русский язык
Бокс

Жанат Жақиянов: «Ең қиыны жаттығу болды»

Жанат Жақиянов: «Ең қиыны жаттығу болды»

Жуықта ғана солтүстікқазақстандық тұңғыш кәсіпқой боксшысы Жанат Жақиянов EBU нұсқасы бойынша Еуропаның чемпионы атанды. Ол шаршы алаңда атағын қорғаған француздық Карим Герфиді (20-3, 5 КО) 5 раундтта нокуатқа жіберді. Осылайша Жанат өзінің 22-ші жеңісіне және 15-ші нокауытына қол жеткізді.

Айта кету керек, солтүстікқазақстандық былғары қолғап шеберін, Hatton Promotions компаниясымен келісімге отырғаннан бері, екі салмақта әлемнің экс-чемпионы, британдық аңыз адам Рикки Хаттонның өзі жаттықтырады.

Күні кеше ғана Жанат Жақиянов туған еліне оралып, munara.kz тілшісіне сұхбат берді.

- Бокстасқанда қарсыласыңыздың қандай ыңғайсыз жағы болды?

- Бойы ұзын, тиісінше қолы да ұзын болды. Бірақ мұндай жағдайға біз дайын едік, әрі өз тәсіліміз болды. Ойлағанымызды іске асыру үшін көп жаттығу жасадық.

- Рикки Хаттонның тапсырмасы қандай болды?

- Хаттон боксшыларды жақсы тани біледі. Кәрім Герфиді зерттей келе маған бірінші раундтан бастап тек шабуылмен өткізу керектігін айтты. Әр раунд сайын қарқынды үдете беру керек болды. Алдын ала жобалағанымыздай 6 айналымда Герфи шаршауы керек болатын. Сол кезде нокауытқа жіберуге дайындалып жүрдім. Алайда тапсырма 5 рауындта орындалды.

- Әр раунд сайын қарқынды арттыра берсеңіз 12 рауындқа дейін күш-қуатыңыз таусылып қалады деп ойламадыңыз ба?

- Оған қатты дайындалдық. Күніне екі реттен жаттықтық. Ойлағанымыздай Герфиді нокауытқа жібере алмасам, соңына дейін шыдауым керек болды. Себебі мен үшін шаршы алаңдағы 12 раундтық жекпе-жекке қарағанда, осыған дейінгі жаттығуларым қиын болды.

- Қалайша?

- Шаршы алаңдағы жұдырықтасу қас-қағым сәтте өте шығады. Ал оған дейінгі жаттығу кезінде уақыт баяу қимылдайды, тіпті мәңгілік сияқты болып те көрінді. Физикалық жүк түседі, моральдік шаршай бастайсың. Көп нәрсені үйрену керек. Ал шаршы алаңда осы үйренгендеріңді дұрыс қолдана білсең болғаны.

- Бірінші саудаласу кезінде француздар Хаттон ұсынған үш есе баға ұсынып, кездесуді өткізу құқығына ие болған еді. Кейін бірақ естігеніміздей бас тартып, сатып алу екінші рет ұйымдастырылды. Француздар не себепті алғашқы келісімдерінен бас тартты?

- Ол жағын білмеймін. Естуім бойынша, араларында келіспеушілік туған сияқты. Бірақ менің оған қатысым жоқ. Менің басты міндетім шаршы алаңға шығып жеңіске жету. Ал қалғанын менеджерлер, промоутерім шешеді.

- Келесі жұдырықтасуыңыз Әлем чемпиондығы үшін болады ма?

- Жоқ. Маған әлі осы белбеуімді қорғауыма тура келеді. Шамамен қыркүйек айында деп отырмын. Ал Әлем чемпиондығына әлі ертелеу. Мен WBC рейтінгісінде алтыншы болдым. Герфиді жеңгеннен кейін 3-4-шіге көтерілген шығармын. Белбеуімді қоғағаннан кейін барып, 2015 жылы Әлем чемпионы болуды мақсат тұтып отырмыз. Болжамды қарсыласым – жапондық Шынсуке Яманака.

- Келесі жұдырықтасуға дейін не істейсіз?

- Бір ай демаламын да жаттығуға қайта кірісемін.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Авторы: Фархат Тастамбек

munara.kz

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;