АПЛ - ең үздік
Футбол

Төрттікке таластағы төртеу

Төрттікке таластағы төртеу
news-banner7
mobile-news-top

Англиядағы кезекті футбол маусымының аяқталуына бар болғаны төрт тур қалса да, кестенің басында әлі де шиеленіс. «Ливерпуль» мен «Манчестер Ситидің» алғашқы екі орынға жайғасатыны белгілі. Яғни, келер маусымда қос алып Чемпиондар Лигасында Англия намысын міндетті түрде қорғайды. Ал, қалған екі жолдамының қай клубтарға бұйырары түсініксіз. Орын бар болғаны-екеу, үміткер-төртеу.

«Тоттенхэм»

Еурокубокте ағылшын футболының намысын абыроймен қорғап жүрген Почеттино командасы бүгінгі таңда АПЛ-дың үшінші орынына жайғасып тұр. Сенімді деуге келмес, себебі, осы аптаның аяғында алтыншы орынға сырғуы да ғажап емес. Әйткенмен, «Тоттенхэм» төрттіктен түспеуі тиіс. Қалған төрт ойынның үшеуін өз алаңында өткізеді. Қарсыластары да маусымның аяқалуын күтіп жүрген командалар. Яғни, Почеттино жендеттеріне үш ұпайдан жинауға айтарлықтай кедергі келтіре қоймас.

«Арсенал»

Зеңбірекшілер үшінші орынға көтерілсе төменге қарай бүйректері бұрып тұрады. Өткен турда өз алаңында «Кри́стал Пэ́ласке» жеңілді. Жағдай мүшкіл. Қонақта жеңілістен көз ашпайтын Эмеридің жігіттері, төрт турда үш мәрте түзде ойнайды. Топ команда көрсе тістерін қайрап тұратын «Вулверхэмптон» мен «Ле́стер Си́ти» бар. Сондықтан, әлемдегі ең үздік клубтық турнирге жолдама алатын жалғыз төте жол-Еуропа Лигасы. «Севи́лья» қатарынан үш мәрте топ жарған Эмери бұл турнирдің қыр-сырын білмегенде кім біледі?

«Манчестер Юнайтед»

Моуриньодан мезі болып, Сульшерден бақ тапқан «Манчестер Юнайтедтің» тағдыры өз қолдарында. «Тоттенхэм» секілді, сойқандар да қалған төрт ойынның үшеуін өз жерінде өткізеді. Шешуші кездесу 36-турда «Челсиге» қарсы «Олд Траффордта» болатын матч. Сарридің командасын тізе бүктіріп, соңғы екі ойында «Хаддерсфилд» пен «Кристал Пэластан» алты ұпай алып, төртінші орынға жайғасуға болады. Чемпиондар Лигасына жолдама алып берсе Сульшерді Юнайтед жанкүйерлері де, басшылық та көкке көтерері түсінікті.

«Челси»

Ақсүйектердің болашағының жарқын боларына көбі сенбейді. «Челси» айналасында соңғы кездері жанжал көбейіп кетті. Клуб иесі командамен байланыспақ түгілі, ағылшын жеріне кіретін құқығы да жоқ. Жығылғанға жұдырық дегендей, УЕФА да жазасымен жетіп келді. Сарридің футболын өзге түгіл, өзі де түсінбейтін секілді. Немересіне татитын қақпашы Кепаның мінез көрсеткенін көргенде, Азар, Луиздар италян маманын пысқырмайды да. Бапкерлерді жұмыстан қууға шебер футболшылар Сарри үшін шайқасқа түсе қоймас. Еурокубокте «Интер» мен «Бенфиканың» жолына бөгет болған «Айнтрахт» күтіп тұр. Бір сөзбен, алдымыздағы маусымда да «Челси» Еуропа Лигасын қанағат тұтатын секілді.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер