русский язык
Футбол

Кім тосын сый жасайды?

Кім тосын сый жасайды?

Үстіміздегі айдың 22 жұлдызы күнтізбеде әз-Наурыз мерекесі есебінде белгіленсе, қазақ жанкүйерлері үшін бұл күн футбол мейрамы болмақ. Осы сенбіде Қазақстан біріншілігінің 2-тур ойындары өтеді. Қашан да біріншіліктің басы тосын сыйларға толы – кімнің қалай шабатынын, қандай көзірі бар екенін болжап білу қиын. Осы аптадағы ойындардан кейін турнир кестесінде қандай өзгерістер болуы мүмкін? Осыны саралайық...

Алдымен Шығыс Қазақстанға аттанайық. Дәлірек айтқанда, Өскеменге. «Восток» төменгі лигаға ауысса да, бұл қалада әзірше Премьер-лига ойындары жалғаса бермек. Себебі семейлік «Спартак» өзінің ойындарын Өскеменде өткізетін болады. Алғашқы турда шығысқазақстандықтар «Тобылға» барып, жеңіліп қалған еді. Ал «Ертіс» болса өз алаңында Қазақстан Кубогының иегері «Шахтерді» тізе бүктірді. Бас бапкерін біріншілік басталардан санаулы күн бұрын тапқан павлодарлықтар Тармо Рюютлидің тактикасын тез үйренген секілді. Ал семейліктердің бас бапкері Алмас Құлшынбаев өз ойыншыларының Премьер-Лигаға әлі толықтай дайын емес екенідігін айтқан-ды. Демек сенбіде өтетін матч «Ертістің» қоржынына тағы да үш ұпайды алып беруі мүмкін.

Бірінші турда жолы болмаған қос клуб елорадада кездеспек. Еліміздің вице-чемпиондары «Астана аренада» «Ордабасыны» қабылдайды. Алғашқы ойында астаналықтар «Жетісудан» айласын асыра алмаған. Жалпы бірінші турда жеңімпазды анықтай алмаған жалғыз осылар болатын. Екінші рет қатарынан өз жанкүйерлерінің алдында ұпай жоғалтуға «Астананың» құқы жоқ. Әзірше Бабабян жаттықтырып жүрген елордалықтар «Ордабасыны» жеңуі қажет. Ал өткен аптада «Қайсарға» жол берген Посулько шәкірттері тағы да жеңістің ауылынан алыс тұр. Бұл жұптың арасындағы жеңімпаз «Астана» болуы тиіс.

Алматылық дерби. Бұл – «Жетісу» мен «Қайрат» арасындағы кездесу. Былтырғы біріншіліктің күміс жүлдегерінен ұпай тартып алған «Жетісу» енді қоламен қапталған қайраттықтарды қабылдайды. Бұл жұптың арасындағы айқын фаворит, әрине, «Қайрат». Вайсс шәкірттері өткен аптада «мұнайшыларға» есе жіберген-ді. Енді содан қалған ашуды талдықорғандықтардан алатын шығар. Оның үстіне кездесу Алматыда өтеді. Демек алаңда «Қайраттың» жанкүйерлері басым болуы мүмкін. Екінші кезеңде алғашқы алтылықтың қатарында болуды мақсат етіп отқан «Қайрат» қалайда үш ұпайды еншілеуі қажет. Ал Омари Тетрадзе шәкірттері тағы бір ұпайды қоржынға сала алады. Ол үшін елордада көрсеткен ойынын тағы да қайталауы тиіс.

Әзірше соңғы орында тұрған «Тараз» Премьер-Лигаға сағына оралған «Қайсармен» кездесу өткізеді. Алғашқы турда қызылордалықтар оңай шағыла қояр жаңғақ емес екенін «Ордабасыға» қарсы матчта дәлелдеді. Әрине, Арно Пайперс шәкірттері еліміздің чемпиондары «Ақтөбеге» тізе бүккен болатын. Биылғы қарқыны мықты пентакампеондарға есе жібергені үшін «Таразды» сөгу де әбестік болар. Сондықтан алдағы оңтүстік дербиде кімнің мысы басым болатынын айту қиын. «Тараз» өзінің неге татитынын әлі көрсеткен жоқ. Сондықтан Огай шәкірттері бір ұпайға қол жеткізсе де, разы болуы тиіс.

Өткен аптада қарсыластарынан басым түскен қос клуб Атырауда сынға түседі. Биыл жүлдеге қол жеткізуді мақсат қылып отқан қостанайлық «Тобылға» қиын болғалы тұр. Мұнайшылар трансфер уақытында құрамын жақсартып алды. Қос ұжымның да үш ұпайды бергісі жоқ. Нсереко секілді мықты ойыншыларды шақырған атыраулықтардың құрамы қазіргі таңда «Тобылдан» мықтырақ секілді. Осы тұрғыдан алып қарағанда бұл ойынның жеңімпазы «Атырау» болуы мүмкін.

Екінші турдың орталық кезесуі Теміртау қаласында болады. Жоғарыда ақтөбеліктердің қарқыны мықты екенін айтып өттік. Ал сол қарқынға тойтарыс бере алатын команда – «Шахтер». Тоғызыншы наурызда өткен Суперкубок ойынында кеншілер чемпиондарға есе жіберіп алған болатын. Кейін алғашқы турда да павлодарлықтарға үш ұпай беріп қойды. Оның үстіне, соңғы күндері бас бапкері Виктор Кумыковтың «Астанаға» кетуі мүмкін деген сыбыс әңгімелер желдей ұшты. Бұның барлығы «Шахтерге» психологиялық тұрғыда соққы болып тигені белгілі. Ал батысқазақстандықтардың жағдайы керісінше жақсы. Маусымды Суперкубоктың иегері ретінде ашты, қазір турнир кестесінде топ бастап тұр. Теміртауда өтетін ойынның «Кеншілер» үшін ең үлкен пайдасы жанкүйерлері болуы тиіс. Сондықтан бұл жұптың жеңімпазын анықтауды сенбінің еншісе қалдырайық.

                                                                                                                                       Есет ТӨЛЕШ

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;