русский язык

«Е» тобы есептеуімізше. Швейцариялықтар үздік ойынын көрсетпек

«Е» тобы есептеуімізше. Швейцариялықтар үздік ойынын көрсетпек

Әлем чемпионатының басталуына аз уақыт қалды. «PROСПОРТ Қазақстанның» тілшілері  әр топқа жеке‑жеке тоқталып, додаға қатысатын құрамаларды оқырманға тәптіштеп таныстырып жатыр. Қатарына бір әлем чемпионын қосқан «Е» тобына сараптама ұсынамыз.

Швейцариялықтар үздік ойынын көрсетпек

Швейцария құрамасы әлем біріншілігіне тоғыз рет қатысқан. Қазір Оттмар Хитцфельд жаттықтыратын команданың ең жақсы көрсеткіші – ширекфинал. Биыл бұл ұжымның тобы аса ауыр емес, плей‑офф бәсекесіне шығуға болады. Осыдан төрт жыл бұрын топтық кезеңде болашақ әлем чемпионы Испанияны жерге қаратқан швейцариялықтар үшін экс‑чемпион Франция да қорқынышты емес. ФИФА рейтингінде сегізінші сатыда тұрған команда топтық кезеңнен бірінші орынмен өтуге тырысатыны анық. Оның үстіне, бұл құрамада Шакири сында еуропалық топ‑клубта өнер көрсететін азулы футболшы бар. Жалпы жазда болатын турнирге Хитцфельд өз сапына Бундеслигада ойнайтын тоғыз ойыншыны шақырған екен. Бүгінгі күнде неміс футболының дүркіреп тұрғанын ескерсек, Швейцария құрамасын сол лигада ойнайтын ойыншылар жерге қаратпайтыны белгілі.

 

Антонио Валенсия Эквадорға көмектесе ала ма?

«Манчестер Юнайтедте» доп тебетін Валенсиядан бөлек Эквадорда анау айтарлықтай азулы футболшы жоқ. Максимо Бангера, Хуан Карлос Пареде, Луис Сариптама секілді «Барселонаның» намысын қорғайтын ойыншылар бар. Бірақ бұл «Барса» ‑ испаниялық емес, эквадорлық клуб. Жалпы, оңтүстік америкалық құрама әлемдік додаға екі рет қатысқан екен. Алғашқы рет 2002 жылы бұл турнирде бақ сынаған Эквадор топтық кезеңнен кері қайтты. Араға төрт жыл салып Рейнальдо Руэда шәкірттері Германияда 1/8 финалға шықты, ал плей‑оффта команданы Англия құрамасы тізе бүктірді. Енді тарихындағы үшінші әлем чемпионаты эквадорлықтар үшін сәтті аяқталады дегенге сену қиын.

 Француздардың дәурені аяқталды ма?

Тарихы терең, білікті футболшыларға бай Франция құрамасы үшін әлемдік турнирдің топтық кезеңі түк емес болуы шарт. Алайда Оңтүстік Африкада өткен дода есіңізде ме? Наполеонның «ұрпақтары» бір ғана ұпай жинап, плей‑оффқа шыға алмай қалған-ды. 1998 жылы ең үздік құрама атанған француздарға өткенді ұмытып, алға ұмтылу қажет. Жалпы, осы әлем біріншілігіне де Дидье Дешам командасы ілініп‑салынып өтті. Аңызға айналған Зинедин Зидан, Тьери Анри дәуірінен кейін Фрэнк Рибери бастаған француздар қазір өзіне тән ойынды таба алмай жүр. Мүмкін, осы әлемдік дода сәтсіз көрсеткіштерге нүкте болатын шығар. Он үш рет аталмыш турнирге қатысып, екі мәрте қола, бір рет күміс және алтын алған құраманың нашар ойнауы мүмкін емес қой, ә?.

Гондурастың бар таласы

Гондурас жоғарыда аталған үш құрамаға ұпай тұрушы рөлін атқаруы мүмкін. Сонау 1982 жылы әлем біріншілігіне қатысқаннан араға жиырма сегіз жыл салып, Оңтүстік Африкадан қайта келген болатын. Алайда сол жылы солтүстік америкалытар келесі кезеңге өте алмады. Биыл да плей‑оффтың дәмін тату қиын болатын шығар оларға.

Назарларыңызға осы құрамаларға қатысты әлем чемпионатындағы қызықты мәліметтерді ұсынамыз:

· Үш құрама ғана Әлем және Еуропа чемпионы атағын қатар ұтқан: Олар Франция, ФРГ және Испания.

· Әлем біріншілігіндегі алғашқы голды 1930 жылы 13 маусымда француз Люсьен Лоран жергілікті уақыт бойынша шамамен 15:20-да салды.

· Бір турнирде ең көп гол соққан француз Жюст Фонтен: 13 гол (1958 жылы).

· Соңғы рет Франция мен Гондурас әлем біріншілігіне бірге 1982 жылы қатысты. Испанияда өткен турнир солтүстік америкалықтар үшін бірінші кезеңде аяқталса, француздар жартылай финалға дейін сүрінбей жеткен.

· 2002 жылы Франция Дания, Сенегал, Уругваймен бір топта ойнап, бір ұпаймен соңғы орын алған болатын. Араға сегіз жыл салып француздар осы нәтижесін тағы қайталады. Ең қызығы, екі жағдайда да Франция Уругвай құрамасымен тең түскен еді.

· Оңтүстік Корея мен Жапонияда өткен әлем чемпионатында Эквадор құрамасы алғаш рет бақ сынады.

· 2006 жылы Германияда өткен турнирде Швейцария мен Франция бір топта ойнады. Сол кезде «үштүстілер» екінші, швейцариялықтар бірінші орын алған болатын. Ал өзара кездесу 0:0 есебімен аяқталды.

· Швейцария құрамасы 2006 жылы 1/8 финалда Украинадан ойын соңындағы пенальтиден жеңілді. Ең қызығы, швейцариялықтар сол турнирде өткізген төрт матчында да гол жіберген жоқ (пенальтиді есептемегенде).

· 2006 жылы Франция мен Италия командалары арасындағы финалдық матчта атақты ойыншы Зинедин Зидан қарсыласы Марко Матерацциді басымен ұрып алаңнан қуылды.

· 2010 жылғы доданың екінші турында Чилиге қарсы ойнаған Швейцария құрамасы әлем біріншілігінде өз қақпасын 558 минут бойы голдан аман сақтаған. Бұл аталмыш турнирдің жаңа рекорды болып саналады.

· 2010 жылы алғаш рет бір құрама сапында үш ағайынды ойнады – Джонни, Джерри және Уилсон Паласиостар (Гондурас).

Шолушы: Есет ТӨЛЕШ

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;