русский язык

Шахматтан Қазақстан құрамасы Ираннан олжалы қайтты

Шахматтан Қазақстан құрамасы Ираннан олжалы қайтты

Шахматтан Қазақстан құрамасы Иранда өткен Азия ұлттары кубогынан жүлделі оралды. Бұл туралы astana.kz сайтына ҚР Шахмат федерациясының баспасөз мәслихатында мәлім болды.

«Ерлер мен әйелдер командасы қатысты, олар жарыста жақсы нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, ерлер командасы жедел шахматтан (рапид) алтын алса, әйелдер командасы жеке есепте күміс пен қола иеленді», - деді ШҰКД мемлекеттік бапкері Нұрлан Ыбыраев.

Шахматтан ерлер құрамасының бас бапкері Серікбай Темірбаев жартылай финалда қазақстандық команда Вьетнам құрамасын артта қалдырғанын атап өтті.

«Ақтық сында отандық команда шахматтан Азия көшбасшысы Қытай құрамасын 2,5-1,5 есебімен жеңіске жетіп чемпион атанды», - деді ол.

Еске салайық, 20-30 мамырда Иранның Тебриз қаласында Азия ұлттарының кубогы өтті. Бағдарламаға классикалық, блиц және жедел шахмат енді. Жедел шахматта ерлер сәтті өнер көрсетті. Ал әйелдер бесінші орынға табан тіреді. Өкінішке орай классикалық шахматтан Қазақстан жүлде ала алмады. Блиц қорытындысы бойынша ерлер 6 орын, әйелдер үшінші орын алды.

Қазақстан құрамасы елге олжалы қайтты. Спортшылардың пікірінше, бұл жарыс Тромс қаласында өтетін Дүниежүзілік шахмат олимпиадасына басты дайындық болып табылады.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;