Михал Билек: Исламханның ойыны шабуылдың сапасына әсер етеді

Михал Билек: Исламханның ойыны шабуылдың сапасына әсер етеді
news-banner7
mobile-news-top
Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Михал Билек Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында 2020 жылғы Еуропа Чемпионатының алғашқы екі ойынына қайта оралып, қазақстандық футболға баға бере отыра, құрамаға шақарылған футболшылардың қалай таңдалғанын айтып берді.

- 2020 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу турнирінде Шотландия және Ресей құрамаларымен болған кездесуден кейін көп уақыт өтті. Қандай қорытынды шығардыңыз?

- Шотландиямен ойын біздің жоспарымызға сай болды. Біз соққан голдардың барлығы Қазақстан құрамасына енгізген футболдың жемісі деп санаймын. Осы ойын арқылы ұйымшылдықтың арқасында кез келген қарсыласты жеңуге болатынын көрсеттік. Біздің футболшылар еуропалық футбол ойнады.

- Қазақстан құрамасы тактика бойынша Шотландиядан басым түсті деп айтуға болады ма?

- Әрине, сөзсіз. Жаттығуда жасаған ойын комбинацияларының арқасында үш гол соғылды. Сонымен қатар, қорғаныс пен шабуылда тең ойнадық. Сол себепті қарсыластың біздің қақпамызға гол соғатын бір ғана мүмкіндігі болды.

- Республикалық бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатыңызда қазақстандық футболшылар үшін қысқа мерзім ішінде екі ойын өткізу қиын деп айтып өттіңіз... Яғни, үш күннен кейін екінші рет алаңға шығу. Сәуір мен мамыр айларында ел чемпионатында командалар шамамен осындай жүйеде ойнады. Ұлттық құрамаға ойын кестесінің тығыз болуы пайдалы ма?

- Біз үшін маңызды. Өйткені, Қазақстан құрамасының футболшылары көп ойын уақытына ие болады. Осы аралықта интернет арқылы көптеген ойындарды қарадық. Жақында Қазақстан Кубогының жартылай финалында кездескен «Тобыл» мен «Қайсардың» ойынын тамашаладық. Қазақстанға келгеннен бастап біз көрген ең жақсы ойын болды деп ойлаймын. Ойынның қарқыны мен жылдамдығы жоғары болды.

- Қазақстан Премьер-лигасында 12 тур ойналды. Қазақстан Чемпионаты туралы айтарыңыз бар ма? Біздің футбол туралы қандай әсер қалды?

- Қазақстандық футболшылардың техникасы мол, шебер футбол ойнайды. Алайда, тәуекелге бел буады. Сондықтан допты жиі жоғалтады. Қиын матчтарда да сондай футболдан арылмайды. Басты кемшіліктерінің бірі – чемпионатта жас футболшылардың тұрақты алаңға шықпауы. Ұлттық құраманың резервін көре алмаймыз.

- Чехияда жастарға көп сенім арта ма?

- Чехияның клубтарында қазақстандық командаларға қарағанда жас футболшылар көп ойнайды.

- Қазақстан Чемпионаты ойын қарқыны мен жылдамдығы жағынан еуропалықтардан қалыс қалатын сияқты ма?

- Еуропалық құрамалармен ойында біздің құрамаға жылдамдық жетіспейтіні айқын. Қазақстандық футболшылардың техникалық футбол ойнайтынын айттым. Оларға серпін мен жылдамдық жетіспейді. Біз үшін ойында қазақстандық футболшылардың жылдам ұмтылыстарды жиі жасағаны жақсы. Сонымен қатар, қарсыластың қорғаушыларының артына ілгері пастарды көбірек тастаған абзал.

- Ұлттық құраманың футболшыларының ойын тәжірибесі аз және клубтарда өз позицияларында ойнамайды. Алдағы кездесулерде осы мәселе ойынға қаншалықты кедергі келтіруі мүмкін?

- Бұл - Ұлттық құрамамен жұмыс істейтін кез келген бапкердің басы мәселесі. Сол себепті осы уақытқа дейін құрамаға тартылған кей футболшылар бұл жолы шақырылмады. Олар аз ойнады. Сол себепті ұлттық құрамаға қайта оралу қосымша мотивация болады деп үміттенемін. Екінші жағынан біреуінің болмауы екіншісіне мүмкіндік береді.

- Евгений Постников құрамадағы мансабын аяқтады. Бұл туралы не ойлайсыз? Отандық футболда қазақстандық төлқұжаты бар жақсы орталық қорғаушылар аз.

- Мен онымен сөйлестім. Ол өз шешімін түсіндірді. Оның жұмысына алғысымды айтып, сәттілік тіледім. Оның орнына басқа қорғаушыларды шақырдық.

- Маусым басынан шабуылдағы ойыншылар жақсы нәтиже көрсете бастады. Ұлттық құрамаға шақырылған футболшылардың арасында Тоқтар Жаңғылышбай, Абат Айымбетов және Азат Нұрғалиев бар. Оларға қалай таңдау түсті?

- Азат Нұрғалиев – тек «Тобыл» емес, қазақстандық футболдың ең үздік ойыншыларының бірі. Ол гол соғып, нәтижелі пас шығара алады. «Тобыл» командасының ойын жүйесі ұлттық құрамамен бірдей. Оның кубоктағы ойынын көзімізбен көрдік. Алдағы ойындарға шақырту алды.

- Жаңғылышбай мен Айымбетовтің ойын сапасын талқылай түссек...

- Шабуылшының ең басты міндеті – гол соғу. Айымбетов пен Жаңғылышбай өз командаларында гол соғып жүр. Айымбетов – чемпионаттағы ең мықты шабуылшылардың бірі. Ол жылдам әрі жасыл алаңда көп тер төгеді. Жаңғышылбайдың алғашқы допқа жанасуы жақсы. Сонымен қатар, ол ерекше шешім қабылдайды. Тоқтардың техникасы мен соля аяғы жақсы. Шабуылшылар арасында Щеткин әлі де жарақатынан айыққан жоқ. Ал, Роман Муртазаев бабында емес.

- Айымбетов пен Жаңғылышбайдың негізгі құрамда ойнауға мүмкіндігі бар ма?

- Әрине, біздің команданың шабуылының бір нұсқасы. Олардың дайындығын бақылап, шешім қабылдаймыз. Футболшылардың командаға пайдасы болатынына сенімдімін. Сол үшін шақырдым. Қазақстан Чемпионатында олар жақсы қырынан танылды.

- Еліміздің бас командасында тағы бір жаңа есім бар. Ол – Олжас Керімжанов...

- Евгений Постников ұлттық құрамадағы мансабын аяқтағаннан кейін орталық қорғаушыларды іздей бастадық. Маған ұнаған футболшылардың бірі – Олжас Керімжанов. Допқа қатты таласады. Әуедегі допқа таласта да басымдыққа ие. «Жетісу» сапындағы ойындарында көңілім толды. Сонымен қатар, Александр Марочкин ұнады. Тәжірибесі бар. Өз позициясында жылдам қимылдайды. Қазіргі таңда Граф екеуі ел чемпионатындағы ең мықты орталық қорғаушылардың жұбы саналады.

- Асхат Тағыберген аздаған үзілістен соң ел құрамасына қайта оралды. Оның ойыны қалай назар аудартты?

- Тағыберген –ақылды ойыншы. Оның ойын сапасын маусым басталмай тұрып білген едік. Қазіргі таңда ол «Қайсардың» көшбасшысы. Айып соққылары мен бұрыштама доптарын жақсы орындайды. Сонымен қатар, қақпаға алыстан соққы бағыттаудың шебері. Қорғаныс пен шабуылды қатар алып жүретін тәжірибелі футболшы.

- Жанкүйерлерді алаңдатқан сауал – Еркебұлан Сейдахметтің ұлттық құрамаға шақырту алмауы...

- Бұл сұрақтың жауабын оңай табуға болады. Ол жарақат алып, 5-6 апта қалпына келе бастады. Соңғы екі аптада «Левскидің» сапында 60 минут ойнады. Ойын тәжірибесі болмады. Сондықтан Қазақстан жастар құрамасымен дайындық жүргізу үшін Сейдахмет үшін жақсы болмақ. Еркебұлан жастар құрамасында ойнап, гол соғып жатса, ұлттық құрамаға қайтарып аламыз.

- Бауыржан Исламхан жарақатынан айықты. Қазақстан құрамасының ойынына қандай күш қоса алады?

- Исламханның қайтадан бабына оралып жатқаны үлкен қуаныш. Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңіндегі Шотландия және Ресей құрамаларымен өткен ойында ол командамен бірге болып, ұжымның мүшесі екенін көрсетті. Ол үйде жатып алмай, командамен бірге болды. Ойыннан кейін тағы сөйлестік. Бауыржан ұлттық құрамаға көмектесуге дайын. Оның ойыны шабуылдың сапасы мен алуандығына әсер етеді.

Түпнұсқасы: kff.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер