Футзал

Асқар Әбілдаев: Ұлттық құраманың міндеті – әлем чемпионатына шығу

Асқар Әбілдаев: Ұлттық құраманың міндеті – әлем чемпионатына шығу
news-banner7
mobile-news-top

Қазақстан футбол федерациясының Футзал департаментінің директоры Асқар Әбілдаев ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында ел чемпионатын қорытындылап, Қазақстан құрамасының жоспарымен бөлісті.

- Футзалдан Қазақстан Чемпионаты аяқталып қалды. Қорытындылай өтсеңіз... ДЮСШ №7 командасы не себептен турнирді жарты жолда аяқтады?

- Чемпионат аяқталуға жақын. Соңғы екі турдың ойындары қалды. Алматылық «Қайрат» жарыстың аяқталуына төрт тур қалғанда 16 рет Қазақстан чемпионаты атанды. Күміс жүлдені Рудный қаласының «Аят» командасы иеленді. Талдықорғандық «Жетісу» алғаш рет қола жүлдені жеңіп алды. ДЮСШ №7 командасы Шымкент қаласынан Түркістан облысына қоныс аударуына байланысты жарысты әрі қарай жалғастыра алмады. Басқарушы орган ауысып, бюджет қысқарылды.

- Футзалдан Қазақстан Чемпионатына қатысу үшін қандай талаптар бар? Қанша легионер тіркеуге болады?

- Легионерлердің санына шектеу қойылмайды. Алайда, әр төртінші шетелдік ойыншыны тіркеу арқылы клуб 850 000 теңге жарна төлейді. Бір уақытта алаңда төрт легионер ойнай алады. Ойынға тіркелетін легионерлердің санында шектеу жоқ. Келесі жылы алаңдағы легионерлердің санын үшеуге дейін қысқарту жоспарда бар.

- Қазақстанның әр қаласында футзалдан әуесқойлар арасында жарыстар ұйымдастырылады. Қатысушылардың саны өте көп. Осы ойындарға бақылау жүргізіле ме?

- Әрине, Қазақстан аумағында ұйымдастырылатын барлық турнирлерді қадағалап отырамыз. Әуесқой командалар құрамына екі кәсіпқой ойыншыны тіркей алады. Әуесқой командадан кәсіпқой комадаған ойыншылар жиі ауысып жатады. Мәселен, көкшетаулық «Оқжетпес» пен ақтөбелік «Інжудің» қатарында әуесқой футзалдан келгендер бар.

- Қазақстандық футзалдағы инфрақұрылымның жағдай қалай? Ұлттық құраманың ойынын Алматы қаласынан басқа қайда өткізуге болады?

- Турнирлерді елордамызда да өткізуге болады. «Барыс Арена», «Қазақстан», «Алау» және басқа да спорт кешендері бар. Футзалдың алаңын кез келген спорт кешеніне орнатуға болады. Қазіргі таңда Атырау мен Ақтау қалаларында футзалға арналған спорт нысандары бар. Қарағанды қаласында «Жастар» мен «Аманат Арена» салынған. Рудный қаласында да шағын футболға арналған паркет төселген. «Ақтөбе» өз ойындарын «Қоныс» спорт сарайында өткізеді. Инфрақұрылым жағдайы жаман емес.

- Қазақстан құрамасының бас бапкерлігіне таңдау не үшін Какаға түсті?

- Ең алдымен Кака футзалы жақсы дамыған Ресейде керемет карьерасын өткізді. Ол - Ресейдің бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері. Жаттықтырушылық қызметінде ресейлік «Газпром-Югра» командасымен чемпиондық атаққа қол жеткізді. Сонымен қатар, Кака балалар мен жасөспірімдер футзалына көп көңіл бөледі. Алматылық «Қайратты» басқарып, қосалқы құрамын ашуға себепкер болды. Жастар командасының ойыншылары футзалдан Қазақстан жасөспірімдер құрамасын жасақтады. Кака әрдайым балаларға шеберлік сағаттарын ұйымдастырады. Ол Сергей Коридземен бірге жұмыс істейді. Коридзе Еуропаның екі дүркін вице-чемпионы, 2000 жылдардың басында Еуропа Чемпионаттарының ең үздік сұрмергені болды. Кака мен Коридзе жұбы – Еуропадағы ең мықтылардың бірі деп санаймын.

- 2020 жылғы Әлем Чемпионатының іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасының алдында қандай міндеттер қойылды? Дайындық қалай жүргізіледі?

- Ұлттық құраманың міндеті – 2020 жылғы Әлем Чемпионатының элиталық кезеңіне бірінші орынмен шығу. Біздің топта Румыния, Голландия және Албания құрамалары бар. Негізгі іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша екі үздік команда элиталық кезеңге шығады. Шілде айында екі аптағы созылған жиын өтеді. Сонымен қатар, қыркүйек айында Ресейдік Астрахань қаласында өтетін «Каспий Кубогына» қатысамыз. Халықаралық турнирге Әзірбайжан, Иран және Ресей құрамалары да қатысады. Әрі қарай 2019 жылдың қазан айында өтетін 2020 жылғы Әлем Чемпионатының негізгі іріктеу кезеңіне нақты дайындаламыз.

- Қазақстан құрамасының қатарына қабылданатын шетелдік ойыншылардың тақырыбын қозғап өтсек. Әрі қарай жұмыс жалғаса ма?

- Игита мен Дуглас – ұлттық құраманың тұрақты ойыншылары. Олар ұлттық құраманың нәтижелеріне қатты алаңдайды. Әр ойында бар күш-жігерін салып ойнайды. Дуглас ауыр жарақатынан кейін Хорватиямен ойында алаңға қайта оралды. Жарақатынан кейін екінші рет алаңға шыққанын айта кеткен жөн. Сол себепті ұлттық құраманың намысын қорғау Дуглас үшін өте маңызды. Тайнанның жарақаты бар. Ақпан айында Хорватиямен өткен жолдастық кездесулерде жаттықтырушылар құрамы оның денсаулығына көңіл бөліп, ойынға шығармады. Тайнан үшін Қазақстан құрамасында ойнау басым бағыттардың бірі. Ол кез келген уақытта алаңға шығуға дайын. Леоға қатысты сұрақ әлі ашық.

Әрі қарай ұлттық құрамаға шетелден ойыншылар шақырылмайды. Жергілікті түлектерді дайындауға баса назар аударамыз. Олар кәсіби дайындалуға мүмкіндік алып, тәжірибе жинап, халықаралық аренада ел намысын қорғау үшін үміт беру қажет. Кака мен Сергей Коридзе қазақстандық ойыншылардың деңгейін көтеріп, кәсіпқой ойыншыларды дайындап шығара алады деп ойлаймын.

- Футзал жанашырларын алаңдатқан сауал – футзал депатраментінің құрылымына Әміржан Мұқановтың шақырылмауы... Әміржан Абзалұлымен байланыс болды ма?

- Мен өткен жылдың қыркүйегінде футзал департаментінің директоры болып тағайындалдым. Әміржан Мұқановпен бірден байланысып, жұмыс та ұсындым. Алайда, ол бас тартты.

- Қазақстанда Еуропа немесе Әлем Чемпионаты өткізуге мүмкіндік бар ма?

- Өткен жылдың аяғына қарай Қазақстан футбол федерациясы 2022 жылғы Еуропа Чемпионатын қабылдауға ұсыныс тастады. Барлық талаптарды орындау үшін УЕФА-мен әрдайым байланыстамыз. Біздің тізімде екі қала көрсетілді. Нұр-Сұлтан және Алматы. Мамыр айында құжаттарды қабылдаудың екінші кезеңі басталады. Қазақстаннан бөлек, жарысты қабылдауға алты үміткер бар.

Түпнұсқасы: kff.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер