русский язык

Астаналардың теке-тіресі тең аяқталды

Астаналардың теке-тіресі тең аяқталды

 

Ел біріншілігінің кезекті турында оңтүстік астанада жергілікті «Қайрат» турнир кестесінде көш бастап тұрған «Астананы» қабылдады. Жанкүйерлерінің алдында әлі де жеңіске жетпеген жергілікті футболшылар үшін бұл ойынның маңызы зор.

Артем Кучиннің ысқырығынан кейін алматылықтар жанкүйерлерінің қолдауымен бірден шабуылға көшті. Алайда елордалықтар «Қайраттың» ұмтылыстарына лайықты жауап қайтарып, қорғаныста қатесіз ойнады. Қарымта шабуылдарда «Астана» Хомич қақпасын қапталдар арқылы мазалап көрді.  Қос клубтың шабуылшыларынан қорғаушылар басым болып жатты. Командалар шабуылда сылбырт ойнағандықтан бапкерлерге алаңға тың ойыншыларды жіберу қажет болды. Сондықтан 37-минутта Владимир Вайсс Жарко Марковичтің орнына Ермек Қуантаевты шығарды.  Ермектің алаңға шығуы ойынға тың серпіліс алып келді. Бірінші таймның соңы тартысқа толы өтіп, қос клуб та гол соғатын мүмкіндіктерге ие болды. Алдымен Сергей Остапенко ұрымтал тұста өз мүмкіндігін пайдалана алмаса, Момоду Сисейдің соққысы Логиновский қақпасынан саңлау таба алмады. Осылайша футболшылар үзіліске  0:0 есебімен кетті.

Екінші таймды командалар сақтықпен бастады. «Астана» допқа жиі иелік етіп, ойын тағдырына түбегейлі өзгеріс енгізуге дайын екенін көрсетті. Тиісінше, «Қайрат» та қос қанаттан айып алаңына пас асырып, қақпаға соққы бағыттаудың амалдарын іздеді. Ойынның 58-минутында Григорий Бабаян Нөсербаевтың орнына Жолшиевті жіберді.  Қырғыз футболының түлегі алаңға енген бойда қонақтар шабуылына дем берді. Алайда жасалған ұмтылыстардың бәрі де қорғаушылардан айналып өтпеді. Екінші таймның ортасында Атанас Курдовтың орнына тағы бір легионер Дамир Кояшевич шықты.  72-минутта айып алаңына әуелеп асырылған допқа Кетевоаманың басы бірінші жетсе де, «Астана» шабуылшысына дәлдік жетіспеді. Арада минуттар өткенде алаң иелерінің қақпасына бұрыштан әуелеген допты Остапенко баспен бағыттады. Тағы да қиыс. Матчтың 81‑минутында Жолшиев қақпашымен бірге‑бір шығып, айласын асыра алмады.  Бұл қонақтардың ең ұтымды сәті еді. Ойын аяқталар тұста, футболшылар ерегесіп, алаңнан Плиев пен Едигарян қуылды. Оңтүстік пен солтүстік астананың дербиі 0:0-мен аяқталды. 

«Қайрат» — «Астана» 0:0 (0:0)
Ескертулер: 
Едигарян 51, Кислицын 56, Плиев 82, Бақаев 89 — Кетевоама 3, Нұрдәулетов 61, Каньяс 89
Алаңнан қуылғандар: Плиев 89, Едигарян 89
«Кайрат»: Хомич, Плиев, Кислицын, Маркович (Қуантаев 37), Сымақов (К), Исламхан (Седельников 86), Кнежевич (Бауыржан 75), Дарабаев, Бақаев, Сисей, Едигарян. Қосалқы құрам: Ткачук, Рудосельский, Нұрмұғамет, Нехтий.
«Астана»: Логиновский, Пикалкин, Дмитренко, Аничич, Нөсербаев (Жолшиев 57), Нұрдәулетов(К), Каньяс, Фокси, Остапенко, Курдов (Кояшевич 68). Қосалқы құрам: Төлебаев, Ахметов, Шахметов, Сисеро, Ли.
Төрешілер: А.Кучин (Қарағанды), Е. Попов (Өскемен), Д.Будниченко (Екібастұз), А.Абданбаев (Тараз), Д.Измайлов (Талдықорган)
9 сәуір. Алматы. Орталық.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;