Бокс

Головкин: «Канеломен» үшінші рет жұдырықтасуға дайынмын

Головкин: «Канеломен» үшінші рет жұдырықтасуға дайынмын
news-banner7
mobile-news-top

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) DAZN USA YouTube-арнасына көлемді сұқбат берді. Prosports.kz сайты ең қызықты жерлерін назарларыңызға ұсынады.

«Канелоға» қарсы үшінші жекпе-жекті өткізу жайлы

- Әрине, «Канелоға» қарсы жекпе-жек өткізгім келеді. Екінші жекпе-жекте төрешілер оған жеңісті бергеннен соң үшіншісін өткізгім келген. Алайда бірнеше себепке байланысты жұдырықтаспай қалдық. Дәл қазір үшінші жекпе-жек ойда бар.

«Канелоға» қарсы жекпе-жектен кейінгі әсері жайлы

- Екі кездесуден кейін де көңіл-күйім бірдей болды. Себебі, екеуінде де жеңілдім деп ойлаймын. Менің түсінігімдегі бокста Альварестен басым түскенім анық. Дегенмен жекпе-жектер өте қызық өтті және мен өзіме керекті тәжірибе алдым. Оны өз пайдама шеше аламын. Бокста қалдым және осы ұйыммен жұмыс істеуге келістім.

«Канелоға» қарсы жекпе-жектегі төрешілер жайлы

- Қазір төрешілер туралы айту - қиын. Олар жайлы ойламадым да. Бірінші және екінші жекпе-жектен кейін болған оқиға есімде. Ұяттары білсін.

Мансабын аяқтау жайлы

- Соңғы уақытта жылына екі жекпе-жектен өткізіп жүрдік. Егер осыны жалғастыра берсек, алғашқы кезең үшін үш жылда алты жекпе-жек өткізу - дұрыс шешім. Мүмкін, бұдан да көп болар. Дегенмен 40 жасымда өзімнің промоушеніме көп көңіл бөлсем деймін. Бұл жасқа келгенде өзім үшін емес, отбасым үшін жауапкершілік арта түседі.

Физикалық жағдайы туралы

- Бокс өзгеріп келеді. Бір бағытта дамыса, басқасында қалып жатыр. Көрсеткіштерім жеті жыл бұрынғысына қарағанда нашар деп ойламаймын. Өзімді керемет сезінемін. Бұл туралы менің жаттықтырушым айтып бергені дұрыс болар. Соған хабарласыңыз. Келесі аптада жаттығу лагеріне баруды жоспарлап отыр. Тексерістен өтемін.

GGG Promotions промоушені жайлы

- Біз промоушеніміздің болашағына сенеміз. Томның біздің промоушенде қалғанын қалаймын. Оның промоушендегі қызметі жайлы әлі бір шешімге келмедік. Оның тәжірибесі мен қыралығын жоғары бағалаймын. Ол - ақылды адам. Онымен әлі келісетін боламыз.

Салмақ өзгерту жайлы

- Мүмкін емес ешнәрсе жоқ деп айтудан жалықпаймын. Жанкүйерлеріме 168, тіпті, 175 салмақ дәрежесіндегі жекпе-жектер қызық болса, оны өткізуге дайынмын.

Геннадий Головкин 7 наурыз күні таңертең DAZN компаниясымен алты кездесуге келісімшартқа қол қойған. Әр жекпе-жегі үшін қомақты қаржы алады. Ол жылына екі рет жекпе-жек өткізеді деп күтілуде.

Келесі жекпе-жегін 8-ші не 16-шы маусым күні өткізуі қажет. Әзірге қарсыласы белгісіз. Бастапқыда қазақстандық боксшы WBO чемпиондық белбеуінің иегері Деметриус Андрадемен кездесуі мүмкін екені хабарланған еді. Алайда америкалық боксшы 24 маусым күні жекпе-жек өткізетін болды. Ал Геннадий Головкиннің екінші айқасы қыркүйек айында мексикалық Сауль Альвареске қарсы өтуі қажет.

Естеріңізге сала кетейік, Головкиннің соңғы телесеріктесі HBO болды, бірақ келісім-шарт аяқталды, содан кейін каналдың басшылығы бокстан мүлдем кетуге шешім қабылдады.

Түпнұсқасы: Prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер