русский язык

Қызылордада жағажай футболының аренасы ашылды

Қызылордада жағажай футболының аренасы ашылды

Жағажай футболы Сыр өңірінде ғана емес, жалпы Қазақстан бойынша кенже дамып жатқан ойын түрі. Еліміздің тек бірді-екілі аймақтарында ғана болмаса, жағажай футболымен айналысатындар Қазақстанда аз. Дегенмен, бұдан былай футболдың бұл түрі Қызылорда облысында қарқынды дамитын болады.

Қызылорда облыстық футбол федерациясының 2013-2020 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, қаланың «Сыр самалы» жағажайында жағажай футболының аренасы салынып, пайдалануға берілді.

Құрылысы бір жарым айға жалғасқан аренаны Қызылорда облыстық футбол федерациясының тапсырысымен «Мелиоратор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салды. Аренаның ашылу салтанатында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Қызылорда облыстық футбол федерациясының президенті Нұржан Әлібаев, «Мелиоратор» ЖШС директорының орынбасары Мейрам Жұбекешов және «ҚазТрансГазАймақ» Қызылорда өндірістік филиалының директоры Болат Мұртазаев сөз сөйлеп, салтанатты түрде лентасын кесті.


- Барлықтарыңызды бүгінгі аренаның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Пайдалануға беріліп отырған жағажай футболының аренасы – жаңа дамудың бастамасы болады деп үміттенеміз. Сыр өңірінде де жағажай футболымен айналысып, елдіміздің намысын асқақтататын саңлақтар көп болады деп сенеміз, - деді ашылу салтанатында сөз сөйлеген Нұржан Нұрмағамбетұлы.


Ашылу салтанаты жеткіншектер арасындағы турнирмен жалғасып, арена тарихындағы алғашқы голды №6 ОБЖСМ командасының ойыншысы Ерсұлтан Ыдырысов соқты. «ҚазТрансГазАймақ» Қызылорда өндірістік филиалы турнирдің жүлде қорын 100 мың теңге көлемінде тағайындап, бірінші орын №6 ОБЖСМ командасы жеңіп алды. Бұл команда сәйкесінше, 50 мың теңгеге ие болса, екінші орын алған командаға 30 мың теңге бұйырып, 3-орын иегері 20 мың, 4-орын иегері 15 мың теңгеге қол жеткізді. Сондай-ақ, турнирдің үздік қақпашысы Бағдәулет Әбжан мен үздік ойыншысы Құрмет Жұмағали де бағалы естелік сыйлықтармен марапатталды.

 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;