Сан-Марино құрамасында бір ғана кәсіпқой футболшы бар

news-banner7
mobile-news-top
2020 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңінде Қазақстан Ұлттық құрамасының кезекті қарсыласы — Сан-Марино. Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі Франко Варрелла командасын таныстырады.

Сан-Марино — әлемдегі ең кішкентай мемлекеттердің бірі. Оңтүстік Еуропада орналасқан және елдің аумағын жан-жақтан Италия қоршап тұр. Сан-Марино – Еуропдағы ең көне мемлекет.

Сан-Маринода жыл сайын чемпионатқа 15-16 әуесқой команда қатысады. Тек бір ғана команданың кәсіпқой мәртебесі бар. Ол - «Сан-Марино» командасы. Бұл клуб Италияның ең төменгі дивизионында ойнайды. Клубты Сан-Марино футбол федерациясы қаржыландырады.

Сан-Марино құрамасының бас бапкері 66 жастағы италиялық маман Франко Варрелла. Қызметінің көп бөлігін өз еліндегі төмен дивизиондардың командаларында өткізген.

Сан-Марино құрамасында кілең әуесқой футболшылар ойнайды. Бір ғана кәсіпқой футболшы бар. Ол Италияның С Сериясында ойнайтын «Новарра» командасының қақпашысы - Элия Бенедеттини. 23 жастағы қақпашы құрамада 7 матч өткізген. Алайда, Сан-Мариноның U-17-ден бастап U-21 жасқа дейінгі құрамаларында ойнап шықты. Бенедеттини «Новарраның» негізгі қақпашысы емес. 2018 жылы УЕФА Ұлттар Лигасының барлық ойынына қатысып, қақпасына 16 гол жіберді.

Варрелла Еуропада кең таралған 4-3-3 ойын жүйесін қолданады. Қорғаныстың оң қапталында 24 жастағы Майкл Баттистини ойнады. Ол Са-Мариноның «Либертас» командасында доп тебеді. Орталық қорғанысты «Либертас» командасының 32 жастағы ойыншысы Давиде Симончини мен Италияның D Сериясында ойнайтын «Сан-Марино» командасының 20 жастағы қорғаушысы Микеле Чеволи жабады. Сол қапталда «Тре Пенне» ұжымының 32 жастағы футболшысы Мирко Палацци ойнайды.

Орталық жартылай қорғаныста соңғы ойындарда ағайынды Алессандро және ЭнрикоГолинуччи алаңға шықты. Оларға Сан-Марино құрамасының жас ойыншыларының бірі 20 жастағы Марчелло Муларони көмектеседі. Муларони ешқандай командаға тіркелмеген. Өйткені, ол – студент.

Шабуылға жауап беретін үш футболшы - Хосе Адольфо Хирш, Филиппо Берарди және Никола Нанни. Хосе Хирш – Варрелла құрамасының ең тәжірибелі ойыншысы. Ол 32 жаста және «Ла Фиорита 1967» командасында ойнайды. 22 жастағы Филиппо Берарди Италияның С Сериясында ойнайтын «Монополи» командасының намысын қорғайды. Шабуылда болашағынан зор үміт күттіретін футболшы – 19 жастағы Нанни. Ол қазіргі таңда Италияның В Сериясындағы «Кротоне» командасының мүшесі. Негізгі құрамның ойыншысы болмағанымен, В Сериясы мен Италия Кубогының матчтарында алаңға шығып, тәжірибе жинаған.

Сан-Марино құрамасының ойыншыларының басым бөлігі әуесқой футболшылар екенін жаздық. Сол себепті олардың басқа да мамандықтары бар. Мәселен, орталық қорғаушы Фабио Витаиолли бизнеспен айналысады. Тағы бір қорғаушы Бролли – дизайнер. 33 жастағы Алекс Гасперони – жеке кәсіпкер. 27 жастағы Энрике Голинуччи «Либертас» клубында балаларды жаттықтырады. Муларонимен Гиарди – студенттер. 32 жастағы Хосе Адольфо Хирш жиһаз жасаумен айналысады. Матео Витаиолли орталық қорғаныста ойнайтын ағасы Фабионың бизнесіне қол ұшын береді.

Ойыншыларға негізгі жұмыс пен футболды қатар алып жүруге тура келеді. Жартылай қорғаушы Хосе Адольфо Хирш құраманың ойындары үшін жұмыстан жіберетінін айтады:

- Мен жиһаз фабрикасында еңбек етемін. Жұмыс пен жаттығуды қалай алып жүремін? Аптасына 3-4 рет жаттығамын, демалыс күндері чемпионаттың ойындарына болады. Ел чемпионы «Ла Фиорита» командасында ойнаймын. Жұмыс күні футбол ойнауға бастық әрқашан рұқсат береді. Алайда, кейде толық жұмыс күнінен кейін футбол ойнауға тура келеді.

Ең көп матч өткізген футболшылар - Давиде Симончини және Маттео Витаиолли

Давиде Симончини мен Маттео Витаиолли Сан-Марино құрамасының сапында 36 матчтан өткізді. Орталық қорғаушы Давиде Симончини 2006 жылы алғаш рет алаңға шықты. 32 жастағы футболшы «Либертас» командасында ойнайды. Маттео Витаиолли алғашқы ойынын 2007 жылы өткізді.

Ең көп гол соққан футболшы

2020 жылғы Еуропа Чемпионатының алғашқы іріктеу ойындарына Франко Варрелла жинаған құрамның ішінде сұрмерген жоқ. Сан-Марино құрамасы алғашқы ойынын 1986 жылы өткізді. 32 жылдың ішінде Сан-Марино футболшылары 23 гол соқты. Статистикаға сәйкес, Сан-Марино жанкүйерлері бір жарым жылда құрамасының бір голын көреді. Әр соғылған гол олар үшін нағыз мереке.

Кипр және Шотландия құрамаларымен өткізген ойынға Франко Варрелла 23 футболшыны шақырды. Олардың ішінде 32 жастағы қорғаушы Мирко Палаззи бір рет қана гол соққан.

Сан-Марино құрамасының аңызы - Массимо Бонини

Кез келген еуропалық құраманың бірнеше аңызға айналған футболшылары бар. Алайда, Сан-Марино сында шағын елдерде танымал ойыншылар көп емес. Сан-Марино құрамасының мақтанышы – туриндік «Ювентустің» бұрынғы ойыншысы Массимо Бонини.

Бонини 1959 жылы дүниеге келді. Ол футболшы ғұмырында Италияның әртүрлі клубтарында доп тепті. Оның карьерасының шарықтаған шағы 1981-1988 жылдар аралығында болды. Сол жылдары Массимо Бонини «Ювентустің» қатарында 192 матч өткізіп, Италияның үш дүркін чемпионы атанды.

Бонини Сан-Марино елінде өмірге келді. Алайда, УЕФА Сан-Марино футбол федерациясын ресми мойындамағандықтан, Италия жастар құрамасында ойнады. УЕФА Сан-Марино ойыншыларын Италияға жатқызды. Оның Италия құрамасында ойнауға мүмкіндігі болды. Алайда, Сан-Марино азаматтығынан бас тартпады.

1990 жылы УЕФА ресми түрде Сан-Марино федерациясын таныды. Бонини клубтық карьерасын аяқтағаннан кейін туған елінің құрамасында 19 матч өткізді.

2004 жылы УЕФА мерейтойында Сан-Марино футбол федерациясына соңғы 50 жылдағы ең үздік футболшыны таңдауды ұсынды. Федерацияның таңдауы Массимо Бониниге түсті. Сөйтіп, ол УЕФА-ның «алтын ойыншыларының» қатарына кірді.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер