русский язык

Көптен күткен жеңіс. «Қайрат» алғашқы үш ұпайын қанжығалады

Көптен күткен жеңіс.  «Қайрат» алғашқы үш ұпайын қанжығалады

Қазақстан Премьер-Лигасының 4-ші турында Қызылорда қаласында жергілікті «Қайсар» мен алматылық «Қайрат» кездесті.

 

Төреші ысқырығы шалынды. Матч басатала салып Огай шәкірттері алға ұмтылды. Алғашқы соққыны 2-минутта «Қайсар» ойыншысы Струков бағыттады. Ойынның 7-ші минутында қызылордалықтар қорғаныста қателік жіберді. Бірақ «Қайраттың» қара маржаны Момоду Сисей тепкен доп қақпа маңынан өтті. Бірінші таймның орта шенінде «Қайсар» ойыншылары оң қапталдан шабуылға шықты, айып шеңберіне жақын жерден Розыбакиев бағыттаған доп қақпа бағанасынан қайтты. Алғашқы кезеңнің аяғында алматылықтар алаңға бой үйрете бастады. Бауыржан Исламхан мен Момоду Сисей пас алмасып, Аслан Дарабаевты қақпашымен жеке шығарды. Алайда, Прядкин шеберлігімен көзге түсті. Кляйн айып добын қақпаның «тоғыздығына» бағыттады. Бірақ «Қайрат» сапында алғашқы ойынын өткізген Хомич тамаша сейф жасады.

 

Екінші тайм «Қайрат» ойыншыларының басымдығымен басталды. Момоду Сисей қақпашымен жеке шыққанымен, допты қақпадан қиыс тепті. Қорғаныстағы қателікті Лачны пайдалана алмады. Матчтың 70-ші минутында Момоду тағы да 100 пайыздық мүмкіндікті іске асырмады. Екінші таймның аяқталуына 3 минут қалғанда Йосип Кнежевич алаң ортасында үш-төрт қорғаушының арасынан сытылып өтіп, допты қақпаға бағыттаған болатын, алайда қақпашы өз орнында. Матчтың соңында 90+1 Милош Лачны сол қапталдан шабуылға шығып, ортаға Бауыржанға пас асырды, ал ол өз кезегінде допты Аслан Дарабаевқа берді. Аслан айып шеңберінің сыртынан шірене тұрып тура «тоғыздыққа» соққы бағыттады.  Тамаша ойын өрнегін көрсеткен Прядкин бұл сәтте әлсіз. Есеп 0:1. «Қайрат» осы маусымдағы алғашқы көптен күттірген жеңісіне жетті.

 

Премьер-лига. 4- ші тур.

«Қайсар» - «Қайрат» - 0:1 (0:0)

Гол: Дарабаев 90+1

«Қайсар»: Прядкин, Даутов, Кулибали, Кляйн, Кунов, Шестаков, Марушко, Землянухин, Розыбакиев, Савич, Струков

«Кайрат»: Хомич, Кислицын, Смақов, Маркович, Плиев, Едигарян, Бакиев, Исламхан, Лачны, Дарабаев, Сисей

Төрешілер: Игорь Хисамутдинов (Павлодар), Самат Шәріпов (Атырау), Андрей Попов (Павлодар)

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;