PROспорт-блог

Легионер ме, миллионер ме?

Легионер ме, миллионер ме?
news-banner7
mobile-news-top

Қазақстан чемпионатында бұрын-соңды аты-жөнін естімеген легионерлер көп. Биыл да сырттан келетін ойыншылардың саны артты. Қазақ футболына дем беруі тиіс шетелдік ойыншылар өз деңгейіне лайық па? Осы орайда Prosports.kz тілшісі Қазақстан чемпионатында ойнайтын легионерлерді тізіп көрді.

Легионерлер дегеніміз – кімдер?

Қазақ даласында дүниеге келген мықты спортшылар жетіп артылғанымен, азаматтарымыздың шеберлігін көрсете алмауынан ба әлде оларды танытатын скауттың жоқтығынан ба, өзге елдің спортшыларының көмегіне жүгінуге мәжбүрміз.

Ойсырап тұрған осы мамандықтың орнын толтыру үшін Қазақстан футбол федерациясы өз мамандарын бірер жылдан бастап шет елдерге жібере бастады. Бірақ әлі де нәтиже жоқ.

Мінеки, елімізге «легионер» ұғымының жоғалғанына да төрт жылдан аса уақыт өтіпті. Себебі федерация 2014 жылы «қазақстандық футболдың түлегі» категориясын ойлап тапқан еді. Алғашқылардың бірі болып алматылық «Қайрат» Қазақстанға қатысы жоқ Михаил Бакаев, Зәуірбек Плиев және Дмитрий Хомич деген азаматтарды ойнатқан болатын.

Алайда аталмыш ойыншылар Қазақстанда өткізген аз уақыттан кейін келген жері - Ресейге кері оралды. Қайтадан РФ азаматы атанды.

Легионерлер жетістігі – уақытша нәтиже

Қазақстанның атынан сынға түскен спортшының ертең өзге елдің намысын қорғайтыны анық. Қазақстанның намысын қорғап, одан кейін еліне тайып тұратын легионерлер де жоқ емес. Солардың бірі - Зәуірбек Плиев. Бұрынғы қазақстандық ойыншы, қазір «Ахмат» сапында ойнайтын ол, тіпті, Ресей құрамасында өнер көрсетуді армандайтынын айтты.

«Әркімнің өз арманы бар. Менің арманым — Ресей құрамасында ойнау. Барлық футболшы ұлттық құрамада ойнауға тырысып бағу керек».

Ресейлік БАҚ бір кездері «Қайрат» Плиевке Қазақстан азаматтығын «алып беретінін» жазған болатын. Бәленбай мың долларды алғаннан кейін «әйт, шүу» деп өз еліне қайтып кетті. Мұндай «бір реттік» легионерлер біздің спорт саламызда жетіп артылады. Мұның қаншалықты қажеті бар? Кез келген спорт түрінен жеңіске жету үшін ойыншының бойында ұлттық рух болуы тиіс. Бір елден екінші елге ауысып жүретін спортшыларда ұлттық рух қайдан болсын?!

«Керек қылмаса, Қазақстанға қайта орал!»

«Тобылға» Беларусь құрамасының ойыншысы Михаил Гордейчук келді. Футболшы Қарағандының Сарань қаласында дүниеге келген. Мансабын «Шахтер» сапында бастағын ол 19 жасында өзге елдің намысын қорғауға аттанды. 10 жыл бойы Беларусь құрамасы сапында өнер көрсетті, жетістіктерге жетті.

БАТЭ-ге керек болмай қалып еді, Гордейчук «Тобылдың» ұсынысын қабыл алды. Алайда өзге елдің құрамасында 10 жыл өнер көрсеткен футболшы біздің елде легионер саналмайды екен! Қызық жағдай.

«Футбол ойнамағыма біраз болды»

«Қайрат» командасының тағы бір легионері болған Бурак Акылдыз өзінің сұқбатында:

- Менеджер қызығушылық танытқан клуб бар екенін айтты. Келістім. Біраз уақыттан бері футбол ойнамай қалған едім. Енді Қазақстанда қалуға қарсы емеспін, - деді.

«Қазақстанға келетін легионерлердің көбіcі аса шеберлігімен көзге түспеген ойыншылар екенін ескеру қажет. Өйткені мықты ойыншыларды шақыруға мол қаражат керек.

Әрине, шет елден деңгейі жоғары футболшы алып келіп, әлемге Қазақстанның атын танытса, оң нәтиже көрсетсе, әңгіме басқа. Әйтпесе, алаңға ақша үшін шығып, 90 минут жүгіріп беретін ойыншылар Қазақстанда да жеткілікті...

Қазақстандық легионерлер: қай командада, қай жерден және қанша?

Кестеден көріп тұрғанымыздай, ҚПЛ-да Балқан елінен келген 28 футболшы бар екен. Оның 80% көрсеткіші - Хорватия мен Сербиядан. Қалғандары - румындар, болгарлар, словениялықтар және босниялықтар. Балқан елдерінде футболшының жалақысы бізден 3,5-4 есе аз екенін ескерсек, бұл жігіттердің Қазақстанда жүрген себебі ақша табу болып саналады.

Кавказ елдерінің футболшылары (8) өз елі жарылқамағасын ҚПЛ-да өнер көрсетіп жүр.

Легионерлер легі қашан таусылады?

Легионерлердің арасында алған ақшаны ақтамайтындары көп. Көбісі «бір жылдық» легионерлер. Қазақстанда үш жыл тұрақты ойнаған легионерлер саны 10-нан аспайды екен. Мысалы, 70 легионер бар десек, оның 30-ы жарамсыз. Кейбірі оқу-жаттығу кезінде өзін жақсы көрсетіп, келісімшартқа қол қойылғасын, тұрақты ақша ала бастаған соң ойнамай қояды.

Я болмаса, ай сайын алатын 50-60 мың доллары қалтасында, басты қатырып не керек деп ойлайтын да шығар...

Бірнеше жыл бұрын легионерлердің ұлттық құ­рама командалардың сапында өнер көр­сетуіне депутаттар ашық қар­сылық білдірген болатын. Сонда депутат Нұртай Сабильянов: «Шеттен легионер тасығанды доғару керек. Оның есесіне, ауыл спортын дамытуды қолға алған жөн. Соларға жұмсалатын қаржыны спорт мектептерінде жүрген қазақ балаларының жағдайын жақсартып, аяқдопқа мейлінше баулуға жұмсау қажет. Ауыл-ауылдағы балаларды әкелгенде ғана нағыз қазақ футболын көре аламыз. Сонда ғана нәтиже болады. Өз ұлдарымыз ойнамайынша, ешкім де біз үшін жанталасып, арамтер болмайды. Ешкім де қазақтың намысын қорғап жарытпайды.

Ұлттық құрама сапында шетелден келген ойыншылар көбейіп барады. Олардың басты мақсаты – ақша алу, өзінің жағдайын жақсарту, халықаралық деңгейде көзге түсіп, басқа командаға тез ауысып кету. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанды жағдай жасайтын жолға айналдыру. Сондықтан да менің ойымша, құрама сапындағы ойыншылардың кем дегенде 70 пайызы қазақ азаматтары болуы керек. Бұл бас бапкерге қойылатын негізгі талап болуы тиіс», – деген болатын.

Депутаттың сөзінде ащы шындық жатыр. Қазақ футболын өрге сүйрейтін тек өз футболшыларымыз ғана екенін ұмытпайық!

Түпнұсқасы: Prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер