ҚПЛ. Шпилевский үшін соңғы сынақ

ҚПЛ. Шпилевский үшін соңғы сынақ
news-banner7
mobile-news-top

Қазақстан Премьер-лигасының 11-ші тур ойындары әдеттегідей екі күнге бөлінген. Біріншіліктің кестесінде апта өткен сайын төмен түсіп бара жатқан «Қайрат» «Ертісті» қонақ етпек. Сол «Ертістің» екі күн бұрын екі аяғын бір етікке тыққан «Астана» «Шахтерды» қабылдайды. Екінші орындағы «Қайсар» Көкшетауға қонаққа барады.

18-мамыр.

«Оқжетпес» - «Қайсар»

Көш басындағы «Астана» екінші орындағы «Қайсардан» сегіз ұпайға озып тұр. Бірақ, екі ойын артық өткізгені бар. Демек, чемпионды алаңдатуға «қасқырларда» мүмкіндік бар деген сөз. Ол үшін әрбір ойында ұпай жоғалтпауы керек. Стойчо Младенов командасы бұл талапты жақсы орындап-ақ келеді. Әйткенмен, келесі қарсыласы «Оқжетпестің» де дәурені жүріп тұрған кез. Көкшеліктер 5 матч қатарынан ұтылмай келеді. Оның төртеуі жеңіс. Футболшы кезінде алаң ортасында әдемі ойнауға тырысатын Андрей Карпович. Бүгінде соны шәкірттерінен талап етеді. Оның үстіне голды да көп соғады. «Астанадан» кейінгі ең нәтижелі команда - көкшеліктер. Ал, «Қайсардың» оған қарсы қояр қаруы бар ма? Қызылордалықтар қонақта ұпай жоғалтпаған чемпионаттағы жалғыз ұжым. Турдың орталық ойынына балауға болатындай-ақ текетірес.

«Тобыл» - «Атырау»

«Қайратқа» бес доп соғып, «Қайсардан» бес доп өткізе салатын «Тобыл» аутсайдерлердің бірін қабылдайды. Бірақ, сол аутсайдер соңғы екі ойында қостанайлықтарға қарағанда бір ұпай артық жинады. Апта бұрын «Қайратты» жеңіп, сенсация жасады. Олег Дулуб жігіттеріне ол жетістік сенімділік сыйлағаны даусыз. «Тобылға» Қызылордадағы масқараны өз жанкүйерлері алдында қалай да жуып-шаю керек. Әйтпесе, талапшыл «Тобыл» жанкүйерлері басқа нәтижені қанағат етпейді. Негізі, қостанайлықтар «Атырауға» қарсы өз алаңындағы соңғы ойындарда үш доптан кем соқпай жүр.

«Жетісу» - «Ақтөбе»

«Жетісу» бірінші болып гол өткізсе міндетті түрде ұтылады. Қиын сәтте ойынды өз пайдаларына шешетін жігер жетіспейді Огай жігіттеріне. Өткен турда «Шахтердан» жылдам гол жіберді де, сол күйі матч аяғына дейін ес жия алмай кетті. Кезекті турда «Жетісуға» төртінші орынын нығайта түсуге жақсы мүмкіндік туып тұр. Қарсыласы - кесте түбінде жабысып тұрған «Ақтөбе».

«Ордабасы» - «Тараз»

Шымкентте оңтүстік дербиі. Аяқ асты «Астананы» алқымнан алып, үш ұпай алған «Тараз» «Ордабасыға» қонаққа барады. Жамбылдықтарға барлық матч маңызды. «Ақтөбе», «Ертіс» және «Атыраудан» бөлек Вахид Масудов тізгіндейтін команда да Бірінші лигаға түсіп қалмау үшін таласып жатыр. Қарсыласпен тең нәтижені көп тіркейтін «Ордабасы» еурокубоктік орындарға жете алмай келеді. Өзі де ойнамайтын, өзгені де ойнатпайтын командаға айналып барады шымкенттік команда. Ең аз гол соққан командалар тізімінде. Әйткенмен, «Ордабасының» өз алаңында «Таразды» үнемі жеңетіні бар. Бірақ, «Тараз» бір гол соқпай қоймас.

19-мамыр

«Астана» - «Шахтер»

Екі рет қатарынан сүрініп, интриганың оянуына себепші болған «Астана» апта ортасында «Ертісті» тас-талқан етті. 7 ойын бойы үнсіздік танытқан Джуниор Кабананга нәтижелі соққымен көзге түсті. Кезекті турда «Астана Аренаны» екінші үйіне айналдырып алған «Шахтермен» кездеседі. Осы стадионында бір апта бұрын «кеншілер» «Жетісуды» жеңді. Жеңісті жолына қайта түскен елордалықтардан «кеншілер» тым болмаса бір ұпай ала ма? Әйтеуір, маусымда кемі бір рет чемпионды жеңіп қалатыны бар еді «Шахтердың».

«Қайрат» - «Ертіс»

Алматыдағы матчтың нәтижесі Шпилевскийдің «Қайраттағы» тағдырын түбегейлі шешуі мүмкін. Әрине, жеңістің өзі беларус бапкеріне жылы орның сақтап қалуға кепілдік бермейді. Алайда, команда сүрінісі басшылықтың шешім шығаруын тездетеді. 11 ойыннан кейінгі 16 ұпай «Қайрат» ел футболының алдыңғы шебіне оралғаннан бергі ең нашар нәтижесі. Бұл ойын алдында екі ойлы болуға толық себеп бар. Команда бапкер үшін күресе ме? Онда «Ертістің» жағдайы қиын болады. Ал, футболшылар бапкерден тезірек құтылудың жолын көздесе, онда павлодарлықтар бір маусымда «Астананы» да, «Қайратты» да жеңген санаулы командалардың бірі болмақ.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер