русский язык

Таңат Сағындықов: «Басты арманым - Олимпиада алтыны»

Таңат Сағындықов: «Басты арманым - Олимпиада алтыны»

Оның өмірі кілемде өтіп жатыр. Алыс ауылдан Алатау баурайына жетелеп әкелген де кілемге деген, күреске деген махаббат. «Бапкерлер» айдарының бүгінгі қонағы - грек-рим күресінен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Таңат Сағындықов. Таңат ағаймен болған ашық-жарқын әңгімені қаз-қалпында назарларыңызға ұсынып отырмыз.

«Бәрі қазақ күресінен басталды»

Өзім Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайың ауданына қарасты Аралағаш ауылында туып-өстім. Бала кезім мен оқушылық өмірім алақандай ауылымда өтті. Күреске деген қабілет сол кездерден басталған. Ауылдағы әрбір бала шымыр келеді ғой. Көкпар тарту, атпен шабу, қазақ күресімен шұғылдану - қанға сіңген қасиет. Бірде Серік Рүстемов атты дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ауыл балаларының басын қосып, күрес үйірмесін ашты. Үйірме деген аты әдемі естіледі, әрине. Алайда, кілем деген атымен жоқ еді мұнда. Әйтеуір, клубымыздың барына шүкіршілік етеміз. Әркім үйінен әкелген төсеніш пен матрастарды бір-біріне қосып, күнде жаттығамыз. Шыны керек, алғашында «классикалық» күрес туралы түсінік болмады. Бәріміз тек қазақ күресін ғана білдік. Төл күресімізден тәп-тәуір жетістігім де бар. Мәселен, 10-ы сынып оқып жүргенімде сол кездегі Талдықорған облысының Көксу ауылында қазақ күресінен ел чемпионаты өтті. Аталған сында мен 49 келіде бақ сынап, чемпион атандым. Күрестегі ең алғашқы жеңісім еді бұл. Бәрі де осылай басталған. Бірде әскерден үлкен ағам келді. Ол самбомен шұғылданып, күрестің бірнеше түрін меңгерген екен. Грек-рим күресі деген спорт түрінің бар екенін алғаш рет сол ағамнан естідім. Ол маған аздап әдістерді үйретіп көрді де, қабілетім бар екенін байқап, қалаға шақырды. Мектепті тәмәмдайтын уақыт та келіп қалған еді. Айтпақшы, мен мектепте озат оқушылар қатарынан болдым. Ата-анам әңгіме арасында менің политехникалық немесе басқа да институттарға түскенімді қалаған. Алайда, күреске деген құлшынысымды байқап, таңдауыма қарсы болған жоқ. Осылайша, 1972 жылы Алматыдағы дене шынықтыру институтының «классикалық күрес» бөлімінің студенті атандым. Шын мәніндегі күрестің қандай екенін осы жерде түсіндім ғой. Кокорин деген бапкердің қолына түстім. Әлі күнге дейін білікті маманның алдынан өткенім үшін шүкіршілік етемін. Өйткені, күрес әліппесін үйреткен сол кісі болатын. Бір бірімізді өте жақсы түсіндік. Бапкер мен шәкірт арасында үйлесім бар еді. Спортшының жетістігі үшін үйлесімнің әсері мол болатынын ұмытпау керек. Бұл әлі күнге дейін күшін жоймаған қағида.

