МӘССАҒАН

Өрт шыққан ойын немесе Қуан ағаның аяғы қалай сынды?

Өрт шыққан ойын немесе Қуан ағаның аяғы қалай сынды?
news-banner7
mobile-news-top

Фейсбуктегі бір «френдім» жақсы жазды. Қазақ қоғамы регресте. Өзге ұлттар елден кетіп, қазақ саны көбейген сайын көшпенді кейпімізге оралудамыз. Әңгімеміз жиі той, тамақ, күрес, айтыс, жиын туралы. Жылдан жылға жіктеніп, бір-бірімізге суып, қысырланып барамыз...

Таяуда Талдықорғанда жарыс болды. Футболдан… Сонда бір жаға ұстатарлық жайтқа куә болдық. Ардагер журналист, теннис майталманы Қуандық Шынасыловтың аяғын әріптесі қасақана сындырды, ата жауындай аямады. Жедел түрде Алматыға жеткізілген Қуандық аға ауыр операция жасатып, төсекке таңылды. Дәрігерлердің айтуынша, бір жылға дейін жұмысқа шыға алмайды. Спорт десе ішкен асын жерге қоятын азаматпен тілдесіп, қал-жағдайын сұрап едім, әңгіме сұхбатқа айналды.

- Журналистер жарысына бұрыннан қатысып келесіз, тойған жоқсыз ба?

- Бұрында журналистер жарысы “достық-сыйластық” ұранымен өтетін. Міне, доп теуіп жүргеніме биыл 38 жыл болды. Сондықтан тоймаған шығармын. 2000 жылдардың басында “Алматы” телеарнасында бірінші рет команда құрдық. Санжар Мұстафинге кіріп арнайы форма алып беруін өтіндік. Сөйтіп жарыстарға қатысуға бел буып, талай турнирде жеңімпаз атанғанбыз. Команда тек қана телеарна қызметкерлерінен жасақталған еді.

- Биылдан бастап журналистер жарысы жаңа талапқа сай өтіп жатыр. Соңғы алты айда зейнетақы қорына аударылған қаржы анықтамасын көрсету міндет. Қалай қарайсыз бұған?

- Таяқтың екі ұшы бар. Көптеген телеарналар аутсорсингпен жұмыс істеу жүйесіне өтті. Өзім де жеке кәсіпкер ретінде салық төлеймін. Яғни, өз өнімімді біреуге сатамын. Сондықтан ресми құжаттарда қызметіміз “күмәнді” болып көрінеді. Ондай болмас үшін тәртіп орнату керек. Журналистің контентін, яғни материалдарын бақылау маңызды. Кейде ел таныған жуналистер кіргізілмей, жүлде көздегендер жасыл алаңда жүреді. Бұл - әділетсіздік. Ұйымдастырушылар ереже қағидасына сүйенсе - соңына дейін шарттан алшақтамау керек.

- Жарақатыңыз ауыр. Оқиға қалай болғанын баяндап берсеңіз…

- Жарыс алдында мен Жамбыл облысында тойда жүргенмін. Рауан деген журналист бауырым хабарласып турнирге шақырды. “Сіздің көмегіңіз қатты керек” деп қолқа салды. Бір жағынан “Жетісу” телеарнасының мерейтойы болған соң жоқ дей алмадым. Кеттік. Жарыс жақсы басталды, топқа түскен үш команданың екеуін жеңіп, біреуімен тең ойнадық. Қызықтың көкесі плей-офф алдында босталды. Осыған дейінгі талай турнирде теріс қылығымен көзге түсіп жүрген Тастанбек Жұмахан өзінің әріптесі Алмас Найманбайды ойынға кіргізбеу керек деп байбалам салды. Алмасты бәрі таниды, білдей бір университеттің баспасөз хатшысы. Әлгіні айтақтап, демеу беріп отырған сұмпайы досы Дулат. Екеуінің әдепсіздігі, екі күн бойы дау мен бәле іздеуі жалықтырды бәрін. Менің аналитикадан хабарым бар. Сол екеуінің көксегені ақша екенін түсіндім. Өйткені сайыстарда өлермен қылып алға жетелейтін нәрсе атақ, даңқ немесе ақша. “Бәріңді қырып-жойып, сындырамын” деп шыққан кісіге, ақыры, мен ұрындым.

- Сұмдық-ай, дәрігерлер не деді?

- Дәрігер жіліншіктің тобықтан тізеге дейін қақ айрылғанына таңғалды. Әдейі істелгеніне көзі жетіп таңдай қақты. Рентген винт тәріздес сынықты анықтап берді. Меніңша, осыны істеген журналистің тірлігі - хайуандық, жауыздық. Футбол - ережесіз жекпе-жек емес. Әуесқойлар жарысында қарсыласқа жарақат келтіру ұят нәрсе. Достарға айтуға аузым бармайды...

- Қаламгерлер сайысында осындай оқиға қайталанбау үшін не істеу керек?

- Бұндай көргенсіздік жалғаса береді, комиссия қатал болмаса. Маңайын лаңдатып, негатив тарататын кісілерді жақындатпау керек. Ол үшін республикалық қара тізім бекітуді ұсынамын.

- Айрандай ұйыған бір отбасыны асыраушысынан бір жылға айырып қойған кісіні кешіре аласыз ба?

- Футбол деген - ойын, спортшылар жиі түйісіп жатады. Бәрін түсінемін. Бірақ ересек адам өзінен жасы үлкен кісіге шабуыл жасағаны дұрыс па? Қазақтың екі ұлы бірін-бірі сындыру үшін алаңға шыға ма? Қазір қасиетті Рамазан айы. Құдай төреші бәрімізге, мен кешірмей қайда кетемін. Кейінгі жас буын журналистер, бауырларыма айтарым: Атақ, даңқ, ақшадан аулақ болу керек, мейлінше. Абырой жинап, білімің жетілсе Алла тағала өзі-ақ үйіп-төгіп береді оны…

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер