русский язык

ӘЧ-2014. Голландия финалдың кегін еселеп қайтарды

ӘЧ-2014. Голландия финалдың кегін еселеп қайтарды

2010 жылғы Оңтүстік Африкада өткен әлем чемпионатының финалы есіңізде ме? Сол кезде қос еуропалық азулы құрамалар Испания мен Голландия теке-тірескен болатын. Ал енді биыл Бразилиядағы дода қос мықтыны бір топқа салып қойды. Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды дейді. Көрейік...

Эпиграф

Плей-оффқа бірінші орынмен кімнің шығатыны осы матчқа байланысты болуы мүмкін. Кезінде бір доданың соңғы матчында ойнаған қос құрама енді, міне, басқа бір біріншіліктің екінші күнінде-ақ жасыл алаңда кім мықтыны анықтады. Бүгін командалар өздеріне үйреншікті түспен шыққан жоқ. Испания ақ, Голландия қара-көк түспен ойнауда. Бір қызығы, испаниялықтар ақ түсті жейдемен шыққанда, қашан да сәтсіздікке ұшырайды екен.

«Сен соқпасаң, саған соғады»

Алғашқы минуттар қос ұжымның бір-бірін барлауымен өтті. Ал бірінші қауіпті шабуылды голландиялықтар ұйымдастырды. Уэсли Снейдер қақпашы Икер Касильяспен бірге-бір шықты, алайда испан қақпасының күзетшісі өз иелігіне допты дарытпады. Бұл ұмтылыс испаниялықтардың есін жидырса керек, бірден басымдықты қолға ала бастады. 13-минутта «атлетиколық» Диего Коста айып алаңына енді, десе де, номиналды қонақтардың қорғаушылары шабуылшыға соққы бағыттатпады. Араға санаулы уақыт салып, Коста екінші мүмкіндігіне ие болды. Бұл жолы Силлессен қақпасына допты теуіп те үлгерді, алайда нысанадан қиыс кетті. Испаниялықтар голдың «иісін» сезе бастады ма, шабуылдарын үдете бастады. Алда белсенді ойнап жатқан Диего Коста айып алаңында қарсыласын ереже бұзуға мәжбүрледі. Нүктеге келген Хаби Алонсо мүлт кеткен жоқ – 1:0. Силессен доптың ұшу бағытын дәл тапқанымен, Алонсо соққысының жойқындығы анық байқалды. Енді голландиялықтар Арьен Роббен арқылы сол қанатта жиі шабуыл жасады. Барлық ұмтылысты қазіргі әлем чемпиондары тоқтатып тастап тұрды. Қарсыласын қарымта шабуылдан ұстап алуға құмар Пиреней түбегінің өкілдері Давид Силваны қақпашымен бірге-бір шығарып берді, соңғысы допты қақпашының бойынын асырып жіберуге тырысты. Силессен орнында. «Сен соқпасаң, мен соғам» дейді футбол теориясы. Орталық алаңнан ұзын пас алған Робин ван Перси секіріп барып, баспен соққы бағыттады. Қақпадан бірнеше метр алға шығып кеткен Икер Касильястың «бразуканы» көзбен шығарып салуға ғана шамасы жетті. Бұл голды биылғы біріншілікте соғылғандардың ішіндегі ең әдемісі дер едім.

 

Ақ жейде алаңға тасталған ақ туға айналды

Жауған жаңбырға қарамастан екінші таймды қос команда да жылдам ойынмен бастады. Екі құрама да допқа алма кезек иелік етті. 53-минутта голландиялықтар Арьен Роббеннің көмегімен алға шықты. Жартылай қорғаушы айып алаңында Пикені алдамшы қимылмен жолынан алып тастап, Касильяс қақпасынан екінші рет саңлау тапты. Испаниялықтар бұл голдан кейін психологиялық соққыда болды. Шабуылдағы көп қадамы қателікпен аяқталды. Керісінше, әлемнің вице-чемпиондары үшінші рет гол салып кете жаздады. Алайда ван Персидің соққысы қақпа маңдайшасына тиді. 65-минутта айып добынан кейін де Фрей испаниялықтардың жағдайын, тіпті, қиындатып тастады – 1:3. Бірнеше минуттан кейін доп голландиялықтардың қақпасынан табылды. Бірақ қапталдағы төреші жалаушасын көтеріп, Давид Силваның ойыннан тыс қалғанын білдірді. Испаниялықтардың матч тағдырын өзгерту үшін уақыт аз қалды. Үш голды аз десеңіз, чемпиондардың қақпасына төртіншісі кірді. Икер Касильяс допты тоқтатуда қателік жіберді, кері серпілген «бразукаға» бірінші жеткен ван Перси испан қақпашысын жазалады. Ойынның бітуіне он минут қалғанда Роббен командасының бесінші, өзінің екінші голын соқты. Қарымта шабуыл кезінде жылдамдығы жоғары Арьен допқа бірінші жетіп, бүкіл Испания қорғанысы мен қақпашысын мазақ қылып кетті. Үзілісте Луи ван Галдың не айтқаны белгісіз, бірақ голланиялықтар «Қызыл фурияға» бір де бір мүмкіндік қалдырмауда. Матчтың соңына таман Вейналдум, кейін Роббен есепті еселейтін мүмкіндікке ие болды. Қос ұмтылыста да Касильяс орнынан табылды. Төрешінің соңғы ысқырығы естілмесе де, ойынның тағдыры шешіліп тастады. Қорытынды есеп – 1:5.

 

Жоғарыда испаниялықтардың ақ жейдесі командаға сәтсіздік алып келетінін айтқан болатынбыз. Мүмкін бәріне кінәлі осы шығар?..

Испания – Голландия 1:5 (1:1)

Голдар: 1:0 – Алонсо (пен) 27, 1:1 – ван Перси 44, 1:2 – Роббен 53, 1:3 – де Фрей 65, 1:4 – ван Перси 72, 1:5 – Роббен.

Испания: Касильяс, Аспиликуэта, Пике, Рамос, Альба, Бускетс, Хаби Алонсо (Педро 63), Хави, Сильва (Фабрегас 78), Иньеста, Диего Коста (Торрес 63).

Голландия: Силлессен, Янмат, Влар, де Врей (Вельтман 77), Мартинс Инди, Блинд, де Йонг, де Гузман (Вейналдум 63), Снейдер, Роббен, ван Перси (Ленис 79).

Ескертулер: де Гузман 27, де Врей 41, ван Перси 66 – Касильяс 65

 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;