русский язык
Футбол

Максим Жалмағамбетов: «Негізгі құрамға ілінсем Қазақстанға оралмас едім»

Максим Жалмағамбетов: «Негізгі құрамға ілінсем Қазақстанға оралмас едім»

Қазақстан құрамасының бұрынғы қорғаушысы Максим Жалмағамбетов «PROСПОРТ Қазақстан» тілшісіне берген сұхбатында алдағы жоспарларымен бөлісті. 

– Сіз футболдағы мансабыңызды неге ерте аяқтадыңыз?

– Уақыт оздырмастан осындай шешім қабылдаған дұрыс деп шештім. Енді алдағы уақытта футболшылар кәсіподағында жұмыс істеп көруге тырысамын. Жоғарғы лигадан ұсыныс түспеуі де футболдан ерте кетуге себеп болды. Ал, төменгі лигада менің ойнағым келмеді.

– Қазір нақты қандай қызмет атқарасыз?

– Біздің басшымыз Әйгерім Сабралиева. Дәл қазір халықаралық агенттік дәрежесін алу үшін тер төгудеміз. 

– Күтпеген жерден қызмет ауыстырғаныңызды жақындарыңыз қалай қабылдады? Не дегенмен футболшының жалақысы көбірек қой...

– Жақындарым да, достарым да, жақсы қабылдады. Олар мені жалақы үшін жақсы көрмейді.

– «Атырау» сапында неге ұзақ ойнамадыңыз?

– Мен командаға 25-ші ақпан күні қосылдым, оған дейін Астанада дайындалып жүргенмін. Бабыма еніп, енді ойнап келе жатқанда Радулович мүмкіндік бермеді өзімді көрсетуге. 



– Ең көп сыйақы ұсынған кез?

– Ұлттық құраманы Тимофеев жаттықтырған кезде үлкен сыйақы ұсынғаны бар.

– Футбол ғұмырыңыздағы ең бақытты және қайғылы күн?

– Бақытты күнім – Сербияны ұтқан кезіміз. Нилтон Мендестің қайтыс болуы мен үшін қайғылы болды.

– Сербияны жеңгеннен кейін не істедіңіздер?

– Ойыннан соң жеңісті мейрамханада атап өттік.

– Пайперспен жұмыс істеген уақытыңызды есіңізге түсіріңізші. Сол кездегі ойыншылар Пайперсті ашық адам деп мақтайтын. Есте қаларлық оқиға болды ма?

– Иә, бір оқиға болған. Сыйақы туралы басшылармен сөз болып жатқан кезде, Арно орнынан тұрып, еліміздің көк байрағына қарай қолын сілтеп, басшының біреуіне «Біз бүгін Қазақстан үшін ойнаймыз, бізге ақша керек емес» - дегені бар. Сол сөз жігіттерді жігерлендіріп, сол ойында 0:2 есебімен жеңіліп жатып, тең ойынағанбыз.

– Бельгияда не себепті ойнап кете алмадыңыз?

– Бапкер маған сенім артпады. Егер негізгі құрамға ілінсем Қазақстанға оралмас едім.

– Бельгия Остапенкоға «танк» деген лақап ат қойыпты, сізге ше?

– Шыны керек, есімде жоқ. Остапенкодан сұрау керек. Аяқтан көп тебетіндіктен, маған көп ұрысатын.

– «Твиттердегі» жеке парақшаңызда өзекті мәселені қозғап кеттіңіз. Шыныменде таза қазақстандық ойыншылар жуық арада қалмайды ма?

– Менің түсінбейтінім, егер команда сапында бес легионер, төрт төлқұжат жасатып алған «қазақстандық», бір жас ойыншы және бір қақпашы шықса, қазақ жерінде туып өскен футболшыға орын қайда? Неге клуб басшылары біздің футболшыларға сенім артпайды?

– Сіз Виктор Пасульконың қол астында ойнадыңыз, ол туралы осы уақыт аралығында қандай ой қалыптасты?

– Не деймін... Пасулько – нашар адам. Мен оның бетіне айтқанмын, керек десеңіз тағы айта аламын.

– Сізбен бірге ойнаған ең көңілді футболшы кім?

– Ондай ойыншылар көп. Смақов, Карпович, Лория өте көңілді жігіттер. Павлодарда бірде Лория маған аяқ-киімін лақтырып, басыма тигізгені бар. Сосын, онымен ұзақ уақыт сөйлеспей қойғанмын.

 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;