русский язык
Бокс

Абель Санчес: «Жаратқан Головкинге ерекше дарын сыйлапты»

Абель Санчес: «Жаратқан Головкинге ерекше дарын сыйлапты»

26 шілде күні WBA (Super) дәрежесі бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин осы салмақтағы экс-чемпион 33 жастағы австралиялық боксшы Дэниэл Гилге қарсы жекпе-жек өткізіп, өзінің чемпиондық атағын қорғайды. Головкиннің бапкері Абель Санчес осы кездесуге қатысты өз ойын білдірді, деп хабарлайды bnews.kz.

«Бапкері ретінде мен Головкиннің денсаулығына, көңіл-күйіне үнемі алаңдап жүремін. Рингке көтерілген уақытта да үнемі тақымымды қысып отырамын. Мен оны мейлінше бабына келтіріп, шаршы алаңға жіберсем көңілім жайланып отырамын. Өйткені, қандай мықты қарсылас болмасын оны жеңуге қауқарсыз екендігіне сенімді боламын. Ал Дэниэл Гил жайлы не айтайын, ол да мықты боксшы әрине. Ол ауыр соққыны көтере біледі, сондықтан да 12 раунд бойы бокстасуға төзімі жететін боксшы. Оның басты артықшылығы осы, ал кемшіліктері өте аз. Дегенмен, Головкин бар күшін салатын болса, Гил көпке ұзамай нокаутқа түсері анық. Бар күшін деп неге айтып отырмын. Головкин бүгінге дейін ешбір қарсыласын бар күшін салып ұрған емес, өйткені, қарсыластары оған лайық емес еді», - дейді А.Санчес.

Бапкердің айтуынша, Жаратқан Головкиннің бойына ерекше қасиет дарытқан.

«Мен осыдан 4 жыл бұрын алғаш рет Головкинді жаттықтырған уақытта, оның соққысының өте жойқын екендігіне куә болдым. Ол қолыма киген қолғабымнан ұрған сәтте сай сүйегім сырқырап кетті. Гена ол кезде бар күшімен ұрған жоқ еді, соның өзінде аяғымда әрең тұра алдым. Құдай оның бойына орасан зор күшті сыйлаған екен, сол қасиетін дұрыс жолда сарп етіп жүргеніне көзім талай жетті. Мен Головкиннің соққысын одан сайын арттыратын тәсілдерді білемін, алайда мұның әзірге қажеті жоқ деп ойлаймын. Өйткені, Жаратқан оны онсыз да күштен кенде етпеген», - дейді Головкиннің бапкері.

Алдағыны бір Алла біледі әрине, әзірге артық айтып астамшылыққа берілмей, әліптің артын бағайық. Тек отандасымыздың өз атағын абыроймен қорғауын тілейік, дейді Геннадидің жанкүйерлері.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;