русский язык

ӘЧ-2014. Аргентина оңай топқа түсті

ӘЧ-2014. Аргентина оңай топқа түсті

Төрткүл дүниені дүр сілкіндіріп, төрт жылда бір келетін үлкен футбол мейрамына қатысатын құрамаларды таныстыруды әрі қарай жалғастырамыз. Назарларыңызға төрт құрлық өкілдерінің басын қосқан F тобын ұсынамыз.  «PROСПОРТ Қазақстан» тілшісі Айбар Рысдәулет Аргентина, Босния және Герцеговина, Нигерия, Иран сияқты құрамаларды саралап әр қайсысының топтан шығуға деген мүмкіндігін ой-електен өткізіп көрді.

 

Мессидің арманы орындалады ма?

Аргентина құрамасы - «F» тобындағы басты фаворит, құрамында «Алтын доптың» төрт дүркін иегері Леонель Месси сынды футболшылары бар. Кез келген жарыста үздіктер мінберінен көрініп үйренген бұл команда биылғы мундиальға да чемпиондық тәжді киюді мақсат етіп келді. Осыған дейін әлем біріншілігінде 2 рет топ жарған Аргентина үшін 18 жыл бұрынғы жетістігін қайталауға мүмкіндік туып тұр. Месси, Агуэро, Игуаин, Маскерано, Ди Мария секілді кіл мықты ойыншылардан жасақталған құраманың қазір жасындай жарқылдауы керек.  Африка құрлығында өткен әлем чемпионатында Марадонна баптаған жігіттер ширек финалда неміс машинасының қарқынына төтеп бере алмай, 4:0 есебімен тас-талқан етіп жеңілген болатын.  Ал ендігі біріншілікте Сабелья бапкердің алдына топтық кезеңнен шығу емес, кем дегенде финалда ойнау деген мақсат қойылды. Жанкүйердердің бар үміті  «Барселонаның» жарық жұлдызы — Мессиде. Лео капитандық лауазымын ойдағыдай атқарып, «каталондық» клуб сапында көрсеткен ойынын қайталаса мақсаттарына жетеді.

 

 

 

Алғашқы мундиаль

Босния және Герцоговина әлем чемпионатына бірінші рет жолдама алды.  Югославиядан бөлінгеннен кейін жаңа тарих бетін ашқан құрама үшін бұл ерекше сәт. Әлемнің ең үздік лигасы АПЛ-де доп тебетін Эдин Джекодан басқа сапында азулы ойыншылар жоқ.  Әрине Эмир Спахичті айтуға болар еді, алайда бұл ойыншының дәуірі өткелі қашан?  Қазақстандық «Шахтердің» намысын қорғап жүрген Алдин Джидич пен Никола Василевич те осы елдің азаматтары. Бұрындары Ұлттық құрамаға жиі шақырту алатын ойыншылар жастарға жол берді. Бұл құрамаға әлем чемпионатында тек сәттілік жолдас болсын дейміз.

 

 

 

Нигерияның бесінші чемпионаты

Нигерия құрамасы үшін Бразилияда өтетін әлем чемпионаты бесіншісі болмақ. Бұған дейін 1994, 1998, 2002, 2010 жылдары қатысқан болатын. Сапында айтарлықтай азулы, мықты ойншылар жоқ. Тек еуропалық деңгейде алып қарайтын болсақ Оби Микель, Ахмед Мұса, Эммануэль Эменике секілді ортаңқол футболшылары бар.  Әлем біріншілігінде екі мәрте 1/8 финалға шыққан екен.  Жалпы алып қарағанда осы топтағы ФИФА рейтингісінде де қалған құрамаларға қарағанда төмен орналасқан. Биыл Стивен Киши шәкірттері үшінші мәрте плей-офф дәмін татып көрмекші. Бұйырып жатса одан ары шықпасқа? «Бірлік болса, тірлік те болады» дегендей бірігіп, команда ретінде «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» ойнаса плей-офф тұрмақ, ширек финлдан бір-ақ шығады.

 

 

 

Жалғыз мұсылман елі

Бұл құрама Азияда атой салып жүрген ұжымдардың бірі. Иран - Азия чемпионатының үш дүркін жеңімпазы. Бір әлем біріншілігін өткізіп барып, әлемнің үздік құрамаларының аламанына қайта қосылды.  1978, 1998 және 2006 жылғы әлем чемпионатына қатысып, топтық кезеңнен ары аса алмаған.  Биылғы жылы 1/8 финалға жолдама алсам деп келіп тұр Карлуш Кейруш бапкер.

 

 

 

Бұл топта фаворит – Аргентина. Ал екінші орын үшін қызу талас жүреді. Үш құраманың бір-бірінен асып тұрған ештеңесі жоқ. Әр қайсысының да топтан шығуға мүмкіндігі бар.

 

Назарларыңызға осы топтағы құрамаларға қатысты әлем чемпионатындағы қызықты мәліметтерді ұсынамыз:

·        Аргентина құрамасы ФИФА қол астында ұйымдастырылатын жарыстардың барлығында жеңімпаз атанған.

·        Иран  сапында 1993-2006 жылдары өнер көрсеткен Али Даеи 109 гол соғып, өзіндік жеке рекорд орнатты. Әлемде өз құрамасында жүріп мұндай гол соққан футболшы                жоқ. Ол – сонымен қатар 1996 жылы бір жылдың ішінде ресми ойындарда 20 доп еңгізген тарихтағы жалғыз футболшы.

·       Босния және Герцоговина құрамасы үшін Бразилиядағы әлем біріншілігі біріншісі болмақ.

·      1930 жылғы әлем чемпионатында қызық жағдай орын алды. Аргентина – Мексика ойынында Аргентиналықтардың қақпасына 11 метрлік айыпдобы белгіленеді. Алайда               Сумельстің соққысын қақпашы қайтарады, Сумельс қайтадан допқа ұмтыла бергенде қақпашы оны шалып жығып, төреші тағы да пенальти қояды. Бірақ Бонфилья                         қақпасын қайтадан бос қалдырып, матч қаһарманы атанады.

·      2030 жылғы әлем біріншілігін Аргентина елі өткізуге қызығушылық танытып отыр.

              Шолушы: Айбар РЫСДӘУЛЕТ

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;