ҚПЛ. Алғашқы айналымнан түйген төрт түйін

ҚПЛ. Алғашқы айналымнан түйген төрт түйін
news-banner7
mobile-news-top

Біріншілікте бірінші айналым өз мәресіне жетті. Командалар бір-бірімен кездесіп шықты. Қай ұжымның мақсаты қандай екені кестеден байқала бастады. Prosport.kz сайты алғашқы айналымдағы басты мәселелерге көңіл бөлуді жөн көрді.

Интрига

Маусым басындағы басты сенсациялардан бастасақ. «Қайсар» мен «Тобылдың» нәтижелері осы жылы жаңа чемпион көреміз бе деген үміт сыйлап отыр. Кестеде бұл командалар «Астанадан» бес ұпай артта қалып келе жатқанымен, елордалықтарға қарағанда екі матч кем өткізгенін ескерте кетейік. Осы маусымдағы «Астанамен» иық тірестіре қарсыласуға болады. «Қайрат», «Ордабасы» сынды өздеріне тең көретін қарсыластарға қарсы команда барын салады. Аутсайдерлерге жиі ұтылады. Чемпиондық ойын көрсетіп жүрген жоқ. Бәлкім, қуғыншылар жиі мазасын алса, екінші айналымда ес жия жатар. Қызылордалықтар мен қостанайлықтар маусым аяғына дейін осы бағыттарынан жаңылмаса, соңғы алты жылда алғаш рет жаңа чемпион көруіміз мүмкін. «Ордабасыға» алтын алу әлі "ерте". Бірақ, еурододасыз қалмайды. Ал, жыл сайын екінші орынды бермейтін «Қайратқа» төрттіктен орын алу оңай бола қоймас.

«Қайраттың» маусым аяғында еурокубоксыз қалғаны, бір жағынан клубтың болашағы үшін де дұрыс болар. Қайрат Боранбаев мырза осыған дейін жастарды жаттықтырып жүрген маманға тізгінді сеніп тапсырғаны қателік екені бәріне мәлім. Әрине, басшылық бағыт өзгертіп "біз жастарға сенеміз" деп ұрандатқаны көңіл қуантарлық. Бірақ, Алексей Шпилевскийден басқа тәжірбиелі маман табылмады ма? «Қайраттың» бапкері атанғанда беларус еліндегі футбол мамандары таңдай қағып, таң қалғаны бар. Тіпті, жазға дейін орнын босатады деп болжам жасады да. Болжамдары доп келгей деп, алматылық жанкүйерлердің түгелі тілеп жүр. Жақында атақты Курбан Бердыев «Қайратқа» келуі мүмкін деген сыбыс шықты. Алайда, Ресей бұл маманды жібере қоймас. Кез келген командадан нәтиже шығаратынын дәлелдеген бапкерге сұраныс жоғары.

Құз түбіндегілер

Келер маусымда ҚПЛ-дағы орнын сақтап қалуға дәл қазіргі таңда төрт команда таласып жатыр. Әрине, «Ақтөбе» жайлы таласып жатыр деу артық болар. Себебі, қарызға белшесінен батып, жазаға іліккен «ақ-қызылдар» чемпионатты «-12» көрсеткішімен бастаған еді. 11 турда 7 ұпай ғана алды. Қазір «-5». Бір саты жоғары тұрған «Атырауда» ұпай саны 9. Яғни, «Ақтөбенің» «мұнайшыларға» қарағанда ұпайы 14-ке кем. «Тараз» бен «Ертіс» те 9 ұпайдан жинады. Жамбылдықтар қорғанысын түзесе жоғары көтерілуі де мүмкін. Шабуыл шебі жақсы жасақталған. Басынан дау арылмаған «Ертіс» екінші маусым қатарынан қауіпті аймақта жүр.

Жанкүйерлерге жарымадық

Елімізде футболға қызығушылық жылдан-жылға төмендеп барады. Стадионға жиналатын халық қарасы да өте аз. Ел чемпионы маусым басталғалы өз алаңында ішкі біріншіліктің 7 матчын өткізді. Бәрін қосқанда тіпті 20 мың жанкүйер жинай алмапты. Сонда еурокубокте «Астананы» "қолдайтын" патриоттар қайда? Командасына жаны ашитын нағыз жанкүйерлер Ақтөбеде. Батыстықтар өз стадионына 7-ші турда оралды. Үш кездесу ғана өткізді «Қобыланды батыр» стадионында. «Тараз», «Қайсар», «Оқжетпеске» қарсы. 28 мың жиналды. Алдымыздағы маусымда ҚПЛ «Ақтөбеден» айырылса, біріншілік үшін трагедия болмақ. Ал, «Атырау», жанкүйерлері Астана мен Шымкентте көшіп-қонып жүрген футболшыларының түрлерін де ұмытқан шығар. Мұнайлы елдің маңдайға біткен бір командасына шағын жаңа стадион салып бере алмағаны қынжылтады. Ескі стадионды қомақты қаржыға жылда жаңартады. «Қайраттың» да осы жылы стадиондағы жанкүйерлері азайды. Мысалы, былтыр ішкі біріншілікте «Астанаға» қарсы 19200 адам жиналды. Биыл 10 мыңға жетер-жетпес адам. Оны команда сапында Андрей Аршавин секілді жұлдызды футболшының жоқтығымен байланыстырса болатын шығар.

Көзге түскен отандық футболшылар

«Астана» мен «Қайраттан» басқа командалардың бәрінде дерлік отандық футболшылар жетекші рөл атқарып жүр. «Қайсардағы» Асхат Тағыберген командасы соққан 16 голдың тоғызына өз үлесін қосты. «Қайратпен» болған ойында үш ұпай алып берді. Жалпы, 3 доп соғып, 6 нәтижелі пас берді. Бұл ұжымдағы соңғы кезде тынысы ашылған армян аяқдопшысы Тигран Барсегянды да атап өткен жөн. Ол соңғы 3 ойында қарсылас қақпасын төрт мәрте дәл көздепті. «Тобылды» Азат Нұрғалиев сүйреп жүр. Шымкент футболының түлегі Тағыберген секілді команда соққан 9 голға тікелей қатысы бар. «Қайратта» бағы ашылмай, Владимир Газзаевтың қарамағына келіп пана іздеген Бауыржан Тұрысбектің де ойыны тәуір. «Қайрат» қақпасына кубокта да, чемпионатта да доп тоғытты. Сол қапталдың қорғанысында да, шабуылында да сәтті ойнай алатын Руслан Валиуллин ерекше көзге түсіп жүр. «Ордабасыдағы» Тоқтар Жаңғылышбай ойыны да көз қуантады. Шабуылшы қазірге чемпионаттағы әдемі голдардың бірін соқты. Шымкенттік ұжымның қорғанысы да мығым. Қақпасын ұлттық құрама футболшысы Дмитрий Непогодов қорғайтын команда 11 матчта бар болғаны 4 гол ғана өткізді. «Ақтөбе» үшін Абат Айымбетов пен Асланбек Кәкімов арпалысып жүр. Алғашқысы 5 рет мергендік танытты, соңғысы әріптестеріне 6 нәтижелі пас берді.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер