русский язык

Әлем біріншілігі. А тобындағы арпалыс қалай бітеді?

Әлем біріншілігі. А тобындағы арпалыс қалай бітеді?

Төрт жылда бір рет төрт күл дүниенің азулы құрамаларын жинайтын Әлем біріншілігі 80 жыл бойы жаздың басты мерекесіне айналып келеді. Айтулы дода биыл Бразилия даласында жиырмасыншы рет бастау алмақ. Тарих әлемдік кубоктың қашан да тартысты өтетіні туралы сыр шертеді. Ендеше «PROСПОРТ Қазақстан» ұжымы биыл-ақ тарихқа айналар сегіз топтың құрамалары туралы баяндайды.

А тобы

Бұл топта қарсыласын қоғадай жапырар Бразилия құрамасы Хорватия, Мексика, Камеруннан емтихан алмақ. Өз алаңында Селесао ұятқа қалмасы анық. Қашан да үздік атануға ұмтылатын бразилиялықтар үшін топтық кезеңнен сүрінбей өту түк емес. Ал екінші орын алуға қалған үш құраманың да мүмкіндігі бірдей.

Назарларыңызға А тобындағы командаларға қатысты маңызды да қызықты мәліметтер ұсынамыз.

– Бразилия – әлем біріншілігінің барлығына да қатысқан жалғыз құрама.

 – Қазіргі уақытта әлем Кубогын не еуропалық, не оңтүстік америкалық құрама жеңіп алған екен.

 – Ешбір команда қатарынан үш рет аталмыш додада топ жара алмады. Әлем чемпионы атағын Италия мен Бразилия ғана қорғап қалған.

 – Алты мәрте Әлем біріншілігін алаң иелері жеңіп алған.

 – Чемпиондық Кубоктың бір құрлықта төрт жылдан ұзақ болуы сирек кездеседі.

– Ойыншы ретінде үш рет чемпион атанған жалғыз футболшы – Пеле (1958, 1962 және 1970 жылдар).

– Үздік сұрмерген: Роналдо (Бразилия, 1998-2006), 15 гол.

 – Әлем біріншілігіне қатысқан ең егде ойыншы: Роже Милла (Камерун), 42 жыл 39 күн.

 – Әлем біріншілігінің алтын медалін көп ұтып алған: Марио Загалло, ойыншы ретінде (1958, 1962), бас бапкер ретінде (1970), бапкердің көмекшісі ретінде (1994).

 – Бразилия құрамасы өз алаңында ұйымдастырған Әлем біріншілігінде жеңімпаз атанып көрмеген.

 – Аргентина‑Мексика арасындағы кездесуде қызықты оқиға орын алды. Мексикалық құраманың қақпасына қарсы пенальти белгіленді. Қақпашы Бонфилья аргентиналық шабуылшы Сумельсудің соққысын қайтарып тастады. Кері серпілген допқа тұра ұмтылған кезде қақпашы форвардты аяғынан теуіп, ойын тәртібін бұзды. Төреші екінші рет он бір метрлік айып добын көрсетті. Алайда Бонфилья Сумельсудың бұл соққысына да тойтарыс берді.

 – ӘБ‑1950-де Мексиканың қақпашысы Антонио Карбахаль дебютін өткізді. Нәтижесінде қақпашы бес әлемдік біріншілікке қатысқан алғашқы футболшы атанды.

Байқағандарыңыздай бұл топта тарихы мол Бразилия құрамасы. Әлемдік додада тоғыз рет жүлде алып, оның бесеуінде алтынмен апталған Селесао биыл да қанжығасын майлауға тырысады. Ал биылғы әлем біріншілігін «Коринтианс» стадионы ашады. Алғашқы матч Бразилия мен Хорватия арасында өтеді. Хорватия, Мексика, Камерун құрамалары үшін аталмыш турнир топтық кезеңнен, не болмаса 1/8 финалдан ұзаққа созылады дегенге сену қиын. Төрт жыл бұрын Оңтүстік Африка Республикасында өткен додада мексикалықтар 1/8 финалға шығып, Аргентинадан жеңілген болатын. Ал Это’О бастаған камерундық футболшылар біріншілікті топтық кезеңнен аяқтаған еді. Ал Хорватия құрамасы, тіпті, іріктеу кезеңінен әрі аса алмады. Бұл көрсеткіштер Мексиканы фаворит қылып тұрғаны анық. Бұған Это’O мен Манджукич командасы келіспесе, А тобының тағдыры соңғы турда ғана белгілі болатыны сөзсіз.

Шолушы: Есет ТӨЛЕШ

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;