Бокс

Назым Қызайбай: Олимпиадалық салмақта топ жару оңай емес

Назым Қызайбай: Олимпиадалық салмақта топ жару оңай емес
news-banner7
mobile-news-top

Әйелдер боксынан әлем чемпионы Назым Қызайбай Шымкенттегі ел Спартакиадасына өз мықтылығын тағы бір дәлелдеді. Алайда, олимпиадалық салмақ саналатын 51 келіге ауысқалы бері боксшы әлемдік жарыстарда көзге түсе алмай келеді. Азия ойындарында алысқа бармаған ол құрлық чемпионатында да алтыннан көз жазып қалды. ҰОК баспасөз қызметіне сұхбат берген Назым бұл сәтсіздіктердің себебін түсіндіріп, алдағы мақсаттарымен бөлісті.

«Жақында ғана Шымкенттегі ел Спартакиадасынан оралдық. Қуанышқа қарай, өз салмағымда тағы да үздік шықтым. Азия чемпионатынан кейін небары екі апта дайындалсақ та, елішік додаға барымды салдым. Негізі, 2018 жылдың желтоқсан айынан бері жарыстар тізбегі көбейіп кетті. Өзім әр ай сайын бір турнирге қатысып отырдым. Сол азғаға күш түсірген сияқты. Бабыма енбедім, жанып тұрмадым десем болады. Елордада өткен халықаралық турнирде қарсыластарымның бәрін жеңгенмін. Кейін Азия чемпионатында бұл жетістігімді қайталай алмадым. Ұлттық құрамадағы қыздардың көпшілігі осындай жайтты бастан өткерді. Меніңше, боксшылар үшін турнирлер тізбегінің тым көп болуы қолайсыз сияқты», - дейді Назым.

Назым өзінің әккі қарсыласы Жайна Шекербекова туралы да сөз қозғады.

«Жайнадан алғашында екі рет ұтылдым. Кейінгі жекпе-жектердің барлығында жеңіске жетіп жүрмін. Егер жаңылмасам, Жайнаны алтыншы рет ұтқан шығармын. Ол өте тәжірибелі боксшы, осы салмақтағы ел үздіктерінің бірі. Сол себепті, Шымкентке аттанар алдында психологиялық тұрғыдан біраз қиналғаным рас. Өйткені, жарыс Жайнаның жерінде өтті. Егер тең түсіп қалсақ немесе айтарлықтай басымдық танытпасам, төрешілердің де жеңісті беруі қиын. Қуанышқа қарай, ешкім күмән қалдырмайтындай, 5:0 есебімен ұттым. Бұл одан әрі сенімділік сыйлайды», - дейді Назым.

Назым Қызайбай 2014 жылы Чеджуде өткен әлемді сында 48 келі салмақта топ жарды. Ал 51 келіге ауысқан соң, айтарлықтай нәтиже тіркеген жоқ. Спортшының айтуынша, жаңа салмақта бірден топ жару мүмкін емес.

«Менің 51 келіге ауысқаныма да біраз уақыт болып қалды. Әрбір спортшының арманы Олимпиада болған соң, осы салмаққа өттім. Бірақ салмақ ауыстыру көпшілік ойлағандай оңай емес. Әрине, 48 келі Олимпиада бағдарламасына енсе, мен айтарлықтай қиналмас едім. Жанкүйерлер қауымы мені бұл салмақта айтарлықтай жетістігі жоқ деп кінәлайтын шығар. Бірақ мен жүрген жолмен олар жүрмейді, мен көрген қиындықты олар көрмейді. Сондықтан, бәрі уақытпен келеді. Бұйырса, осы салмақта әлем чемпионатына қатысып, Олимпиада жолдамасын жеңіп алуды басты мақсат етіп отырмын», - дейді Назым.

Боксшы ұлттық құрама бапкерінің ауысуына қатысты да өз пікірін білдірді.

«Еліміздің бас командасына 16 жасымда қабылдандым. Содан бері Вадим Присяжнюгтің қоластында тәрбиелендік. Меніңше, командада өзгерістің болғаны жақсы. Жаңа толқын, жаңа леп керек. Ерік Алғабекті жарыстардан көріп тұрамыз. Енді ол бірінші кезекте жаттығу барысына өзгеріс енгізеді деген үмітіміз бар. Меніңше, біздің командада бәрі сәтімен болады», - дейді Назым Қызайбай.

Түпнұсқасы: olympic.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер