русский язык

Роналду, Клинсманн және «Бундестим». «G» тобы туралы ой-толғау

Роналду, Клинсманн және «Бундестим».  «G» тобы туралы ой-толғау

Бразилиядағы әлем чемпионатының басталуына бір апта уақыт қалды. «PROСПОРТ Қазақстан» тілшісі сіздерді әлемдік мундиальдің ең қызықты «G» тобымен таныстырып өтпек.

Азуын айға білеген Германия мен Роналду бастаған Португалия құрамасы, Африканың қара жұлдыздары Гана мен Солтүстік Американың ең басты командасы АҚШ жеребенің қорытындысы бойынша «G» тобына түсті.

Ройс, Озил мен Мюллердің командасы әлем чемпиотын ұта ала ма?

Германия бұл топтың ғана емес жалпы әлем біріншілігінің ең басты фавориттердің бірі. Йоахим Левтің командасы жыл сайын күшейіп келеді. Құрамында – Марко Ройс, Месут Озил, Томас Мюллер секілді жас жұлдызары бар бұл команданың Бразилиядағы әлем чемпионатын ұту мүмкіндігі зор. Әйтсе де, германиялықтардың топтан шығатынына күмән жоқ. Әлем чемпионатының үш дүркін жеңімпаздары Оңтүстік Америкада жеңіске жетіп жатса ешкім таңғалмайтыны анық. Команданың көшбасшы ойыншылары – Еуропаның ең мықты командасы «Баварияда» ойнайды. Сондай-ақ, әлем біріншілігінің тарихындағы ең үздік бомбардирлердің бірі Мирослав Клозе Бразилияда жаңа рекордын орнатпақ. Тарихқа сүйенсек, Германия құрамасы соңғы 12 жылда әрбір үлкен додада кем дегенде жартылай финалға дейін шығып келеді. Бұл жолы «бундестим» алдында тек қана бір мақсат – ол Әлем чемпионатының төрт дүркін жеңімпазы атану.

Топтық кезең Роналдусыз өтеді

Мадридтік «Реалдың» сапында жарақат алған Криштиану Роналду Португалия құрамасына топтық кезеңдегі ойындарда көмектесе алмайтын болды. Сондықтан Криштидің орны ойсырап тұр. Еуропалық бразилиялықтар (Португалдықтардың лақап аты) үшін бұл жағдай қиындай түсті. Өйткені, Португалия құрамасын Роналдусыз елестету қиын. Криштианусыз өткен ойындарда португалдықтар жиі жеңіліске ұшырайтын. Плей-офф кезеңіндегі Швециямен ойында жеңісті сыйлаған да Роналду емес пе? Демек, G тобында екінші орын үшін Португалия, Гана және АҚШ арасындағы талас қызу болмақ. Тіпті «Зенниттің» жұлдызы Данни мен «Портудың» қаһарманы Рикарду Куарежма әлем чемпионатынан тыс қалды. Сондай-ақ, Пепенің қатысу-қатыспауы әлі белгісіз. Бұның бәрі Португалия құрамасының әлсіреуіне әкеп соғады. Дегенмен, Пауло Бентоның командасында жас һәм мықты ойыншылар жетеді. Бұдан не шығатынын алдағы уақытта көреміз.

Қара жұлдыздардан не күтуге болады? 

Соңғы жылдардағы Африканың ең беделді командасы  – бұл Гана. Соңғы екі әлем чемпионатында қара жұлдыздар топтан шығып плей-офф кезеңіне дейін жеткен. 2006-шы жылы 1/8 финалда Бразилияға есе жіберсе, төрт жылдан кейін Оңтүстік Африкада олар ширек финалға дейін жетті. Қазірде ганалықтардың қатары толық. Асамоа Гьян, Кевин-Принц Боатенг бастаған жігіттер барша әлемді таң қалдыруға дайын. Португалдықтарда Роналдудың топтық кезеңде ойнай алмайтынын ескерсек, қара жұлдыздардың топтан шығуға жақсы мүмкіндіктері бар. Гана құрамасы ең алдымен командалық ойынмен ерекшеленеді. Африкадағы ең ұтымды ойыны бар команда – осы Ганалықтар. Команданы жергілікті бапкер Джеймс Квейзи Аппиа жаттықтырады. Ал капитаны Майкл Эссьен үшін бұл соңғы әлем чемпионаты.  

Юрген Клинсман 2006-шы жылғы ерлігін қайталамақ

Солтүстік Америкадағы екі беделді командалардың бірі – АҚШ құрамасы. Сапында Роналду немесе Ройс секілді жұлдыздардың жоғына қарамастан американдықтар өте қызықты футбол көрсетеді. Қазірде бұл команданы Германияны 2006-шы жылы қола медальге жеткізген белгілі маман Юрген Клинсманн жаттықтырады. АҚШ көбінде жергілікті ойыншылардан жасақталған. Десек те, олардың арасында тәжірибелі Еуропада аты шыққан ойыншылар бар. Мәселен, Клинт Демпси, Тим Ховард, Майкл Брэдли, Джози Альтидор секілді мықты футболшылар Әлем мундиалінде бар өнерлерін көрсетуге дайын. Соңғы әлем чемпионатында «Янкилер» 1/8 финалда Ганалықтардан ұтылған болатын. Биыл африкандықтардан сол есесін қайтаруға тырысатыны анық. Жалпы бұл командадан не күтуге болатынын болжамдау өте қиын. Себебі олардан кез келген сәтте тосын сый күтуге болады.

Қорытындалай келе, G тобындағы командалардың күші бірдей екенін аңғардық. Тек қана Германия құрамасы қалған үшеуінен мықтырақ көрінеді. Ал, Португалия, Гана мен АҚШ құрамалары арасында қызу талас жүретіні айдан анық.

 

Шолушы: Қайсар ОҚАС

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;