Қашанғы «Снежные барсы» бола бермек?
![Қашанғы «Снежные барсы» бола бермек?](https://prosports.kz/upload/news/content/file_1393910503_513575273.jpg?v=28697603)
Ағаларының ізін ала «Кіші Барыс» та плей-офф бәсекелеріне жолдама алды. «Кіші» деп отырғанымыз – жастар лигасында өнер көрсететін Астананың «Снежные Барсы» ұжымы.
Аты құлаққа түрпідей тиеді. Шіркін-ай, спорт саласын басқарып отырған шенділеріміздің арасынан осы команданың атауын қазақылауға ықпал ететін біреудің табылмағанына қайран қаласың.
Тіпті басқа ат іздемей-ақ, «Қар Барысы» дей салуға да болар еді ғой. Жоқ тағы да қазақы әріптен қашамыз ба? Құрамында қазақ жастары бар, Қазақ елінің астанасына тиесілі ұжымның атауын өзгерту, әділеттілік орнатуды енді спорт саласын басқарып жүрген атқамінерлерге қалдырайық. Олар аспаннан жерге түсіп, «Снежные Барсы» деген ұжымды тілімізге икемдейді деп сенеміз.
Әзірге бұл ұжымды «Қар Барысы» десек, ешкім сотқа бере қоймас. Жастар лигасындағы өрендеріміз алғаш рет плей-офф сынына қатысқалы отыр. Ғалым Мәмбетәлиевтей бауырымыз жаттықтыратын командамыз тұрақты біріншіліктегі соңғы кездесуін өз мұзайдынында өткізген болатын. Астанаға бұл жолы Тольяттидің «Лада» ұжымы ат басын бұрған. Қазақ хоккейшілері алыстан келген қонақтарына қонақжайлылық танытпады. Ойын 10:0 есебімен жастарымыздың пайдасына аяқталды. Кездесу барысында Ярослав Евдокимов үш рет қақпа кілтін тапса, Никита Михайлис пен Артем Лихотников екі мәртеден шайба соқты. Сол сияқты Азат Мәмбетәлиев, Нұрлан Қабиев, Антон Сагадеев сынды жерлестеріміз де «Лада» қақпашысын сан соқтырды.
Соңғы бәсекедегі жеңіс «Барыстың» інісінің ұпай қорын 76-ға жеткізді. Біздің ұжым өз дивизионы бойынша 13-сатыға жайғасты. Айта кетейік, плей-офф ойындарына әр дивизионнан үздік шыққан он алты-он алтыдан 32 ұжым қатысады. «Қар Барысының» ізін ала, турнир кестесінің 14-сатысына Түменнің «Тюменский легион» командасы орналасты. Бұл ұжым 56 кездесуде 74 ұпай жинады.
2011 жылы құрылған жастар командамыз енді плей-офф бәсекесінде «Мамонты Югры» клубымен шеберлік байқасады. 1/16 финалдың алғашқы кездесуі 2 наурызда өтеді. Аталған команда біріншілік барысында тамаша өнер көрсетіп, біздің дивизионда 4-сатыға тұрақтаған болатын.
«Барыс» пен «Мамонт» біріншілік аясында өзара екі рет кездесіп, кезек-кезегімен жеңіске жеткен еді. Демек, турнир кестесінде жоғары тұрғанына қарамастан, аталған ұжымды жеңуге мүмкіндігіміз бар. Жастарымызға сәттілік тілейміз!