Жақсылықтың жеңісі - қазақтың жеңісі

Классикалық күрестегі нәтижелерім де көп күттірмеді. Қазақстан спартакиадасында 4-і орыннан көріндім. 1973 жылы 18 жасымда КСРО спорт шебері атандым. Бұл атаққа ел біріншілігінде күміс жүлде тағынған соң қол жетті. Қазақстан біріншілігінде бірнеше мәрте топ жарып, бүкілодақтық жарыстарда, КСРО кубогі додаларында жүлдегер қатарында болдым. Алайда, балуандық ғұмырым көпке созылған жоқ. Себебі, менің алдымда Жақсылық Үшкемпіровтей қазақтың даңқты ұлы тұрды. Жақаңмен бір салмақта, 48 келіде күрестім. Бірге жаттығу жасап, бір-бірімізге көмектестік. Жақсы жолдас болдық. Оны ағамдай көрдім. Ол мені інісіндей сыйлады. Аллаға шүкір, ара қатынасымызға бүгінге дейін сызат түскен жоқ. Мен өз әлеуетімді білдім де, бапкерлікке бет бұруды жөн көрдім. Өйткені, Жақсылық КСРО біріншілігін ұтып жүрген санаулы қазақтың бірі еді. Оның биік белестерді бағындыру мүмкіндігі мол болды. Сондықтан, Жақсылықтың жаттығуына шамам келгенше көмектестім. Мәскеу Олимпиадасына дайындық кезінде қасында көп бола алмадым. Ол кезде менің жаттықтырушылық қызметім басталып кеткен. 1975 жылы КСРО халықтарының спартакиадасы өтті. Сол сында тұңғыш рет қазақ балуандары классикалық күрестен Ресейдің алдын орап, жалпы есепте бірінші орынға шықты. 10 салмақ дәрежесінің төртеуінде бас жүлдені біздің жігіттер алып, шаттанғанбыз. Міне, аталған дода басталарда балуандардан көмегімді аямай, құраманың алдыңғы орыннан көрінуіне аз да болса үлес қостым.

1976 жылы 21 жасымда бүгінгі қызметіме кіріскен едім. Аллаға шүкір, бапкерлікке бет бұрғаныма да қырық жыл толып қалды. Осы уақыт аралығында талай балуанның томағасын сыпырдым. Талай шәкірт тәрбиелеп, байрақты додаларға құраманы бастап апардым. Мен жаттықтырушылыққа қадам басқанда, Дәулет Тұрлыхановтай батыр ұлымыз күрестегі тырнақалды жетістіктерімен қуантып жүрді.

21 жасымда кәсіби спорттан қол үзгенім үшін еш өкінбеймін. Өйткені, Жақсылық Үшкемпіров Олимпиада чемпионы атанды. Бұдан асқан не бақыт керек?! Жақсылық жеңгенде, өзім жеңгендей қуандым. Өйткені, оның жеңісі барша қазақтың жеңісі еді ғой!

Құрамаға оралу

Өзім ұлттық құраманың тізгінін үш рет қолға алдым. Ең алғаш рет КСРО ыдырап, Қазақстан дербес ел ретінде танылғанда, грек-рим күресінің балуандарына бас көз болдым. Бұл 1991-1993 жылдар аралығы еді. Дәулеттің Барселона Олимпиадасына (1992) дайындалып жүрген шағы. Кейін 2006-2009 жылдар аралығында ұлттық құраманың бас бапкері атандым. 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасына дайындалып, Қытайдағы жазғы ойындардан екі қазақ жігіті медаль әкелетін кез. 2012 жылы ұлттық құрамаға үшінші рет оралдым. Басшылық 2016 жылғы Олимпиадаға дейінгі уақытта жігіттерді дайындауды тапсырды. Бүгінде бір ғана мақсатпен жұмыс істеудеміз. Ол – 2016 жылы Бразилияда өтетін Олимпиада ойындарында қазақ баласынан чемпион шығару. 1980 жылы Жақсылыққа бағынған Олимпиада тұғырында қарагөздеріміздің қасқайып тұрмағаны жанға батады. Бұл бәрімізді ойлантып жүр. 1996 жылы Атлантада топ жарған Юрий Мельниченконы өзіміздің ұлымыздай көріп кеттік. Алайда, ол Қырғызстанда туылған. Ендігі біздің басты міндетіміз – қазақ балаларынан Олимпиада чемпионын дайындау. Оған уақыт та, мүмкіндік те жетеді.

Бапкерден шәкірт озса..

Бапкердің бақыты - шәкіртінің биіктен қол бұлғауы. Құдайға шүкір, ел мерейін асырған балуандар алдымнан өтті. Олар менің ғана емес, елдің де мақтаныштары. Алғашқы шәкірттерім арасында Дәулет Тұрлыханов бар. Дәулетті қазаққа таныстырып жатудың өзі артық. Одан соң, әлем чемпионы Бақтияр Байсейітов, халықтар спартакиадасында топ жарған Есенгелді Батырғалин, жастар арасындағы КСРО чемпионы Айбас Кочеевсынды балуандардың талантына да, еңбекқорлығына да ризамын. Екі дүркін Азия чемпионы Марғұлан Әсембеков көз алдымда өскен бала. Сонымен қатар, Нұрбақыт Теңізбаевтың Бейжің Олимпиадасында қола жүлде алуына бір адамдай еңбек сіңірдім деп айта аламын. Қарап отырсам, 40 жылда бірсыпыра жұмысты атқарып тастаппын. Сол істің бәріне Олимпиада алтынымен нүкте қойылса, арманым болмас еді. Енді шәкірттерімнің кейбір ерекшеліктеріне тоқталып кеткім келеді.

Қазақ балуандарының арасында Бақтияр Байсейітовтің шоқтығы биік. Біздің жігіттердің ішінде алғаш болып әлемді бағындырған да осы Бақтияр. Менің төл шәкіртім. Оның спорттық ғұмыры менің көз алдымнан өтті. Республикалық спорт интернатына төртінші класында келді. Бірақ күресте емес, конькимен жүгіру класында оқыды. Ал үлкен ағасы Руслан біздің үйірмеде еді. Бақтиярды да, Русланды да спортқа жетелеп әкелген әкелері. Жаны таза, жақсы адам еді. Ұлдарының уақытты бос өткізбей, спортпен шұғылдануына ықпал етті. Бір жыл коньки үйірмесінде болған Бақтияр ағасына қызығып, күреске келді. Шыны керек, сол кезде Бақтиярға қарап, одан балуан шығады деп сенгендер аз еді. Өйткені, ол өте толық болатын. Бір қарағанда, пошымы балуанға келмейді. Тек күреске деген қабілеті мен еңбекті ұштастыру арқылы есімін ел спортында қалдыра білді. Талантты, әрі еңбекқор еді. Тынымсыз жаттығудың арқасында ұлттық құрамадағы үздік балуанға айналып шыға келді. 17 жасында Қазақстан чемпионы атануының өзі не тұрады?! Кіл тісқаққан, жасы 25-тен асқан балуандар арасынан суырылып шықты. Жасөспірім кезінде КСРО біріншілігінің бірнеше мәрте жүлдегері атанды. Алайда, кез келген талантты спортшының ғұмыры секілді, Бақтиярдың спорттағы жолы да бұралаңға толы еді. Әсіресе, 23 жастан асқан соң түрлі қиындыққа тап болды. Аяғын жиі жарақаттап алды. Көп жағдайда төрешілердің әділетсіздігіне ұшыраған да осы Бақтияр дер едім. 1995 жылы Прага қаласында әлем чемпионаты өтіп, финалда ғана сүрінді. Бұл -Байсейітов шыққан тұңғыш биік. Менің де бапкер ретінде мерейім өскен кез. Бір қызығы, Бақтияр 13 қазан күні күміс жеңіп алды да, 14 қазан күні мен 40 жасқа келдім. Осы екі қуаныш қатар келіп, достарға дастархан жайғаным әлі күнге дейін есімде. Өкінішке қарай, 1996 жылғы Атланта Олимпиадасында шәкіртім сәтсіздікке ұшырап, 8-і орында қалды. Мен Олимпиада кезінде қасында бола алмадым. «Жеке бапкердің қолдауы қажет-ақ, мен де барайын» деп сұранғанмын. Алайда, ертпеді Атлантаға мені. Олимпиадада жолы болмаған соң, мамандар Байсейітовті есептен шығара бастады. 1997 жылғы әлем чемпионатында да біздің жігіттің жүлде алуға шамасы жететін. Венгр балуанымен қола медаль үшін таласты. Алайда, қазылар біздің баланы аяқтан шалып, жеңісті көпе-көрнеу венгрге алып берді. Осыдан соң Бақтияр бәріне қолын бір сілтегісі келді. «Менің үнемі жолым болмайды! Күреспеймін!» деп ызаланды. Шәкіртінің әлеуетінен жеке бапкерінен артық кім білсін?! Ебін тауып әңгімелестім. Сабырға шақырып, райынан қайтардым. Арада жыл айналып, 1998 жылғы әлем чемпионатың мерзімі де жетті. Бұл Бақтиярдың бағын жаққан дода еді. Мықты деген балуанның бәрі біздің топта болды. Бірақ ол барлығын ешкімнің күдігін туғызбастан таза жеңді! Финалда басқа емес, Олимпиада чемпионы кубалық балуанды 7:3 есебімен ойсырата ұтты! Жеңіскер балуандардың дәстүрі бойынша, мені де кілемге алып ұрғаны бар (күлді). Иә, бұл сәттер қазір естелікке айналды. Тәтті естелік. Сол кезде мәніне жете бермеппіз. Құдды, солай болуы тиіс сияқты көрінген. Ал қазіргі балалардың деңгейімен өлшесең, бұл өте қиын нәрсе. Мысалы, сол кезде Бақтиярға шүбәсіз сендім. Бірақ бүгінгі балуандар олай істей ала ма, жоқ па... Сенім аздау... Өкініштісі, Байсейітовке Олимпиада медалі бұйырмай кетті. Тағдыры, пешенесіне жазылғаны сол... 2000 жылы Сиднейде бақ сынап көрген. Жолы болмады. Бақтияр Байсейітов - әлем және Азия чемпионы, 1998 жылы Тайландта өткен жазғы Азия ойындарының жеңімпазы. Қазіргі құрамадағы балуандар мұндай деңгейге жеткен жоқ әлі. Мысалы, әлем чемпионатында Қазақстан Әнұраны соңғы рет шырқалғалы бері 15 жыл өтті. Әлі әлем чемпионы жоқ. Үміт бар, мүмкін алдағы уақытта жұлдызымыз жанар...

Бейжің 2008. Екі қазақ тұғырда

Қытайда өткен Олимпиада ойындары көңілге үміт те сыйлады, күдік те қалдырды. Үміті сол - Нұрбақыт Теңізбаев пен Әсет Мәмбетов сынды қазақ балалары Олимп тұғырынан көрінді. Екеуіне қола жүлде оңай келген жоқ. Әйтсе де, олар бар күшін салып, жанкүйер алдына жоғары рух, асқақ абыроймен оралды. Күдігі деп, төрешілердің аяқтан тартуын айтар ем. Біздің Дарханның (Баяхметов - автор) жолына тосқауыл болған - төрешілер. Егер қазылар көлденең тұрмағанда, Дарханның Олимпиада чемпионы атанып кетуі ғажап емес еді. Баяхметовтің екі белдесуінде әділетсіз шешім қабылданды. Алдымен финалға шығар кездесуде, кейін қола медаль үшін күресте қазылар қазақ жігітін аяқтан шалу үшін қолдан келгеннің бәрін істеді. Ақыры, дегендеріне жетті. Жартылай финалда Дархан француз балуанын қанша лақтырса да, ұпай бермеді. Ал кіші финалда кезіккен беларусь спортшысынан әлдеқайда әлеуетті еді біздің бала. Бірақ қанша әдіс жасаса да, төрешілердің ойы басқа болып шықты. Бейжің Олимпиадасы Дархан Баяхметовтың бабына келіп, жанып тұрған кезі еді. Жүлдесіз қалды. Өкінішті.

Нұрбақыт Теңізбаев дейсіз бе?! Мойындаймын, Нұрбақыт сияқты талантты, еңбекқор, ақылды, парасатты балуандар көп емес. Қабілеті жағынан Теңізбаевтымен тек Бақтиярға (Байсейітов - автор) теңер едім. Бүгін телефон шалып, халін сұрағанмын. Үнемі аңқылдап жүретін мінезінен бір айнымай, жігіттердің жағдайын сұрап жатыр. Арасында «Аға, осы кілемге қайта шығамын-ау» деп қояды (күлді). Бейжіңде Нұрбақыт үлкен ерлік жасады. Ширек финалдағы белдесуі көз алдымда тұр. Қарсыласы - Оңтүстік Корея балуаны. Кореялықтар аталған балуанды келесі кезеңге шығару үшін аянып қалмады. Төрешілер де өз «үлесін» қосты, әрине. Тура көз алдымда Нұрбақыттың 4 ұпайын жеп қойды. Таза ұпай беретін жерде қазылар үнсіз қалып, белдесуді жалғастыру туралы нұсқау бергенде, күйіп кете жаздайсың. Біздің Нұрбақыт ер ғой. Тағы да 4 ұпайлық әдіс жасап, кәріс балуанына амал қалдырған жоқ. Сол белдесуден соң кореялық кілемнен тұрмай, жылап жатып алды.

Кездесу аяқталған соң Нұрбақыт небәрі 15 минут тынықты. Қалпына келіп үлгермеді. Қарсыласы әзірбайжандық балуан болса, бір сағаттан бері кілемге шығуын күтіп, жайбарақат отырған. Кәріске көп күш жұмсаған Теңізбаев ұтылып қалды. Күш жоқ. Қола үші күрес кешкі сессияда өтіп, балуанымыз өз өзіне келді. Сол кездесу алдында Нұрбақытқа: «Барыңды салмасаң болмайды. Жеңісті жұлып алуың керек! Әйтпесе, өз жанкүйерінің алдында қытайлық балуанды жеңу оңай емес. Бір сәтке де босаңсыма! Құласаң тек ысқырық естілгенде барып құлайсың!» дедім. Кілем иесіне, Олимпиада қожайынына қарсы күресудің не екенін Нұрбақыт жақсы біледі! Еш айла қалдырмай, ұтып алды. Ал соңғы жасаған әдісін айтсаңызшы! Кілемнен жұлып алып лақтырды. Ырза болдым.

Әсет Мәмбетов өте еңбекқор жігіт. Мен сыйлайтын балуандардың бірі. Күреске деген таланты аз болса да, еңбектің арқасында Олимпиада медаліне қол жеткізген жігіт. Бейжіңде ол еліне де, өзіне де сый жасады.

«Марғұланға бақ жетпеді»

Спортта баппен бірге, бақтың да үлкен рөл ойнайтыны рас. Марғұлан Әсембеков сол бақтың жетпеуінен биікке шыға алмады. Талантты. Бой да, салмақ та, бәрі де бар. Бірақ Олимпиадаға жолы түспей, әлем чемпионатынан жүлдесіз қалды. Иә, екі мәрте Азия чемпионы атанды. 2005 жылы Түркияда өткен Универсиада ойындарында алтыннан алқа тағып, сол жылы әлем чемпионатында 5-і орын алды. АҚШ балуанымен үшінші орынға таласып, тең жағдайда өткен белдесуде төрешілер шешімімен жеңіліп қалған. Ең үздік нәтижелері осы. Марғұланның әлеуеті әлемді алуға да жететін. Жолы болмады баланың. Кейін оның салмағында Әсет Мәмбетов сәтті өнер көрсете бастады. 2007 жылы Қазақстан спартакиадасында Әсет Марғұланды ұтып алды да, Олимпиадаға лицензия тарататын әлем чемпионатына қатысты. Осыдан соң, Әсембековтың Олимпиада ойындарына жолы түспеді.

Жеңіске жету үшін не істеу керек?!

Жетістікке жету үшін жүйелі жұмыс істеу қажет. Шүкір, қазір біздің құрама белгілі бір жүйемен келеді. Әрине, мәселе жоқ емес, бар. Алайда, оның бәрін айта бергеннен гөрі, шешудің жолын қарастырған жөн деп білемін. Спортта жақсы нәтиже көрсетудің бір ұшы - бапкер мен шәкірттің түсіністігінде жатыр. Бүгінде біз тек қана Алмат Кебіспаев пенНұрмахан Тінәлиевті дайындаймыз деп емес, бүкіл жігіттерді көтереміз деп еңбектеніп жатырмыз. Бір адамды емес, он, жиырма, отыз жігітті шыңдау керек. Сол кезде бәсекелестік пайда болады да, сапа арта түседі. Мысалы, Астанада өткен Азия чемпионатына кіл жастарды шығардым. Көрсін, ысылсын, шамасын байқатсын деген ой ғана болды. Жүлде туралы ойлаған жоқпын. Нәтижесін білесіздер. Жалпы есепте бірінші орын алдық. Біз құрлық додасында үнемі үштікке ілігеміз. Алайда, соңғы жылдары Иранның алдын орау қиынға соғып жүр еді. Қуанышқа қарай, өз жерімізде намысты қолдан бермеді жастар. Ойлап қарасам, тарихта үшінші рет біз Азия чемпионатының жалпы есебінде бірінші орынға шығыппыз.

Елімізде күрес ең танымал спорт түрлерінің қатарына жатады. Бұл қуантады. Балуан жастар көбейсін десек, кілемі бүтін спорт залдарын көбейткеніміз жөн. Жақында Жақаң (Жақсылық Үшкемпіров - автор) Мыңбаев ауылында керемет зал ашты. Балалар мәз. Барлық құрылғалырмен жабдықталған, шомылатын жері де бар. Осындай залдар керек пе? Әрине, керек. Дәулет Тұрлыханов та өз ауылында спорт мектебін ашты. Енді осы үрдісті қалталы азаматтар жалғастырса, нұр үстіне нұр болмай ма?!

Басты қарсыластар кімдер?!

Мен басты қарсылас санайтын үш күрес мектебі бар. Олар: Ресей, Оңтүстік Корея және Иран. Аталған үш елдің балуандары әлемді билеп тұр. Ал үшеуінің ішінде Иранның деңгейі жоғары деп ойлаймын. Иранның балуандары неге мықты?! Өйткені, олардың әр ауылында 3-4 кілем жатыр. Қалалары туралы айтпай-ақ қояйын. Оның үстіне, күрес парсы елінде нөмірі бірінші спорт түрі саналады. Өмір бойы соғысып келген ирандықтар жаужүрек халық. Сондықтан, әлемде бірінші болуы да әділетті. Біз де ешкімнен кем емеспіз. Бабаларымыз батыр, жаужүрек болмағанда, ұлан-байтақ жерге қалай ие болар едік?!

Теһран. Әлем кубогі - 2014

Иранда өткен әлем кубогі додасына бірінші нөмірлі спортшыларды қатыстырмадық. Тағы бір мәрте жастарға мүмкіндік беріп, олардың кілемді сезініп, қарымды балуандармен күресуіне жағдай жасадық. Негізі, 7-і орын жаман көрсеткіш емес. 2013 жылғы әлем чемпионатының қорытындысынан кейін де біз 7-і сатыға тұрақтаған едік. Айтпақшы, осы сыннан соң Лондон Олимпиадасының жүлдегері Даниял Гаджиев пен тәжірибелі Асхат Ділмұхамбетовтің қазіргі деңгейін байқап көрдік. Өкінішке қарай, Даниял көңілден шықпай тұр. Әлі дайындалу керек оған.

