ТАҢҒЫ БЕСТЕН БАСТАП ЖАТТЫҒАМЫН
Бокс

Мадияр Әшкеев: Жаттығуды таңғы бесте бастаймын

Мадияр Әшкеев: Жаттығуды таңғы бесте бастаймын
news-banner7
mobile-news-top

Кәсіпқой боксшы Мадияр Әшкеев 23 мамырда шаршы алаңдағы кезекті жекпе-жегін өткізеді. АҚШ-тағы Аризона штатының Тусон қаласында жерлесіміз жергілікті елдің өкілі Сесил МакКаламен жұдырықтасады. 2014 жылы кәсіпқой боксқа ауысқан Мадияр осы уақыт аралығында 11 кездесу өткізіп, оның барлығында жеңіске жеткен. Кезекті жекпе-жегінің алдында отандасымызбен тілдесіп көрген едік.

- Мадияр, жаттығуыңыз қалай өтіп жатыр?

- Жаттығу жоғары деңгейде өтіп жатыр. Жаңа залда Бадди Макгирт деген жаңа бапкермен жұмыс істеп жатырмыз. Сонымен қатар, бапкердің ресейлік Алиф деген көмекшісі бар. Бадди Макгирт жаттығуда не істеу керектігін айтса, Алиф бізге орыс тілінде түсіндіріп тұрады. Барлығымен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз.

- 23 мамыр күні өтетін алдағы кездесуіңізге де сол бапкермен дайындалып жатсыз ба?

- Иә, осы екі жаттықтырушымен дайындалып жатырмыз. Қазіргі бапкермен жаттығуды таңғы бесте бастап жүрміз. Бадди Макгирт диетамызды қадағалап, жекпе-жекке 100 пайыздық дайындықпен келуімізді сұрайды.

- Алдағы қарсыласыңыз - Сесил МакКала. Америкалықтың жекпе-жектерін көрдіңіз бе? Қаншалықты зерттеп үлгердіңіз?

- Әрине, оның стилін зерттедік. Қандай боксшы екенін білдік. Шаршы алаңда қай раундта қалай қимылдайтынын көрдік.

- Америкадағы өміріңіз туралы айтып берсеңіз. Жақында басқа қалаға көштіңіз, басқа спорт залына ауыстыңыз. Сол туралы тарқатып берсеңіз.

- Әрине, Қазақстандағы өмірге жетпейді ғой. Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас деген. Алайда спорт саласында жүргендіктен, кәсіпқой бокстың шыңына шығу үшін мұхит асып Америкаға келгенмін. Алғашында Калифорния штатындағы Окснард қаласында 3 жылдай тұрдым. Ол жақта спарринг қарсыластар аз болғандықтан, басқа жерге көшуге тура келді. Қазір Лос-Анджелестемін. Соңғы екі аптаның өзінде 4-5 спарринг қарсыласпен жұмыс істеп үлгердім.

- Қазіргі таңда әлеуметтік желіде оқырмандарыңыздың көбі бапкеріңізді не себепті ауыстырғаныңызды сұрап жатыр? Окснардта кімнің қол астында дайындалған едіңіз? Бадди Макгиртті не үшін таңдаңыздар?

- Окснардтағы бапкерден кетіп қалған жоқпыз. Ол жақтан спарринг қарсылас үшін Лос-Анджелеске көшуге тура келді. Себебі ол жаққа көп спортшы келе бермейді. Жаңа жерге көшіп келген соң, Бадди Макгирттің залына жақын жерден үй алдық. Қазіргі таңда Асхат Уалиханов, Сағадат Рақманқұл, Мейірім Нұрсұлтанов бауырларым қасымда. Бәріміз бірге тұрамыз. Оқырмандар түсінбей қалмасын. Біз ешкімді алдап немесе лақтырып кеткен жоқпыз. Бұрынғы бапкермен қарым-қатынасымыз жақсы. Жаңа жерге көшіп жатқанда бізбен бірге жұмыс істеймін десеңіз, бірге жүріңіз деп айттық. Алайда Марко деген жаттықтырушым отбасымен Окснардта тұратындықтан сол жерде қалып қойды. Осындай себептермен бапкер ауыстыруды жөн көрдік.

- Бапкерге байланысты тағы бір сұрақ қоя кетсем. Жерлесіміз Геннадий Головкин Абель Санчеспен жұмыс істеуін тоқтатты. Бұған дейсіз?

- Өз басым Головкиннің бапкер ауыстырғаны дұрыс деп ойлаймын. Себебі, Канеломен өткізген алғашқы жекпе-жегінде қос қарсылас тең түсті. Дегенмен, менің ойымша Головкин ұпай саны бойынша мексикалықты ұтты деп ойлаймын. Қарап отырсақ, екінші кездесуінде Головкин дәл сол бұрынғы тактикасымен шықты. Нәтижесінде Канелодан ұтылып қалды.

- Отандық былғары қолғап шеберлерінің біразы Америкаға барып кәсіпқой боксшы болғысы келеді. Жалпы АҚШ-та кәсіпқой боксшы болудың жолдары қандай? Бұл жерге келіп, бапкер тауып, өз орныңды тауып кету қаншалықты қиын?

- Әрине, әр істің оңайы да, қиыны да бар. Мұндай қадамға бару үшін алдымен батылдық қажет деп ойлаймын. Егер әуесқой бокста жолың болмаса, ондай қорықпа кәсіпқой бокста бақ сынап көруге болады. Қазақ боксының көтерілгенін қалаймын. Мексикалықтар мен америкалықтар секілді неге қазақ былғары қолғап шеберлері де кәсіпқой бокста өз орындарын таппасқа? Қиын жағына тоқталсақ, жақсы бапкер, сенімді менеджер табу қиын. Көбі білместікпен келісімшартқа қол қоятындары бар. Артынан алданып қалатындары да кездесіп жатады. Көп боксшылар осындай жағдайларға ұрынып қалады. Сондықтан, өзіміздің елден жақсы промоутерлер шықса деп ойлаймын.

- Біздің елден промоутерлер шығып, қазақ жігіттеріне ақша салуы қаншалықты мүмкін?

- Қазақ боксына жаны ашитын азаматтардың қолынан келеді деп ойлаймын. Қазіргі уақытта Қанат Ислам ағамыз «Қазақ промоушн» жобасын ашып, қазақтың білекті жігіттерін сол клубқа тартып жатыр. Осындай намысты ағаларымыз көбейе берсін деп тілеймін.

- Сіз Америкаға келгелі қасыңызға бес жігіт тарттыңыз.

- Есімдерін айтпай-ақ қояйын, ұлттық құраманың бірінші және екінші нөмірлі боксшылары хабарасып Америкадағы кәсіпқой бокс туралы сұрайды. Бұйырса жақын арада ести жатарсыздар. Олар қазір әуесқой бокстың құлдырап, бокстың бизнес болып бара жатқанын байқап жүр. Ал кәсіпқой бокста атағыңды шығарып, сәйкесінше табыс та табуға болады. Сондықтан көп боксшылар хабарласып, қалай келуге болатынын сұрап жатады. Әрине, мен қаржылай көмектесемін дей алмаймын. Тек жақсы менеджер, жақсы промоутер табуға дайынмын. Бірінші кезде жатын орынмен қамтамасыз ете аламын.

- Бірақ өзіңіз кәсіпқой боксшысыз. Әлі промоутер емессіз. Соған қарамастан елден келген жігіттерге қол ұшын созып жүресіз.

- Бала кезімізден әкемізден, туған-туысқандарымыздан көріп өскен тәрбие шығар. Кезінде өзім де мұхит асып көп нәрсені білмей келгенмін. Сол кезде маған да біраз кісілер көмектескен болатын. Қазір енді кім келсе де қазақ болсын, басқа ұлт өкілі болсын, қолымнан келгенше көмегімді аямаймын.

- Әңгімеңізге рақмет! Алдағы жекпе-жегіңізде жеңіс тілейміз!

- Көп рақмет!

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер