойынның бас төрешісі қосқан қосымша минутта Хамес Родригес жалпы есепті қорытындылады – 3:0! Керемет ойын, керемет Колумбия.    

Футболдан әлем біріншілігі. «С» тобы. 1-ші тур

Колумбия-Грекия-3:0

Голдар: Армеро, 5 , Гутьеррес, 58, Хамес Родригес, 90+2 

Колумбия: Оспина, Армеро (Ариас 74) , Йепес, Сапата, Агилар (Мехия 69), Санчес, Куадрадо, Суньига, Родригес, Ибарбо, Гутьеррес (Мартинес 76)

Грекия: Карнезис, Папастатопулос, Холебас, Маньятис, Манолас, Торосидис, Кацуранис, Гекас (Митроглу 64), Самарас, Коне (Карагунис 78), Салпингидис (Фетфацидис 57)
 

Бас төреші: Марк Гейгер (АҚШ)

Ескерту алғандар: Санчес 26  – Папастатопулос 52, Салпингидис 55

14-ші маусым 2014 ж. Белу-Оризонти, Бразилия.«Минейрао» стадионы.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;