Ташкент пен Инчхон арасы

Қыркүйек айында Ташкентте өтетін әлем чемпионатына үлкен мақсат қоймадық. Өйткені, біз үшін биылғы жылдың басты жарысы - Инчхонда өтетін жазғы Азия ойындары. Сондықтан, бірінші нөмірлі спортшыларды құрлықтың кішігірім Олимпиадасына дайындау үстіндеміз. Ал Ташкент кілеміне тәжірибелі спортшылар арасынан 59 келідегі Ербол Қоңыратов және 130 келідегі Нұрмахан Тінәлиев шығады. Ербол бұрын 66 келіде күрескен. Біраз салмақ қуды. Жасы да отыздан асып барады. Сол себепті, оған соңғы мүмкіндік беріп отырмыз. Егер Ташкент кілемінен жүлдемен оралса, Ербол күреспен қоштасады. Нұрмахан бұрынғыдай салмақ қумайды қазір. 130 келі Тінәлиев үшін өте ыңғайлы. 120 келіде күрескенде 15 келі салмақ тастайтын. Нұрмахан үш мәрте әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды. Енді қоланы алтынға алмастыратын кез жетті. Әлемдік сынға анық қатысатын екі балуан осы. Қалған салмақта кімдердің қатысатыны әзірге белгісіз.

Инчхондағы Азия ойындарына көлденең жарақаттан аман болса, Алмат Кебіспаев (59 келі), Мақсат Ережепов (71 келі),Нұрсұлтан Тұрсынов (85 келі), Ерұлан Ысқақов (98 келі), Нұрмахан Тінәлиевтер (130 келі) аттанады. 66, 75 және 80 келіде нақты кімдердің қатысатынын жақын күндері анықтаймыз. 80 келіде Азамат Күстібаев пен Даниял Гаджиевтіңбіріне таңдау түседі. Екі жарысқа да қатысатын Нұрмахан. Тінәлиевтің жағдайын жақсы білемін. Ол жиырма күнде қалпына келіп үлгереді. Оның үстіне, аса ауыр салмақтағы Азия балуандары керемет емес. Сондықтан, Нұрмаханға Инчхонда тек алтын алу міндеттеледі. Азия ойындарында алтыннан басқада ойы болмауы керек Нұрмаханның.

Балуанға керек қасиет қандай?!

Балуанға ең бірінші жүрек керек. Күштің де, жылдамдықтың да, шеберліктің де жүрегің мықты болмаса, қажеті шамалы.

«Отбасымның қасында болсам жеткілікті»

Ер кісі түздің адамы ғой. Сондықтан, үйде көп бола бермеймін. Уақытымның көп бөлігі жарыс пен жаттығу жиындарында өтеді. Ал үйдің берекесін келтіріп отырған жарым мен балаларым және тәтті немерелерім. Қолым қалт етсе, жанұяма жетуге асығамын. Өзім әу бастан аңшылық, саят құру, балық аулау дегенге құштар емеспін. Маған тынығу үшін отбасы мен ағайын-туыстың арасында, дастархан басында әңгіме құрып отыру жеткілікті. Өзім көпшіл адаммын. Содан соң, үлкен тенниске қатысатын немеремнің аяқ алысын қадағалап, теннис қарауға барамын. Осылайша, санаулы демалыс күні де өтіп кетеді.

«Басты арман  Олимпиада алтыны»

Менде жалғыз арман бар. Ол - қазақтан Олимпиада чемпионын шығару. Әлем чемпионы бар, Азия чемпионы бар. Олимпиада ойындарының жүлдегерлері де бар. Жетпей тұрғаны - Олимпиада чемпионы. 2016 жылы қазақ баласы чемпион атанса, арманым болмас еді.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;