Басқа

Ольга Шишигина Олимпиада чемпиондарына сыйақыны бөліп төлеуді ұсынды

news-banner7
mobile-news-top

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ольга Шишигина Олимпиада чемпионы болған спортшылардың сыйақысын бөліп төлеуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кеткен жөн, жақында Мәжіліс депутаттары допинг үшін спортшылардың жауапкершілігін күшейтуге арналған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Оған сәйкес, допинг қолданғандар ақшалай сыйақыны қайтаруға міндеттелді. Бұдан бөлек, спортшылар, бапкерлер мен команда жетекшілерінің ай сайынғы төлемдері тоқтатылады. Тіпті, халықаралық жарыстарда жарақат алғаны үшін берілетін жәрдемақыдан да айыру жоспарланған. Ал сыйға берілген пәтерлерді бастапқыда тек жалға алуға ғана мүмкіндік болады. 10 жылдың ішінде WADA допинг анықтамаса, ол баспананы жекеменшікке аударуға болады.

«Енді, біз пәтер мәселесін реттедік. Баспана алдымен жалға беріледі, артынан жекеменшікке аударуға мүмкіндік бар. Ал ақшалай сыйақы қалай қайтарылады? Негізгі мәселе - осы. Сыйақыны толығымен қайтару қиын ғой. Меніңше, ақшалай сыйақыны бірден бермей, бөліп төлеуге болады. Әйтпесе, қыруар қаржыны беріп, артынан оны қайтаруды талап етсек, спортшыға үлкен салмақ түседі. Оны барлық титулдарын алып қояды, пәтерінен шығарып тастайды. Оның үстіне ақшалай сыйақыны қайтару қажет. Бұл - үлкен материалдық әрі психологиялық ауыртпалық», - деді О.Шишигина ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

«Мәселен, қазір бізде «спорттық зейнетақы» деген төлем бар. Мысалы, мен өзім Олимпиада алтыны үшін ай сайын 24 айлық есептік көрсеткіш (1АЕК - 2 525 тенге) көлемінде спорттық зейнетақы алып тұрамын. Бірақ оны алу үшін 20 жылдық еңбек өтілің де болуы шарт. Менің ойымша, спортшы Олимпиада чемпионы атанды ма, келесі айдан бастап ақшалай сыйақыны бөліп, спорттық зейнетақы сияқты беріп отыруға болады», - деп атап көрсетті О.Шишигина.

Депутаттың сөзіне қарағанда, қазіргі кезде бірінші оқылымнан өткен заң жобасына қосымша ұсыныстар даярланып жатыр. Соның бәрін екінші оқылымда енгізу жоспарланған.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер