русский язык
Футбол

ЧЛ. Неміс машинасы оталады ма?

ЧЛ. Неміс машинасы оталады ма?

Чемпиондар Лигасының әр кездесуі қашан да футболсүйер қауым үшін мереке екені анық. Бүгін кәрі құрлықтың клубтар арасындағы басты додасында «Бавария» мадридтік қонақтарын қабылдайды.

Естеріңізде болса, бір апта бұрын «Сантьяго Бернабеуде» «Реал» мюнхендік клубты 1:0 есебімен ұтқан болатын. Алайда бүгінгі кездесу сол кездегі ойыннан өзгеше болатыны анық. Себебі неміс машинасы қонақтар үшін «Альянс Аренаны» тозаққа айналдыраты белгілі. Бұл туралы команданың көшбасшысы Арьен Роббен мен басшыларының бірі Карл-Хайнц Румменигге уәде берді. Оның үстіне, бавариялықтар үшін Бундеслига аяқталды. Ал «Реал» әлі де ел біріншілігіндегі күресін жалғастырып жатыр. Демек, алаң иелері күшті қай матчқа сақтау керектігін біледі.

Әрине, тарихы терең «корольдік клуб» та оңай шағыла қояр жаңғақ емес. Мадридтік клуб «Баварияға» қарсы сырт алаңда өткізген 10 ойынының тоғызында гол соққан екен. Статистикаға сүйенсек, қонақтар бүгін гол соға алатын болса, неміс машинасының жағдайы қиындамақ. Себебі ол кезде «Баварияға» үш бірдей гол соғу қажет болады. Оның үстіне, бірінші матчта мадридтіктердің көшбасшылары Роналду мен Бейл жарақатпен ойнаған еді. Ал бұл ойынға олар сақадай сай. Үш күн бұрын Криштиану «Осасуна» қақпасына екі гол соғып, сенімділік жинағаны анық. Бір қызығы, бүгінгі матч Карло Анчелотти үшін де маңызды болмақ. Мюнхендегі кездесудің нәтижесі италиялық маманның «Реал» бапкері ретіндегі тағдырын анықтамақ.

Ал қай клубтың ақтық сында ойнайтынын «Альянс-Аренада» өтетін матчтың еншісіне қалдырайық.

Ал кездесу жақында дүниеден озған Тито Виланованың құрметіне бір минуттық үнсіздікпен басталады.  

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;