Бокс

Атырауда бокстан халықаралық турнир аяқталды

Атырауда бокстан халықаралық турнир аяқталды
news-banner7
mobile-news-top
Атырауда Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлын еске алуға арналған халықаралық турнир аяқталды, деп хабарлайды Prosports.kz сайты.
Турнирдің қорытындысы бойынша 49 келі салмақ дәрежесінде атыраулық Садай Фарзалиев чемпион атанды. Екінші орын Маңғыстау боксшысы Дінмұхаммед Ибрагимге бұйырды. Үшінші орынды Алматы облысының спортшысы Жандос Несіпжан иеленді.

52 келі салмақ дәрежесінде атыраулық боксшы Олжас Байниязов алтын жүлдегер атанды. Маңғыстаулық спортшы Қуаныш Дүйсенбай екінші орынға табан тіреді. Қола жүлде алматылық Дамир Әбдіқадыр мен Өзбекстаннан келген боксшы достон Ходаевке бұйырды.

Қостанайлық спортшы Айдос Арапов 56 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанды. Үздік үштікті Әділбек Темірбеков пен Ғалым Мырзатаев түйіндеді.

Алматылық Рустам Рустамов 60 келі салмақ дәрежесінде бірінші орын алды. Екінші орынға павлодарлық Бахтияр Смағұлов жайғасты. Үшінші орынды ҚР Ұлттық құрамасының мүшесі Ертуған Зинуллин мен өзбекстандық боксшы Рахмотолло Кузиев иеленді.

64 келі салмақ дәрежесінде Тәжікстаннан келген боксшы Баходир Усманов ҚР Ұлттық құрамасының тәжірибелі боксшысы Дильмурат Мижитовты жеңіп, алтын алды. Қола медаль жас боксшы Еламан Рахметолла мен әзірбайжандық Малик Гасановқа бұйырды.

69 келіде ҚР ұлттық құрамасының 22 жасар спортшысы, жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының жеңімпазы, Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия Чемпионатының күміс жүлдегері Абылайхан Жүсіпов чемпион атанды. Екінші орын ұлттық құраманың тағы бір спортшысы Дулат Бекбауовтың қоржынында. Үшінші орынды өзбекстандық боксшы Сайфолло Еркинбоев пен Мохаммад Бойдавлатов иеленді.

Атыраулық жас боксшы Нұрқанат Райс финалда қырғыз боксшысы Жарқынбек Тұратовты жеңіп, 75 келі салмақта алтын медальға ие болды. Тәжікстаннан келген боксшы Бахтиор Мирзомухаммад пен өзбекстандық спортшы Алишер Ортиков үшінші орынды иеленді.

Әлем чемпионы және Азия ойындарының күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұл 81 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанды. Қола жүлдені алматылық боксшы Еркебұлан Әкімбай мен қостанайлық Михаил Коханчик жеңіп алды.

91 келі салмақта Түркістан облысының спортшысы Абзал Құттыбеков алтынды иеленді. Екінші орында қостанайлық спортшы Артем Челяков. Қола Павлодар облысының боксшысы Серік Мұсәділовке бұйырды.

Ауыр салмақта ҚР Ұлттық құрамасының мүшесі Нұрлан Сапарбай турнир чемпионы атанды. Екінші орында ұлттық құраманың тағы бір спортшысы Нұрсұлтан Аманжолов. Үшінші орын павлодарлық Олжас Букаев пен Тәжікстаннан келген боксшы Мұхаммед Абдрашитовтың қанжығасында.

Турнирдің жабылу салтанатына 2011 және 2013 жж.Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2013 және 2015 жж. Азия чемпионы және вице чемпионы, 2014 жылғы Жазғы Азия ойындарының чемпионы, 2012 және 2016 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Әділбек Ниязымбетов қатысты.

Түпнұсқасы: olympic.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер